Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова ауыр науқастан көз жұмды, - деп хабарлайды Qamshy.kz .
Бұл туралы елдің премьер-министрі Кәрім Мәсімов өзінің Туиттердегі парақшасында хабарлады.
«Салидат Зекенқызы Қайырбекованың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына көңіл айтамын», - деп жазады премьер-министр.
Бұған дейін бұрынғы Денсаулық сақтау министрі С. Қайырбекованың Ұлттық нейрохирургия орталығында емделіп жатқаны, денсаулық жағдайының ауыр екені хабарланған болатын. С. Қайырбекованың нақты диагнозы мен қайтыс болуының жай-жапсары әзірге хабарланбады.
Салидат Қайырбекова 2010-2014 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрі, 2014 жылдың 6 қазанынан 2015 жылдың 9 қазанына дейін жаңадан құрылған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде вице-министр болды. 2015 жылы 13 қазанда «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-ға Басқарма төрағасы болып тағайындалды.