Кэйтароу Окада: ЖАПОНИЯДА ҒАЛЫМДАР ЛАБОРАТОРИЯДА ҚОНЫП ЖАТЫП ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

/uploads/thumbnail/20170709033811514_small.jpg

Адам сияқты қозғалатын робот, суда жүзетін автобус, жиналмалы спутник... Бұның барлығы технология жетістігі. Ғылымға деген құштарлықтың нәтижесі. Әлемдік даңқ пен телегей табысқа шет ел ғалымдары қалай жетеді екен? Ғарыштық технология саласында еңбек етіп жүрген жас маман Кэйтароу Окадамен сұхбат осы туралы.

Кэйтароу, өзіңіз білім алған оқу орны жөнінде айтсаңыз?

— Жүз отыз жылдық тарихы бар Васэда университетінің жаратылыстану ғылымдары факультетінің түлегімін. Васэда Жапонияда білім сапасы  тұрғысынан бірінші орында тұрған оқу орны. Бұл университетте кезінде  көрнекті ғалымдар, атақты қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер оқыған. Қазіргі Премьер-министр Нода Йошихико да осы университетте білім алған.  Университеттің шет елмен байланысы да жоғары деңгейде.  Әсіресе Қытай мен Кореядан келген жастар өте көп. Бір өкініштісі, қазақстандық студентті кездестірмеппін. Болашақта Жапония университетінде Орта Азия мемлекеттерінің жастары көбейеді деп сенемін.

Ғылыми жұмысыңыз қай салаға қатысты?

— Менің ғылыми жұмысым Жапонияның ғарышты зерттеу агенттігі аясында жүргізілуде. Жерде ғана емес, ғарышта да еш мұқалмайтын, сынбайтын электронды компоненттерді шығару жұмысымен шұғылданамыз. Ғарышқа ракетамен электронды компоненттерді ұшырғанда Күн сәулесіне шыдамай, бірден жойылып кетеді. Сондықтан Күннің өткір сәулесіне де төзімді компоненттерді жасау қазіргі заманғы ғылым талабы. Біздің лабораторияда жасалған электронды компонент астеродитті бақылайтын ғарыштық аппаратымен бірге орбитаға жеткізілді.

Сіз үшін ғылым дегеніміз не?

— Ғылым туралы сан-алуан көзқарас бар. Ғылым мемлекет дамуының басты кепілі десек болады. Бірақ ғылымды жасау оңай емес. Жапонияда лабораторияларда ғалымдар тәуліктеп жатып жұмыс істейді. Олар жасалған жоспардан нақты нәтиже шықпайынша тынбайды. Мысалы,  1999 жылы «Sony» корпорациясының инженерлері Айбо деген ит робот жасады. Оған тірі мақұлыққа тән сенсорлар жүйесін енгізу жұмысын бітіргенше ғалымдар дәлізде түнеп жүрген. Бұл ғылымға өзін-өзі «құрбандау» десек те болады. Бірақ осы «құрбандаудың» ар жағында үлкен жетістік тұр емес пе? Айбоның 1000 данасы 20 минутта сатылып кетті, әрі технология әлеміндегі ғаламат жаңалық болды. Ғылым үлкен табысқа жетудің (қаржылық тұрғыдан да) жолы дер едім.

Қазба байлыққа тапшы Жапония ғылым биігіне қалай көтерілді?

—  Бұл ғылыми технологияның арқасы. Әлемнің көптеген қалаларында «Toyota» автокөлігі жүйткіп жүр. Мыңдаған саяхатшының қолында «Canon» камерасы бар. Жапон техникасы дүниежүзіне кеңінен тараған. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Технологияны бұдан да жоғары биікке көтеру жолында жапон ғалымдары тер төгуде. Менің қатарымдағы жастар техника әлеміне титтей бөлшек болса да жаңадан енгізуге ұмтылады. Біз жастар аға ұрпақтың қолымен жасалған дүниені тек пайдаланумен шектелсек, бұл мемлекеттің тоқырауына әкелер еді. Жастар енжарлықтан бойын аулақ салып, өзін мемлекет дамуының қозғаушы күші ретінде сезінуі керек. Ал бұл мойынға үлкен жауапкершілікті жүктейді.

Қазіргі жапон ғалымдары үшін қандай мәселе өзекті?

— Меніңше адам өмір сүру үшін үш нәрсе керек: азық, энергия және сүйіспеншілік. Үшіншісін шетке ысырып қояйық. Ал тамақ қашанда маңызды. Қоректену барлық тіршілік иелері үшін қажет нәрсе. Бұл туралы тәптіштеп айтудың қажеті жоқ. Жапон ғалымдары энергияны тиімді пайдалануға қатысты  терең зерттеулер жүргізуде. Қазіргі ғылым, технология қарқындаған заманда энергиясыз тіршілік ету мүмкін емес. Энергияның қажеттілігі күннен күнге артуда. Халықаралық энергетика агенттігі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 2009 жылғы мәліметіне сүйенсек, ядролық энергияны есептемегенде Жапонияның өзін өзі энергиямен қамтамасыз ету көрсеткіші 4 пайыз ғана. Осы орайда біз өзін өзі энергиямен қамтамасыз ету мәселесінен бөлек энергияны сақтау жүйесін жасауымыз керек. Жапон ғалымдары осы жолда ізденістер жасау үстінде.

Жапон технологиясының басты ерекшелігі неде?

— Қолдану тиімділігінде болар. Әрбір техника өнімінің мінсіз және қоғамға пайдалы болуы көзделеді. Жапонияда технологияның қоршаған ортаға зиянды болмау жағы ойластырылады. Экологияға титтей болса да залалы тиетін зат сатуға жіберілмейді.

Технологияға қатысты қандай ақпарат көздерін қолданасыз?

— Кейінгі кезде кітап оқуға уақыт тапшы екені рас. Мен ақпаратты негізінен баспасөз құралдарынан алуға тырысамын. Газет-журналдарды күнделікті оқимын. Интернеттен жұмысыма қажетті деген ақпаратты ғана іздеймін. Меніңше, халыққа ғылыми болсын, қоғамдық болсын, жаңалықтарды жеткізуде баспасөз құралдарының орны бөлек. Технология күн сайын емес, сағат сайын дамып жатыр. Кітап баспадан шығып үлгергенше ел керекті ақпаратты газет-журналдан оқып, ғаламтордан көріп алады емес пе?

Жапон технологиясына зор жаңалық әкелген тұлғалардан кімді атар едіңіз?

— Ғылым мен техниканы дүниежүзілік деңгейге көтерген тұлғалар өте көп. Әлемдік ғылым сондай алыптардың қолымен жасалды ғой. Мысалы, «Sony» корпорациясының негізін қалаған Ибука Масару — жапон электроникасының атасы. Ғалымның Васэда университетінде оқығанын мақтанышпен айтуға болады. Ибука Масару радио транзистор, теледидардың бірнеше түрін, бейнемагнитафонды әлемде тұңғыш өндірген инженер.

Содан соң Мацушита Коуноскэні ел «Panasonic» корпорациясының іргетасын қалаған өнертапқыш, экономист ретінде біледі. Инженердің дүниеден озғанына жиырма жылдан асса да, ол туралы әлі де кітаптар жазылуда. Жапонияда Мацушитаны білмейтін кісі таппайсыз.

Автокөлік әлемінде аты ерекше аталатын тарихи тұлға — Хонда Соуичироу. «Honda» автокөлігін ойлап табу жолында күш-қайратын аямаған. Хонда зауытын салғанда қалтасында көк тиыны болмапты. Ол бүкіл өмірін қоршаған ортаға зияны тимейтін автокөлік құрастыруға арнаған.

Жапонияда көптеген робот түрлерінің жоғары оқу орындарының ғылыми орталықтарында жасалатынын білеміз. Мысалы, хатшы робот пен күзетші робот Токио технологиялық университетінде құрастырылды ғой.

— Жапонияда барлық жоғары оқу орындары жанында ғылыми зерттеу институттары жұмыс істейді. Ғылыми жобаларға университет студенттері қатысады. IT технология саласындағы ғылыми жаңалықтар университет аясында көптеп ашылуда. Бір техника өнімін жасау үшін көптеген ұсақ бөлшектерді құрастыру керек. Бұл жалғыз инженер маманның күшімен бітетін шаруа емес. Кейбір жоғары оқу орындары ғылыми-технологиялық жобаларды корпорациялармен берлесіп жүзеге асырады. Жапонияда бір роботты жасауға корпорация  ұжымы жұмыла кіріседі. Бір инженер роботтың пішінін ойластырса, екіншісі оны сенсорлармен жабдықтап, қимылға келтіру ісіне жауапты. Лабораториядағы ғалымнан бастап корпорация басшыларына дейін белсене атсалысады. Роботты ұжымдық еңбектің жемісі деп айтсақ болады. Әрбір ұсақ бөлшектің сапасы қатаң тексеруден өтеді. Жапон ғалымдарының өнім сапасына деген жауапкершілігі өте зор.

Әңгімелескен Шарафат Жылқыбаева

Қатысты Мақалалар