Қазіргі қазақ тілінің ахуалы мен келешегі, қазақ зиялыларының қоғамдық миссиясы, әдебиет пен өнерді дамыту жолдары жайында Парламент Мәжілісінің халықаралық істер жөніндегі комитет төрағасы, «Нұр Отан» партиясы жанындағы өнер мен мәдениетті дамыту «Мирас» қоғамдық кеңесі төрағасы Мәулен Әшімбаев «Айқын» газетіне айтқан еді.
– Президент өткен айда Қазақстан келешекте «Қазақ елі» деп аталуы мүмкін екендігін мәлімдеген. Сіз бұған қалай қарайсыз?
– Жалпы, бұл ұсынысты қолдаймын және мемлекетіміздің атауы ерте ме, кеш пе, Қазақ елі немесе Қазақ Республикасы болып өзгеруі заңды қадам болады деп есептеймін. Бірақ Елбасымыз алдымен халықтың пікірін білу керектігін, жұрттың оны дұрыс қабылдауы маңызды екендігін нақтылап айтты. Елімізде әртүрлі ұлт өкілдері тұратындықтан, оларға осы қадамның мәнісін түсіндіре білуіміз керек.
– Бұл идея ұлттық мүддеге сәйкес қандай да бір ішкі оң бетбұрыстарға әкеле ме?
– Әрине, мемлекеттің атауы ауысып жатса, елдің ішінде, мәселен, қазақ тілінің қолдану ауқымына, мемлекеттік тілді меңгеруге қатысты мәселелер де көтерілетіні анық.
– Әзірге қоғам қазақ және орыстілді болып бөлініп отырғаны рас. 2020 жылға дейін халықтың 95 пайызы ортақ мемлекеттік тілде сөйлейтініне сенесіз бе?
– Рас, қазақстандықтардың барлығы дерлік қазақ тілін меңгеруі үшін межеленген мерзімге көп уақыт қалған жоқ. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, нақты жоспарларымызды қайта қарап шығуымыз керек. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ең алдымен, қоғамымызда ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жасалып, оған мемлекеттік органдар, әкімдер, қоғамдық ұйымдар, зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдары белсене атсалысуы қажет. Олай болмаса, бұл мәселеде нақты өзгерістер күту қиын. Білім беру жүйесіне де біршама салмақ түседі. Өйткені тілді үйрену мектептен басталады. Ал бұл салада да бірқатар проблемалар бар екені жасырын емес.
– Нақты қандай мәселелер туралы айтып отырсыз?
– Жақында «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Онда, ең алдымен, қазақ тіліндегі оқулықтар мен әдістемелік құралдар сапасының төмендігі сөз болды. Бүгінгі таңда балаларды қызықтырып, баурап алатын, тіліміздің тереңдігі мен көркемдігін көрсететін оқулықтар жеткіліксіз. Бастауыш сыныптағы бүлдіршіндерге ұғынуға жеңіл мәтіндердің орнына ауыр шығармалар үйретіледі. Балаларға жас ерекшеліктеріне сай материалдар ұсынуға болады ғой. Егер ондай шығармалар жоқ болса, оларды мемлекеттік тапсырыс арқылы жаздыру керек.
Бәріміз де ата-анамыз, бала тәрбиелеп отырмыз. Менің анам – Шәрбану Бейсенова – жазушы, журналист. Сол кісінің өзі балаларымның сабақтарына көмектескен кезде кейбір қазақша мәтіндерді түсіне алмай отырады. Балаларын қазақша оқытатын басқа ата-аналардың басында да осындай қиыншылықтар бар шығар.
Бұл – мәселенің тек бергі жағы ғана. Стандарттарға, терминологияға, оқулықтар дайындау жүйесіне қатысты талай мәселе-лер бар. Осылардың бәрін ескеріп, «Мирастың» алдағы отырыстарының бірін қазақ тіліндегі оқулықтар және әдістемелік құралдар тақырыбына арнамақпыз. Мұндай өзекті мәселені сараптап және талдау жасай отырып, нақты жұмыс істейтін кез жетті. Егер сапалы оқулықтар мен әдістемелік оқу құралдарын жасай алсақ, бұл тіліміздің мәртебесін нығайту жолындағы үлкен қадам болар еді.
– Еліміз тәуелсіздік алған 23 жыл аралығында қазақ тілінің тиімді әдістемелік құралдарын жасау мәселесі алғаш қозғалып тұрған жоқ...
– Иә, бұл мәселе біраздан бері көтеріліп келеді. Бірқатар шаруалар да атқарылды. Алайда аяғына дейін жеткізілмей, жарты жолда қалған істер де баршылық. 95 пайыз халықты қазақша сөйлетеміз десек, қазақ тілін мектепте үйретудің сапасын арттыруымыз керек. Бұл – мемлекеттің ғана емес, зиялы қауымның да алдында тұрған жауапкершілік. Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Алихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сияқты қазақтың ұлы қайраткерлерінің оқулық жазуға тікелей қатысқаны баршамызға тарихтан мәлім. Сондықтан қазіргі заман талабына сай келетін, балаларды баурап алатын, түсінуге жеңіл, жастайынан патриоттық сезімді қалыптастыратын жаңа заманның жаңа оқулықтары қажет. Зиялы қауым өкілдері осы жұмысқа белсене атсалысып жатса, олардың тіл мен ел болашағына қосқан қомақты үлесі болары анық.
– Алдыңғы сұхбатта халықаралық келісімшарттарды міндетті түрде қазақ тілінде даярлау туралы талапты заңға енгізуге тікелей өзіңіз атсалысқаныңыз айтылды. Енді қазақ тілінде оқулықтар даярлау мәселесін көтеріп отырсыз. Бәлкім, осы бағыттағы барлық бастамаларды бір құжатқа, мәселен, ұзақ жылдар бойы талқыланып келген «Мемлекеттік тіл туралы» заңға топтастыру керек шығар?
– Заңды қабылдай салу үшін ғана даярламау керек. Ең алдымен, «Бұл заңнан не күтеміз?» деген сұраққа жауап табу қажет. Егер мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты мәлімдеме жасау керек болса, онда бұл мәселе Конституцияда көрсетілген. Оны қайталаудың қандай қажеті бар? Егер мемлекеттік тілдің қолданылу аясын арттыратын тетіктер жөнінде айтсақ, онда бір ғана заң жеткіліксіз.
– Қалайша?
– Мысалы, мемлекеттің атауы өзгерсе, Конституцияға өзгеріс енгізіледі. Ал қазақ тіліндегі оқулықтар мәселесін көтерсек, онда білім беру саласындағы заңдар қаралуы мүмкін. Қазақ тілінің сыртқы саясаттағы рөлін арттыру үшін сол саладағы заңдарға тиісті өзгерістер енгізілуде. Мемлекеттік қызметтегі тіліміздің қолданылу мүмкіндігіне келсек, тағы да осы саладағы заңдарды өзгерту қажет. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесі бір ғана заңмен шешілмейді. Дегенмен мемлекеттің атауына байланысты талқылау болған кезде осындай заңның қажеттігі туралы ойлануға болатын шығар. Егер мұндай заң қабылданбай, алға қарай басу мүмкін болмаса, оны даярлауға да, қабылдауға да барлық мүмкіндіктеріміз бар. Бірақ бұған дейін айтып кеткенімдей, алдымен осы заңнан не күтетінімізді анықтап алғанымыз абзал. Мемлекеттік тіл мәселесін саясатпен ұштастыра берудің орнына нақты, жүйелі жұмыстар атқаруымыз керек.
– Оқулықтар мен әдістемелік құралдардың жағдайынан басқа тағы қандай мәселеге назар аудару қажет деп ойлайсыз?
– Мемлекеттік тілімізді одан әрі дамыту ісіндегі басты міндеттердің бірі – оны бүгінгі заман талаптарына сай модернизациялау. Тіл де тірі организм секілді үнемі жетіліп, қазіргі уақытқа сай бейімделуі тиіс. Жылдам өзгермелі технологиялар заманында тілдің көркемдігінен гөрі функционалдық жағы маңызды. Ал көркем туындыларымыз, әрине, қазақтың өте бай әрі құнарлы тілімен жазылуы керек.
Барлық ұғымдар мен терминдерді қазақ тіліне аудара берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Ана тіліміздің дамуына өзіндік үлесін қосқан бірегей тұлға – Ісләм Жарылғапов балмұздақ, аялдама, басылым, баспагер, ғарышкер, дүниетаным, қойылым, қаламгер сияқты бірқатар терминдердің сәтті баламаларын тауып, олар тілімізге әлдеқашан сіңі-сіп кетті. Ал тіл мамандары ұсынған терминдер баламалары көп жағдайда тым сәтсіз шығатыны соншалық, халық оларды қабылдамай, тілдік қолданысқа енбей жатады. Мұндайда түпнұсқа атаудың өзін пайдалана берсек, тілдік қатынасқа ешбір зиян келмейтін сияқты. Мысалы, түрік ағайындарымыз өз елдерінің нағыз патриоттары бола тұра, ағылшын, француз, орыс және парсы тілдерінен аудармай-ақ біраз сөздерді өз тіліне еркін кіріктіріп жіберген. Әрине, кірме сөздер мен терминдерді жөн-жосықсыз пайдалана берейік деуден аулақпын. Тіл тазалығын сақтағанымыз абзал. Алайда халықаралық құжаттарда пайдаланылатын, әзірше сәтті баламасы табылмаған сөздердің өзін қолдансақ, ешқандай зиян шеге қоймаспыз деп ойлаймын.
Сонымен қоса уақыт талабына сай өзге де тілдерді меңгергеніміз жөн. Қазіргі кезде ағылшын, орыс, қытай тілдерін білу қажеттілікке айналуда. Өз ана тілімізді ғана тал-дап-зерттеумен айналысып отыра берсек, әлем тілдерін үйренуге, жетік меңгеруге ұмтылмасақ – алысқа бармасымыз анық. Жастарымыз әлемдік ілім-білімді жетік меңгеріп қана қоймай, шет тілдерінде жазылған шығармалар мен туындыларды түпнұсқадан оқи алатындай деңгейге жеткенде ғана кез келген бәсекеге қабілетті болары сөзсіз.
– Сіз «Мирас» қоғамдық кеңесі шеңберінде мемлекеттік тіл мәселесіне көңіл бөліне басталғаны жайлы айттыңыз. Өнер мен мәдениетті дамыту үшін тағы қандай бастамалар қарастырасыздар?
– Мәдениет пен руханият салаларына қатысты бірқатар мәселелерді талқылап, Үкімет пен Парламентке нақты ұсыныстармен шығуды жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, Елбасымыздың Жолдауында көтерілген ұзақмерзімді мәдениет саясатының тұжырымдамасы бойынша өз ұсыныстарымызды беруге, оны қоғамдық талқыға салуға даярмыз. Аймақтардағы мәдени ошақтардың, оның ішінде ауылдық жерлердегі театр, клуб, филармония жағдайлары туралы жергілікті мемлекеттік орган өкілдерімен пікір алмаспақ ойымыз да бар. Сонымен бірге қазақ тілінде жарық көретін бұқаралық ақпарат құралдары дамуының бүгінгі үрдістері мен қазіргі таңда олардың алдында тұрған өзекті мәселелерді журналистермен, зиялы қауым өкілдерімен талқылап, ұсыныстар әзірлемекшіміз. Жоспардағы тағы бір мәселе – талантты, шығармашылықпен айналысатын жастарға қолдау көрсету.
– Қазіргідей ғаламдасу кезеңінде қазақтың өнер салалары әлемге онша танылмай, «өз қазанында өзі қайнап жатқан» сияқты әсер қалдырады...
– Бүгінгі таңда адамзаттың болашағына, әлемдік мәдени үдерістерге қатысты қызу пікірталастар жүріп жатыр. Алайда бізде осындай ғаламдық құбылыстарға үн қосатын, гуманитарлық пікірталастарға араласып, өзінің тың идеяларын бере алатын шығармалардың болмауы – алаңдатарлық әрі ойланарлық жайт екені рас.
– Қазақ киносында біршама ізденіс, қозғалыс, шығармашылық эксперименттер байқалады. Ал қазақ өнерінің өзегі – әдебиетке келгенде...
– Таңдай қақтырарлық туындыларды әзірге көре алмай отырғанымыз рас. Қазіргі кезде қазақ әдебиеті аға буынның беделін арқаланып отырғаны да – шындық. Жастардың тұшымды шығармашылығын көре алмай жатамыз. Кейде кейбір жастардан: «Бізге мемлекет ақша беріп тұрса, жатып алып, жазар едік» дегенді естиміз. Дұрыс, кейбір мәселелерде мемлекет көмектесуі керек шығар. Бірақ тек мемлекеттен көмек тосып отырған болмайды ғой. Шынайы талант ешкімнен қолдау күтпейді. Қазір – коммуникация дамыған заман. Жас жазушы немесе ақын туындысын интернетке шығару арқылы да өз оқырмандарын таба алады.
– Сонымен бірге жыл сайын мемлекет есебінен жас ақын-жазушылар жаңа кітаптарын шығарады. Бірақ олардың сапасын кім сараптайды?!
– Арамызда талантты жастар бар. Оларды жоққа шығармайық. Бәлкім, кейбіреулері-нің еңбектері жарық көре алмай жатқан болар. Осыған байланысты айтарым: бүгінгі таңда жастарымыз ауқымды рухани проблемаларды көтеретін, әрі шығармашылықтың тың формаларын қолданатын туындыларды дүниеге әкелуі керек. Басқа мемлекеттер мойындайтындай, әлемдік деңгейдегі айшықты туындылар жарық көріп жатса, бұл автордың ғана емес, жалпы, еліміздің мерейін үстем етері сөзсіз.
– Сіз айтқандай әлемді елең еткізер туындылардың жоқтығы немен байланысты?
– Жастар арасынан мықты туындылар шықпай жатуының негізгі себебі – олардың білім деңгейінде болуы ықтимал. Әлемдік деңгейге шығу үшін жастарымыз шет тілдерін меңгеріп, білімі әлемдік деңгейге сай болуы қажет. Олар қазір басқа елдерде, мысалы, Еуропада, АҚШ-та, Латын Америкасында, Қытайда, Жапонияда, Ресейде жарық көріп жатқан шығармалардан хабардар болуға тиіс. Жастарымыздың басқа елдердің ақын-жазушыларымен үнемі араласуы, яғни үлкен халықаралық шығармашылық жиындарға жиі қатысулары керек. Тағы бір айта кететін мәселе: талантты жастарымыздың еңбектерін ағылшын және басқа тілдерге сапалы түрде аудару мәселесіне көңіл бөлгеніміз жөн. Бірақ ең бастысы – жастарымыз көп ізденіп, өз шығармашылықтарын барынша шыңдай түсуі керек. Алдағы уақытта әдебиет саласында жастарымыздың лайықты туындылары жарық көреді деп сенейік.
– Өзіңіз қазақ тіліндегі шығармаларды оқисыз ба?
– Классикалық әдебиетті жақсы көре-мін. Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов сияқты ұлы ақын-жазушыларымыздың еңбекте-
рін және олардан кейінгі буын өкілдері – Қасым, Жұбан, Мұқағали, Жұмекен, Фариза Оңғарсынова сияқты классиктеріміздің туындыларын қызығып оқимын. Әкем жазып кеткен шығармаларды да терең зерделеп жүрмін. Сонымен бірге атқаратын қыз-метіме байланысты соңғы жылдары әлемдік экономика мен халықаралық саясатқа қатысты кітаптарға көбірек үңілемін. Дүниежүзінде болып жатқан қазіргі үдерістерді талдайтын бұл кітаптар ағылшын тілінде жазылған, оларды орыс тіліне аударып та үлгермей жатыр, ал қазақ тілінде – жоқтың қасы. Егер ағылшын тілін білмесек, әлемде болып жатқан көп үдерістерден шеткерілеп қаларымыз сөзсіз.
– Әлемде электронды ақпараттың 80 пайызы ағылшын тілінде сақталған екен...
– Бүгінгі таңда әлемдік процестердің қарқынды дамып жатқанының куәсі болып отырмыз. Осыған байланысты әлемдік экономика ахуалы, дамуы және ондағы дағдарыстар жөніндегі түрлі теорияларды дәлелдейтін еңбектер баршылық. Олармен дер кезінде танысып, жаһандану заманындағы үрдістерді жете түсініп, соларға үндес әрекет етуіміз керек. Сондықтан қазақ тілінің деңгейін арттырумен қатар білімімізді, дүниетанымызды шектемегеніміз жөн. Ағылшын тілі де, орыс тілі де – дүниеде болып жатқан құбылыстарды ұғынуға мүмкіндік беретін құралдар. Егер оларды пайдаланбай, оқшау өмір сүрсек, кеңес дәуіріндегі «темір шымылдықты» айналамызға өзіміз құрып алғандай боламыз.
– Ең соңғы оқыған кітаптарыңыз қандай?
– Халықаралық саясат мәселелері бойынша америкалық сарапшы, журналист Фарид Закарияның демократияның, АҚШ-тың болашағына қатысты жарық көрген ағылшын тіліндегі соңғы екі кітабын оқып шықтым. Олар біраз ой салатын туындылар. Сондай-ақ америкалық экономист, экономикадан Нобель сыйлығының лауреаты Пол Кругманның жаһандық экономикалық дағдарыстың себептерін сараптайтын еңбегімен таныстым. Жақын арада оқу үшін 2012 жылы әдебиет саласында Нобель сыйлығын иеленген қытай жазушысы Мо Янь кітаптарын да алып қойдым.
Бір өкініштісі, олардың қазақша аудармасы мүлдем жоқ, көп кітаптар орысшаға да сирек аударылады. Жалпы, заманауи үздік әдебиеттерді қазақ жұртшылығына таныстыру үшін Үкіметіміз тарапынан аударма жұмысы да жүйелі түрде жолға қойылуы қажет. Әлемдік туындыларды ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аудару керек. Дамыған отыз мемлекетпен тереземіз тең болсын десек, алдымен сол елдерде шығып жатқан ғылыми, талдау-сараптамалық, әдеби жұмыстардан хабардар болғанымыз абзал.
– Сіз белгілі қазақ қаламгерлері отбасында тәрбиелендіңіз. Сол кездегі әдеби-мәдени орта мен бүгінгі зиялылар арасында айырмашылық бар ма?
– Әкем өте ашық, қонақжай адам болатын. Әдебиетшілер, жазушылар, ақындар, журналистер үйімізде жиі бас қосатын. Олардың әңгімелерін тыңдау – бір ғанибет еді. Ол кезде егемендігімізді алмаған, қазақ тілінің халі мүшкіл, тоталитарлық кеңес заманы болатын. Зиялы қауым өкілдері, оның ішінде менің әкем де, қудалану зардаптарын, әсіресе, 1986 жылдан кейін бастан кешті. Бірақ олар қандай қиындық көрсе де, қоғамды өзгертуге, қоғамда оң үрдістер қалыптастыруға деген құлшыныстарын жоғалтпай, ізденуден жалықпады және үнемі көтеріңкі сезіммен жүретіндей болып көрінуші еді. Ұлтымызға, тілімізге, руханият пен қоғамды дамытуға қатысты идеялары ұдайы сындар-лы әрі жасампаз сипатта болатын. Бүгінгі таңда еліміз – азат, егемендігімізді алдық, мүмкіндіктеріміз мол. Алайда зиялы қауым өкілдері қазіргі заман үрдістеріне толықтай бейімделді деп айту қиын, реніштері де жоқ емес, энергетикасы тасып тұрған сәттер де көп байқала бермейді. Қазіргі уақытта мемлекеттік тұрғыдан атқарылуы тиіс ауқымды мәселелердің бар екені белгілі. Бірақ қоғамымызды қарқынды дамытатын, еліміздің еңсесі мен деңгейін биікке көтеретін құндылықтар әлі де болса толық қалыптаспай отырғанын мойындау керек. Рухани дағдарыс та жоқ емес, кейбір жастарымыз бағыт-бағдардан айырылып қалғандай күйде. Мемлекетіміз бен ұлтымыздың қалыптасуындағы осындай маңызды кезеңінде зиялы қауым асқан белсенділік танытып, шешуші рөл атқарып, қоғамның темірқазығына айналуы тиіс. Олардың істері – баршамызға үлгі, сөздері бағдар болуы керек. Әсіресе, саясаттандыруға, популизмге, қарабайырлыққа ұрынбай, мемлекет пен қоғам келешегіне қатысты мәнді де маңызды әрі құнды әңгімелер айтылатын мезгіл жеткен сияқты.
– Қазақ тарихын қарасаңыз, зиялы қауым, әдебиетшілер, ақын-жазушылар әдеби мақсаттан бөлек өзге де қоғамдық миссияны қоса атқарғаны рас...
– ХІХ-ХХ ғасырларда қазақтың зиялы қауым өкілдері қоғамды алға қарай жетелеуде, елді жаңа мақсаттарға жұмылдыруда, жаңа деңгейге шығаруда шешуші рөл атқарғаны мәлім. Менің ойымша, зиялы қауымның бірнеше негізгі функциялары бар: қоғамның алға басуы үшін моральдық құндылықтарды қалыптастырып, оның рухани дамуына ұйытқы болу; өз шығармаларымен, тұшымды сөздерімен жұртқа, әсіресе, жастарға бағыт-бағдар беру; қоғамда адами және мемлекеттік мәселелерді көтеріп, өзекті сұрақтарға жауап іздеу, сондай-ақ пікірталастар тудыру және ой салу. Осы функцияларды бүгінгі таңда шығармашылық зиялы қауым толық жүзеге асырып отыр деп айта аламыз ба?
Жалпы, қазіргі кезде қоғамымызда қарапайым да қарабайыр ойлау үрдісі қалыпта-сып отырғанын атап өту керек. Мемлекеттің атқаратын рөліне, оның болашағына, тәуелсіздігімізге, ұлтымызға, тілімізге, әлемде болып жатқан ауқымды үдерістерге қатысты мәселелерді бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте ұсақтап, примитивті түрде түсіндіре салу немесе оларға қарабайыр жауаптар іздеу әрекеттері басым. Терең әрі жан-жақты талдаулар мүлдем жоқтың қасы деуге болады, оның орнына майда-шүйде мәселелер жиі көтеріліп жатады. Осының бәрі ұлт ретінде дамуымызды тежеп, аласа деңгейден аса алмай отыруымызға әсер етуде. Сондықтан зиялы қауым бүгінгі таңда мемлекеттілігіміз бен ел алдындағы өз жауапкершілігін жете сезініп, қоғамымызды ілгері қарай бастайтын факторға айналады деп сенемін.