Азаматтық қоғам болған соң Конституция түрлі қоғамдық ұйымдар құруға, азаматтық бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қоғамдық институттардың жетілуіне мемлекет дамуының құрамдас бөлігі ретінде Үкімет те қолдап отыр. Ұстанымы оңды, мақсат-мүддесі мәлім ұйымдардың жұмыс істеуіне ешкім қарсы емес. Алайда, заңмен берілген осындай мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Қоғамдық ұйым ретінде топтасқан бірлестіктер ел ішін ала-тайдай бүлдіретін теріс қозғалыстарға айналып кетпей ме? Бұл – ойландыратын мәселе.
Жақында Exclusive сайты Алматыдағы ауған соғысы ардагерлері қамқорлыққа алған осындай бір әскери-патриоттық клубтың жұмысы туралы материал жариялады. Клуб жетекшілері мен тәлімгерлері қанша жерден өздерінің патриоттық тәрбие беруді көздейтін ұйым екенін айтып ақталғанымен, «жас жауынгерлердің» жүріс-тұрысы мен күнделікті өтіп жатқан сабақтары, жаттығулар кезінде қолданатын тәсілдері, тіпті, ұрандарына дейін бұл ұйымның қарапайым патриоттық бірлестіктен гөрі, белгілі бір ережеге сай әрекет ететін әскери бірлестікке жақындығын аңғартып тұр.
«Әскер» аталатын әскери-патриоттық клубты Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымы қамқорлыққа алып, ғимаратына дейін әзірлеп бергенін айтқан «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері ұйымдары үйлестіру кеңесінің» төрағасы Мұрат Абдушкуров клубтан қауіптенуге негіз жоқ деп отыр. Ал, клуб жұмысына күдікпен қарайтындарды ұйым отырған ғимаратқа көз тігу деп түсінетін сияқты.

«Ауғандықтар өздері қолдарына күрек алып, жертөлені тазалап, балаларға клуб ашып берді. Бізде ұсыныс хаттар, рұқсат беретін құжаттар бар. Сондықтан, балалардан бұл ғимаратты ешкім алып қоймауын керек», - дейді ол.

Exclusive сайтының ауғандықтар өткізген жиналысқа қатысқан тілшісі төрағаның ұйым мүшелеріне «әлдебір арандатуларға» дайын болуы туралы тапсырма бергенін жазады. Ауғандықтар қандай арандату туралы айтып отыр? Ондай арандатулар болып жатса, алдын алатын, арандатушыларды жауапқа тартатын тиісті мекемелер бар емес пе? Ауған ардагерлеріне арандатушылықпен күресті патриоттық тәрбиемен шатыстыратындай не көрінді? Әлде, клуб жетекшілері жасөспірімдерді өздерінің идеялық қарсыластарымен күреске пайдалануды көздеп отыр ма?

Олай дейтініміз, клуб мүшелері күн сайын айқайлап айтып жүретін «Спецназу – слава!», «Аскеру – слава!», «Врагам – смерть!», «Кто лучший? – Мы! Кто?! – Никто, кроме нас!», «Наш девиз? Жизнь народу, честь никому. Наша служба? В огонь и в воду, защищать свою страну! Кто такой настоящий аскеровец? Оплот, надежда и резерв «Союза ветеранов Афганистана!» деген ұрандар шынымен де агрессиялық көңіл-күйдің көрінісіндей әсер қалдырады.
Сондай-ақ, сайт тілшісі клубтың Влад есімді нұсқаушысы балаларға граната сынықтарынан қалай аман қалу тәсілдерін үйретіп жатқанын көргенін жазады. Гранатадан қорғану тәсілдерін үйренетіндей «Әскер» клубы қандай қақтығысқа әзірленуде?

Осы секілді ұйымдарға қатысты мұндай сауалдарды көптеп қоюға болады. Ол сұрақтардың барлығына бірдей жауап алу да мүмкін болмас. Бірақ, бір мәселені ескеру керек. Жастар тәрбиесі, оның ішінде, мектеп жасындағы балалармен жұмыс мемлекеттік органдардың айналысатын шаруасы. Қоғамдық ұйымдар тарапынан болған бастамалар да мемлекет бақылауында болуы тиіс. Ел аумағында жұмыс істейтін осындай әскери-патриоттық клубтардың бірі қалмай Бас әскери прокуратура жанындағы әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын үйлестіретін кеңестің тізіміне алынса құба-құп. Ал, жақын болашақта патриоттық ұйымдардың жұмысын үйлестіру ісі толықтай Білім және ғылым министрлігінің немесе Мәдениет және спорт министрлігінің құзырына өтуі тиіс деп санаймыз.
Патриоттық тәрбие беруді мектеп жасындағы балаларға қару қолдануды үйрету, оларды қару-жарақ түрлерімен таныстыру деп түсінбеуіміз қажет. Жасөспірімдер бабалар тарихын, олардың ерлік жолын біліп өссе, ең алдымен рухани тәрбие алса, кеудесінде елге деген махаббат қалыптасса ғана Отанының шын қорғаушысы бола алады. Ал, қару қолдану әдістерін әскерге барғанда немесе арнайы курстардан үйренуі керек.
«Біз тек патриоттық тәрбие берумен айналысамыз. Балаларды отанын сүюге тәрбиелейміз» деген сөздері рас болса, мұндай ұйымдардың артында тұрған мырзалар оқу, жаттығу жұмыстарын ең алдымен қазақ тілінде жүргізіп, балаларға қазақ халқының тарихын, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай бастаған даңқты батырлардың ерліктерін үлгі етіп көрсетулері керек. Бүгінде патриотизмнің басты белгісі мен шынайы көрсеткіші – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі – қазақ тіліне, оның рәміздері мен өткен тарихына деген құрмет болуы тиіс. Орыс тілінде жүргізілетін мұндай секциялар мен ұйымдардың ресейлік клубтардан еш айырмасы жоқ. Онда бұл клубтар қай елдің патриоттарын тәрбиелеп отыр? Осы сұрақтарға тиісті жауап берілмесе, патриоттық клубтардың жұмысы әскери жаттырғулармен шектеле берсе қоғамдағы «Мұндай ұйымдар балаларымыздан содыр дайындап жатқан жоқ па?» деген күдік сейілмек емес.
Жомарт Абдоллаұлы