2008 жылдың 12 қазаны нағашы қарындасымыз Гүлзираның ұзатылу тойы болып Талдықорғанның Көксу ауылына бардық.
Ауылдағы қазақы дәстүрмен үйдің іргесінен үлкен шатыр құрылып той дастарханы сонда жайылды. Алдыға шәй, тамақ келіп дәмнен алып отырмыз. Арадағы бірнеше үстелден ары, қарсы қарап отырған тұмақты кісі назарымды бөле берді. Басында керейдің пұшпақ тымағы, ат жақты, кең иықты, кесек сүйекті, бүркіт қабақты, жал тұмсық, қызыл сары өңді. Бір жерден көрген таныс адамым сияқты жылы сезіледі.
Қасымда отырған әйелім Армангүлге сыбырлап: «Мен ана кісіні танитын сияқтымын. Оспан батыр тірі болып, қартайғанда дәл осы кісідей болатын еді. Мен мына кісіден Оспанды көріп отырғандаймын» дедім.
Арада біраз уақыт өткен соң тойдың аралық үзіліс сәтінде үйдің сыртына қарай аяңдаған әлгі кісіге ілесе жақындадым. Сумкамнан фотоаппаратымды алып айрылып қалмайын дегендей жылдамдата қуып жеттім. Топтан оқшаулана олда маған бұрылды.
- Ассалаумағалейкум, амансыз ба?
- Уағалейкумассалам.
Ол қолымды алып тұрып менен таныстық іздегендей бетіме үңіліп, жөнімді білгісі келетін әлпетпен қарады. Мен де ол кісінің қолын жібермеген күйі:
- Мен сізді танитын сияқтымын. Танығанда басқа емес сіз Оспан батырдың қартайған түрі екенсіз. Ол кісі 52 жасында атылмағанда сіздей болып қартаятын еді. Мүмкін осыдан жиырма-отыз жылдың алдында сіздің етіңіздің толық кезінде дәл сол Ошыңдай болған шығарсыз, - дедім бірден.
- Менде сені көрген сияқтымын, - деді ол кісіде қолымды қысқан күйі, - дәл танып, тура айтып тұрсың, балам. Мен сол Оспан батырдың немере інісі Қапасхан боламын, - деді.
Қытайдың Көктоғайынан Оспан батырдың ауылынан Талдықорғанға көшіп келіпті. Қартпен әңгімем жарасып, бірнеше мәрте суретке түсірдім.
Талдықорғаннан Алматыға жеткен бетімде маған үнемі келіп-кетіп жүретін Сапар Қасенұлы деген суретші жігітті іздедім. Сапар Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында сурет мамандығы бойынша оқып жатқан. Өзі қытайдан келгесін бе, шетелдегі қазақ диаспорасындағы көрнекті тұлғалардың тізбекті сурет альбомын жасасам деп талпынып жүрген.
- Сапар, Жәркен ағамыздың «Оспанды қазір атады» деген өлеңінде «шойындай қара кісі еді» деп бейнеленген батырдың бет пішіні шындығында қызыл сары болған. Қазірге дейін бірде бір түрлі-түсті суреті жоқ. Енді міне мен Талдықорғаннан ол кісінің қартайған түрін тауып келдім, - деп, Қапасхан ағамыздың суретін алдына тастадым. Және компьютерден Оспан батырдың бұрынғы суреттерін шығарып бердім.
- Енді сен осы суреттерге қарай отырып, Ошыңның нағыз өз бейнесін жасауың керек.
Сапар қуана келісіп суреттерді көтеріп кетті.
Көп ұзамай суреттің бірнеше нұсқасын сызып әкелді. Мен «тұмағы сәл кішілеу көрініп қалыпты» деген пікір айттым.
Сол сурет қазірге дейін талай жерде жарияланып, ақпараттық айналымда жүр. Студент жігіттің қыл қаламынан тусада Оспан батырдың шынайы бет пішінін көрсеткен ең алғашқы түрлі-түсті сурет ретінде тарихқа қалды.
Дегенменде Сапар екеуіміз суретті қайта сызбақшы болып едік, уақыт озып, уәдемізге жете алмай келеміз. Содан бері де аттай желіп 8 жыл өте шығыпты.
Кейіннен Оспан батырдың немерелерінен Нұрлан Нәбиұлын көргенімде оның өңінің де атасына тартқанын бірден аңғардым. Әрі өзімнің де еш жаңылыспағаныма көзім жетті. Тарихи жазбалардағы Оспан батырдың бет-бейнесіне де дүп келеді екен.
Бұл суреттің салынуы бір қарағанда әдейі қиюластырылған ертегі сияқты. Кейіннен Қапасхан қартты іздемек болып едім, ол кісі содан көп ұзамай бақилық болыпты...
Оспан батыр жайлы салынған бояулы суреттің мәні осылай.
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ
Жазушы, Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі.