Алик Шпекбаев: Қорғаныс министрлігінде жемқорлық қылмыстар біршама қысқарған

/uploads/thumbnail/20170708230625904_small.jpg

ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҰҚК қызметкерлеріне қатысты өткен жылы жемқорлық сипаттағы 50 шақты қылмыстық іс қозғалған, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Kazpravda.kz – ке сілтеме жасап.

Бұл туралы қорғаныс министрлігінде жемқорлыққа қарсы іс қимыл жөніндегі Ұлттық бюро бастамасымен өткен селекторлық жиында бюро төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мәлімдеді.

«Өткен жылы Қарулы күштер, ҰҚК Шекара қызметі және ІІМ Ұлттық ұланының лауазымды тұлғаларына қатысты 49 жемқорлық қылмыс тіркелді. Олардың 38-і, яғни 78 пайызы ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстар. 44 тұлғаға қатысты тергеу жүргізілді», - дейді әскерилермен жемқорлықпен күрес жайын сөз еткен А. Шпекбаев.

Жемқорлықпен күрескер шенеуніктің айтуынша, жемқорлық қылмыстар көбінесе мемлекеттік сатып алулар саласында, қорғаныс істері жөніндегі басқармалар (әскери комиссариаттар) мен білім беру мекемелерінде (әскери мектептер, т.б.) жиі орын алатын көрінеді.

Алайда, А. Шпекбаев мырза Қорғаныс министрлігінде алдын алу шараларының нәтиже беріп отырғанын айтқан. 2014 жылмен салыстырғанда былтыр бұл бұл ведомствода жемқорлық қылмыстар саны 21 пайызға (34-тен 27-ге) қысқарған.

«Жалпы ел бойынша жемқорллыққа қарсы әрекеттердің өсу қарқыны байқалады. Мұны азаматтар мен сарапшылар пікірі негізінде жасалатын халықаралық рейтингтер растап отыр», - дейді А. Шпекбаев.

Әскерилерге жемқорлық қылмыстың қыр-сыры туралы түсіндірген А. Шпекбаев бұрын істі болып қолға түскен, кінәсін мойындап, өкінген, түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан әскери қызметшілер туралы бейнероликтер мен деректі фильмдер көрсетті.

Жиын барысында бюро басшысының орынбасары жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро аталған қылмыспен аяусыз күресетінін және жазадан құтылудың мүмкін еместігіне назар аудартты. Жиынға Қорғаныс министрлігінен басқа, әскер түрлері мен тектері Басқолбасшыларының, қолбасшыларының орынбасарлары, өңірлік гарнизондардағы басқа да әскери бөлімдер мен құрама командирлері қатысқан.

Әзірлеген: Дархан Мұқантегі

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар