Жастар неге шетелде өмір сүруге құмартады?

/uploads/thumbnail/20170709000644660_small.jpg

«Елім менің аңсаған,Тас бұғаудан босаған» деген әдемі әнді бүгінде басқа да мағынансында естіп жүрміз. Он сегізге толған жас «тас бұғаудан босап», ата-анасына жырақ, шетелге кетуде. Алайда, қаншалықты «елін аңсай» қоятынына күмәніміз бар.

Мектеп қабырғасынан шыға сала, шетелде білім алғысы келетін жастар да, жоғарғы оқу орнын бітірген соң, магистратура, докторантурасын сыртта оқуға құмар қыз-жігіттер де жетерлік. Шетелге құмарту тек білім іздеумен, оқу-тоқумен ғана байланысты болса жөн ғой. Соңғы кездері оқу ғана емес, жақсы өмір мен шалқыған көңіл үшін шет елдерден жұмыс іздеп кете баратын да қаншама адам бар. Оларды да айыптау орынсыз болар. Елде алған біліміне сай қызмет бұйырмай, ұлдарымыз арба итеріп, қыздардың талайы мейрамханада даяшы болып жүргені жасырын емес.

Статистикалық деректерге сүйенсек, елдегі 29 жасқа дейінгі жастардың 45 пайызы шетелге құмар көрінеді. Оқы десеңіз оқуға, жұмыс десеңіз, жұмысқа да құлшынып тұр. Осы орайда жастарымыздың елден безуіне не себеп деген сауал мазалайды. Олар неге өз елінен лайықты орын таба алмай жүр?

Әлбетте, кез келген адам жақсы өмір сүріп, сапалы білім алып, көп дүние тапқысы-ақ келеді. Қазақстандық әлеуметтанушылардың айтуынша, қазақ жастары Канада мен АҚШ-қа, Германия мен Түркия, Англия мен Францияға көшуге көп құмартады екен.

Шетелде оқуға құмар жастарды елге қайтару туралы осыдан бірнеше жыл бұрын ҚМДБ (Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы) дабыл қаққан болатын. Алайда, одан бері жастардың жаппай кетуі артпаса, кеміген емес. Мүфтияттың дабыл қаққанда да кімдерді меңгезегені белгілі. Діни оқуға кетіп, елге қайтпай қалған жастарды діни басқарма жоқтамағанда кім жоқтайды?! 

Әлеуметтік зерттеу жұмыстарын жүргізушілер шетелге кетуге құмар жастардың басым бөлігі 19-25 жас аралығындағылар екенін айтады. Ал оның негізігі себептері ретінде елдегі жұмыссыздық пен тұрғын үй мәселесін алға тартады. Талапшыл, ізденімпаз жастардың шетелге құмартатын тағы бір себебі – «Болашақ» бағдарламасы.  Жастардың қалауына қарай дөп түскен бұл бағдарлама арқылы кеткен қыз-жігіттердің арасында елге қайтпай, сол өздері оқыған елдердің экономикасына, білім саласына еңбек етіп жүргендері де бар.  Ал оларға мемлекеттен жұмсалған қаржы сұраусыз болғаны ма?

Статистикаға сүйенсек, осы бағдарлама арқылы шетелде білімін жетілдіретін қазақстандықтардың саны 15 мыңға жетіп жығылыпты. Қалғаны қалды. Келгенінің қайсысы қайда, не істеп жүр? Өздері үшін жақсы білім алған шығар. Бірақ бюджеттен қаржы жұмсап, бірнеше жыл оқып келгенде елге не пайда әкеліп жатыр? 15 мыңға жуық адам барса, оның ең құрығанда бес мыңы осы күнге дейін елге еңбек сіңірді ме? Бүгінде танымал тұлғаға айналған 100 «болашақтық» бар ма? Ісімен, білімімен танылып жатқандарын «шөптен ине іздегендей» етіп кезіктіресіз.

«Барған жерде жұмаққа бөленіп, байып кетем» деген ойдан арылу қажет. Көпшілік жастар бізді онда құшақ жая қарсы алып, жалақысы жақсы, мәртебесі жоғары жұмыс береді деген аңғал сенімде болады. Мүлде олай емес. Шетелде де біздегі сияқты өзіңді көрсетіп, қоғамдағы орныңды жеңіп алу үшін күресу әрі дәлелдеу қажет. Ал мұндай күрделі істі өз еліңде істей алмай тұрып, тілі мен діні бөлек шетелде жүзеге асырамын деу құр далбаса» демеп пе ді саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева. Ендеше жастарымызды барынша сақтандырудың артықтығы жоқ екені рас.

Қазақстанның жастар ақпараттық қызметінің дерегінше, біздің жастарымыздың 25 пайызы Ресейге, немесе ТМД едеріне кетуге ұмтылады.  Ал Түркия, Канада, Германия, Қытай елдерінде  тұрақты тұрып қалуға ниетті жастардың үлес салмағы 15 пайызды көрсетеді екен.

Тағы бір ескере кететін жәйт, діни сауаты жоқ жастардың түрлі ағымдардың жетегінде жүріп, шетелге кетуі де ушығып тұрған мәселеге айналғалы қашан.

Жаз айларында «Work and travel» бағдарламасы аясында шет тілдерін үйренуге курсқа қатысуға, жұмыс тауып, көп ақша табуға кететін жастар да аз емес, олардың шетелде қайда, не істеп жүргенін қадағалап отырған ешкім жоқ. Білім және ғылым министрлігі «біз тек «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқандарға ғана бақылау жасай аламыз» дегенімен, сол «болашақтықтардың» да өз проблемалары өздеріне жетіп артылады. Сотталып кететіндердің де, қаза таып жатқандардың да көпшілігі сол «Болашақтықтар» екенін ескеруіміз керек.

Енді осы тұста әке-шеше байқалуы қайда деген сауал туындайды. Балалары сабақтан, жұмыстан тыс уақытта қайда жүр? Достары кім деген сауалдардың жауабын ата-ана өздері де білмейді көбіне. Ең бастысы баласы шетелде жүр. Осы мақтаныш. Дұрыс мақтансын. Шетелге баруға екінің бірінің қолы жетпейді. Не мықты білім, не ата-ананың жақсы ақшасы керек. Ол екінің бірінде болушы меді? Әлбетте мақтаныш сол үшін.

Дегенмен баланы еркелетіп, есіртуге де болмас.

Үкіметтің бағдарламасы, ата-ананың қолдауы қазақ жастарының болашағына пайдасынан бұрын зиянын артығырақ тигізбесіне кім кепіл?! Шетел асуға құмар, бақытын батыстан іздеген көп жастың ойы мен ниетінен түйгеніміз  елден кетуге басты себеп білім алу, өзін рухани жетілдіру емес, көбіне көп пайда табу, қаржылық мәселелерді шешу екен. Осындайда қазақтың «Арқада қыс жайлы болса арқар ауып несі бар?» деген есті сөзі еріксіз ойға оралады екен.

Индира Қуат

 

Қатысты Мақалалар