ЖЕРДІ ЖЕКЕ МЕНШІККЕ САТУ ЛАТИФУНДИСТЕРГЕ ҚАЖЕТ БОЛСА, «ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ» - МӘҢГҮРТ БАСШЫЛАРДЫҢ ТІЛЕГІ

/uploads/thumbnail/20170709032127813_small.JPG

Алматыда «Жас Алаш» республикалық газеті мен Болатхан Тайжан қоры бірлесіп «Қазақтың тілі мен тарихы – ұлттың алтын қазығы» тақырыбында қоғамдық тыңдау өткізді. Үкімет пен Білім және ғылым министрлігі басшылары білек сыбана жүзеге асыруға кіріскен бірқатар реформаларға қатысты қоғамдық тыңдауға келіп сөйлегендердің дені ұйымдастырушылардың «Үштілділік ұшпаққа шығармайды», «Тарихын білмей келешек жоқ» деген ұстанымдарын қолдады.

Әлеуметтік желі арқылы алдын ала хабарланған жиынға елдің Білім және ғылым министрлігінен де арнайы өкілдер келіп қатысты. Бірнеше жыл бұрын қолға алынған «үш тұғырлы тіл» жобасын Білім және ғылым министрлігі Орта білім беру департаментінің басшысы Жаңыл Жонтаева мен инситрліктің «Назарбаев университеті» басқармасының басшысы Күләш Шамшидинова шамалары жеткенше түсіндіріп, бар мүмкіндікті пайдаланып қорғауға тырысты. Ресми тұлғалардан бөлек шараға мектеп, колледж мұғалімдері, қазақ-түрік лицейлері мен Назарбаев мектебінің оқытушыларымен қатар ақындар Мұхтар Шаханов, Мырзан Кенжебай, Жұмаш Кенебай,  академик Асқар Жұмаділдаев, тарихшылар Талас Омарбеков, Берекет Кәрібай, жазушылар Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, әдебиетші ғалым Айгүл Ісмақова, Әміржан Қосанов, Жанұзақ Әкім сынды саясаткерлер мен Айдос Сарым, Расул Жұмалы бастаған саясаттанушылар қатысты.

«ҰЛТТЫ ЖОЮ ЖОСПАРЫ»

Екі жүзден астам адам жиналып, қырыққа тарта адам сөз алған қоғамдық тыңдауға «Жас Алаш» газетінің Бас редакторы Рысбек Сәрсенбай модераторлық жасады. Алғашқылардың бірі болып сөз алған, ақын, ұлт қайраткері Мұхтар Шаханов қазақ халқының егемендікке дейін де, тәуелсіздік алған уақыттан кейін де тіл үшін, ұлттық құндылықтар үшін күресіп келе жатқанын, биліктің ұлтқа қарсы жұмыстармен шұғылданатынын айтты.

«Қазір билік қазақты жоспарлы түрде жоюмен жақсы айналысып отыр. Олар басқа жоспар емес, «Ұлтты жоюдың жоспарын» жасап алған сияқты. Ол жоспармен күресу үшін бізге бірлік керек. Жер мәселесінде де сол жағдай. Біз комиссияға мүше болған Айдос Сарым, Мұхтар Тайжан, Жанұзақ Әкім, Мереке Құлкенов сияқты бірнеше адам жерді сатуды, шетелге жалға беруді қолдайтын 70 шақты адамға қарсы шығып отырмыз. Біз аяғына дейін күресеміз, жерімізді сатуға, балаларымызды мәңгүрттендіруге жол бермейміз. Аяғына дейін барамыз», - деген ақын қоғамды ана тіліміз қорғауда, туған жерімізді қорғау үшін бірігуге шақырды.

«Ұлтты құртудың бірнеше тетігі бар. Соның бір тетігі жерінен айыру болса, екінші тетігі – тіл. «Тілі жоғалған ұлттың өзі жоғалады» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзін білеміз. Үшінші мәселе халықтың жады – тарихы. Тарих ұлттың зердесі. Соны жойса ұлттың түгі қалмайды. Тәуелсіздік алған жиырма бес жыл ішінде неше министр ауысты? Соның барлығы тірі, біразы әлі іс басында жүр. Осы уақыт ішінде кеткен олқылықтарды кімнен сұраймыз? Кім жауап береді? Ешкім жауап бермейді! Мына министр Сағадиев те кетеді ертең. Келесі келген адам бар бәлені сол Сағадиевке жаба салады. Неге бұлай болуда? Министрлер білім саласына өздері келіп, өздері кетіп жатқан жоқ қой. Біреу тағайындап отыр. Сондықтан бұл ұлтты жоюдың жоспарлы көрінісі. Балаларымыз оқыды, немерелеріміз мектепте. Мектептен қол үзген жоқпыз. Көріп, біліп жүрміз. Шетелдік білім жүйесін де білеміз. Қазіргі мектептеріміз сол советтік мектеп деңгейінен асып кетті дей алмаймын. Қайта сол деңгейін сақтай алғанына күманданамын. Бәрі кетті. сол кездегі Ғылым академиясы қайда? бәрі кері кетуде. пәндерді біріктіру деген не? Мен дипломым бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Ол екі бөлек пән. Қазақ тілі – басқа да ғылыми пәндер сияқты ғылыми пән. Әдебиет – қоғамдық ғылым. Оларды қалай қосып оқытамыз? Тарих пәнін оқытпау деген шықты. Алғашында 1991 жылдан бергі тарихты ғана оқытамыз деді. Біраз шулап едік, Қазан төңкерісінен бастап оқытамыз дейді. Бұл не?», - деген жазушы Қабдеш Жұмаділов тек білім, ғылым саласындағы ғана емес, өзге де салалардағы былықтардың аз еместігін айтады. Ол былықтарды жою үшін ешкімнің көңіліне қарамай, шындықты айту қажет деп санайды жазушы.

БИЛІК ӨКІЛДЕРІНІҢ УӘЖІ ҚАНДАЙ?

Жиынды жүргізіп отырған Рысбек Сәрсенбай «Ұлтты жоюдың жоспарын жасап жүрген» билік өкілдеріне сөз ұсындыі.

Жиналған жұртшылыққа білім беру жүйесіне енгелі отырған өзгерістер туралы министрліктің Орта білім беру департаментінің басшысы Жаңыл Жонтаева мағлұмат берді.  

«2016-2019 жылға арналған мемлекеттік білім беру бағдарламасы қабылданғанын, биыл 1 қыркүйек жаңартылған білім беру жүйесінің бағдарламасы енетінін естіп жатырсыздар. Ата-аналармен, қоғам мүшелерімен кездесіп, талқыладық. Бұл бағдарлама 2015-2016 жылы 30 мектепте апробациядан өтті. 3000-нан 40000-ға дейін оқушы қатысты, ауыл, қала мектептері, шағын жинақты мектептер қамтылды. Ұстаздар, ата-аналармен сөйлестік. Ы. Алтынсарин атындағы академия осы дайындыққа талдау жасады. Осы күнге дейін әр өңірде 78 кездесу өткізіппіз.

Биыл бірінші қыркүйекте бірінші сыныптан бастап жаңа бағдарлама бойынша оқыту басталады. Бағдарламаның жаңалықтары сатылай енгізіледі. 2017-2018 2-5 сынып, 2018-2019 жылдары 3,6-10, 11 сыныптарға енеді. Бірінші сыныпта барлық пәндер, барлығы тоғыз пән бар, соның барлығы сол сыныптың оқыту тілінде оқытылады. Мектеп қазақ тілді мектеп болса, бірінші сыныпта барлық пәндер сол қазақ тілінде оқытылады. Ағылшын тілі 2013-2014 оқу жылында бірінші сыныптан бастап оқытылуда. Сол балалар қазір үшінші сыныпта оқып жатыр. Балалары бар кісілер біледі оны. Бастауышта басты пәндер басқа тілде өтеді деген жоспар жоқ. 5-9 сыныпта да барлық пәндер мектептің негізгі оқыту тілінде оқытылады. Қазақ тіліне берілген уақыттың бір сағаты да қысқарған жоқ. Қазақ әдебиеті пәнінің сағаты да өзгермейді. Қазақстан тарихы 5-9 сыныпта 2019 жылдан бастап мектеп тіліне қарамастан қазақ тілінде оқыту ұсынылып отыр. 5-9 сыныптың бағдарламасы әлі бекітілген жоқ, тамыз кеңесінде нақты ұсыныстар енгізіледі. Ал, Дүниежүзі тарихы 7 сыныптан бастап 2019 жылы орыс тілінде оқыту ұсынылып отыр. 10-11 сыныптарда профильдік пәндер енеді . Физика, химия, биология, информатика пәндері 10-11 сыныптарға ағылшын тілінде оқыту ұсынылып отыр. Бұл ұсыныстар қоғамдық комиссияда талдануда. Тамыз кеңесінде ұсыныстар тағы қабылданады», - дейді Жаңыл Жонтаева.

Министрліктің тағы бір өкілі Күләш Шәмшидинова ағылшын тілін оқытудың ең алдымен халыққа бағытталған, қарапайым азаматтарға балаларына тегін ағылшын тілін үйретуге берілген мүмкіндік екенін айтады.

«Осы жүйе бойынша кез-келген ата-ана баласына ағылшын тілін оқытуға мүмкіндік ала алады. Қазіргі уақытта ел ағылшын тілін жеке курстарда оқуға мәжбүр. Ол курстардың бағдарламасы қандай, қандай әдістеме қолданады. Тіл үйретуге қандай мәтіндерді пайдаланып жүр? Олардың мазмұны қандай? Ол үлкен мәселе. Сондықтан балалар шет тілін өзге курстардан емес, мектеп қабырғасынан оқып үйренуі керек», - дейді К. Шәмшидинова.

СИНГАПУРДЕН ҮЙРЕНСЕК, КОРРУПЦИЯМЕН КҮРЕСТІ ҮЙРЕНЕЙІК

Қазір белгілі-бір саладағы өзгеріс, бастамаларға қарата наразы пікір айтылса, ол реформалардың қорғаушылары наразыларды «Өзі ол саланың маманы емес. Сол не біледі дейсіздер? Кезекті дезинформация. Арандатуды көздеген әрекет» деп айыптап шығуы сәнге айналды. «Тіл мәселесі мен білім беру жүйесіндегі реформаға ақын Мұхтар Шахановтың пікір айту құқығы жоқ» дейтіндер де табылуы мүмкін. Ондайлар ақынның айтқанына құлақ аспаса да, академик, аты әлем ғалымдарына танымал математик Асқар Жұмаділдаевтің сөзіне тоқтайды деген үміттеміз. Академиктің айтқанына сенсек, бірнеше пәнді ағылшын тілінде оқыту арқылы балаларымыздан ғұлама жасаймыз дейтіндер оңбай қателесіп жүрген сияқты.

«Тіл деген не? Ол - байланыс құралы. Тілдің бес функциясы бар. Отбасы, бизнес, саясат, экономика, ғылым. Адамның 12 мүшесі болса, сол 12 мүше толық жұмыс істеу керек. Сол сияқты тіл де барлық бес функциясын орындауы керек. Қазақта мықты поэзия, мықты әдебиет бар. Кезінде қазақ тілі сол әдебиетті дамытуға ғана жұмсалып келді. Министр қазақ мектебіндегілердің білімі төмен дейді. Бос сөз. Тестілеуге қатысқан 20000 оқушының 90 пайызы қазақша мектепті бітіргендер, «Болашақ» бағдарламасымен оқуға кетіп жатқандардың да 80 пайызы қазақ мектебінің түлектері. Бүгінде қазақ тілінде оқыту әдістемесі қалыптасты. Бай тілімізді неге толық пайдаланбаймыз? «Тарихты қазақ тілінде оқытатын болдық» деп қуанып жатырмыз. Ол қуанатын жағдай емес. Тарих та, физика, химия, биология бәрі қазақ тілінде оқытылуы керек.

Конституция бойынша орта білім алу міндет. Сол конституцияда  Қазақстанның азаматы өз тілінде ақпарат алуға құқығы бар екендігі айтылған. Ол ақпаратты беруге мемлекет міндетті. Оқу да – ақпарат алу. Қазақша оқытпау қаншама адамның құқығын бұзу деген сөз. Адам құқығы жөніндегі өкіл Асқар Шәкіров те бұл реформаның адам құқығын шектеу екенін айтады. Біз 30 елдің қатарына қосылуды армандаймыз. Оны немен өлшейміз? Барлық параметрлерін қарастырып жүрміз бе? Мысалы, сол 30 елдің ішіндегі Сингапур, Малайзия математиканы ағылшын тілінде оқытуға көшті бір кездері. Оларда бірақ математик жоқ. Қазақта математик бар. Сингапурдан үлгі алсақ, онда коррупциямен қалай күрескенін үйренейік. Ли Куан Ю өзінің туыстарына дейін түрмеге қамады. Америкадан, Англиядан үйренсек сайлау жүйесінен үлгі алайық.  Кеше ғана Ұлыбританияда Еуроодақтан шығу туралы референдум өтті. 52 пайызбен нәтижесі шықты. Бұл деген біз үшін сұмдық жағдай ғой. Кеше 300 студент үш тілділікті қолдап хат жазыпты деп жатыр. Ол хаттың қалай жазылатынын бәріміз білеміз ғой», - деген академик ғылыми пәндердің шет тілінде оқытылуына үзілді-кесілді қарсы екенін айтып отыр.

ДӘУРЕНІ ӨТІП БАРА ЖАТҚАН ОРЫС ТІЛДІ БИЛІКТІҢ ЖАНТАЛАСЫ

Жиында сөйлеген өзге спикерлер де негізінен үкіметтік реформаға қарсылық білдірді. Жазушы Дулат Исабеков, саясаткер Жанұзақ Әкім, журналист Мереке Құлкенов, саясаттанушы Расул Жұмалы білім саласындағы реформалардың болашақ мәселесіне, ұрпақ мәселесіне тікелей қатысы болғандықтан қоғамның барлық мүшелерінің талқысына түсуі керектігін жеткізді. Мәселен Мереке Құлкенов мектеп оқулықтарын әзірлеу, оларды бірінен соң бірін жаңалау, кітап басу сынды шаруаларға күмәнмен қарайтынын, баспалар мен министрлік арасында әлдебір коррупциялық келісімдердің болу мүмкіндігін жоққа шығара алмайтынын айтады. Министрлік өкілдері, өздерін мұғалім, сарапшы деп таныстырған бірді-екілі азамат реформаны жақайтындықтарын айтты. Дүйім елді дүрліктірген осы «үш тұғырлы тіл» реформасының туу себебіне қатысты тоқ өтер сөзді соңғылардың бірі болып сөйлеген саясаттанушы Айдос Сарым қойғандай болды.

«Тіл заңының маңызы біз үшін жер туралы заңнан бір де кем емес. Аймақтарға барамыз, қала мектептерінде де боламыз. Еш жерден үш тілде сабақ өткізе алатын мұғалім көрмедік. Шындықты неге мойындамаймыз? Неге өзімізді алдаймыз? Осы бастамалардан түсінгенім, орыс тілді билік өз дәурені өтіп бара жатқан соң осындай үш тілде оқыту дегенді шығарып отыр. Қазақстанда үш тілде оқыту бұрыннан бар. Сол жүйеден неге балалар үш тілді еркін меңгеріп шықпады? Елде 3000 орыс мектебі бар дейді. Сол 3000 мектеп 25 жылда неге қазақ тілін өз оқушыларына үйрете алмады? Математика, физика, химия сынды ол мектептерде неге қазақ тілін де тиісті деңгейде оқытпадық?

Бұл жиын соңғы жиын емес, осы бағытта әлі талай жұмыс атқарылуы керек. Мен министрлік өкілдері бар, қоғам белсенділері бар сол орыс мектептерін аралап, қазақ тілінде диктант жазғызуды ұсынамын. Көрейік, олардың әдістемесін. Басқа пәндерден де үлгерімін қарайық. Шынымен де қазақ мектептерінен асып түсе ме екен?», - деген Айдос Сарым биліктің жаппай үш тілде оқыту жүйесіне көшуге он екіде бір нұсқасы жоқтығын, Қазақстанда басқаны айтпағанда үш тілде еркін сөйлейтін ректорлардың өзі саусақпен санарлық екенін айтады.

Төрт сағатқа жуық созылған жиында «үш тілділіктің» өзекті деген қырларын айтып, ұсыныстарын ортаға саламыз деушілердің санында шек болмады. Бірінің айтқанын бірі қайталаса да көбіне микрофон берілді, ойлары тыңдалды. Қоғамдық тыңдауды ұйымдастырушылар мұнда айтылғандардың аяқсыз қалмайтынын, нәтиже шығаруға бар күштерін салатынын айтты. Болатхан Тайжан қорының президенті Мұхтар Тайжан Білім және ғылым министрлігінің өкілдеріне «Үш тілде оқыту» жүйесіне наразылық білдіріп, 4000 адам қол қойған хатты табыстады.

«Бізде қандай да бір мәселе оң шешілуі үшін міндетті түрде саяси стресс, митингілер болу керек пе? Неге оған жеткізбей мәселені шешуге тырыспаймыз? Бұл жиын соңғы отырыс деп ойламаймын. Енді біз нақты ұсыныстармен нақты адамдарға шығатын боламыз. Қоғамды мәңгүрттендіруге жол бермейміз», - дейді Мұхтар Тайжан.

Дайындаған: Дархан Мұқантегі

«Қамшы» сілтейді  

Қатысты Мақалалар