ТӨЛЕШЕВ ҚАЗАҚСТАНДА «ДОНБАСС СЦЕНАРИЙІН» ЖҮЗЕГЕ АСЫРМАҚ БОЛҒАН БА?

/uploads/thumbnail/20170709035928602_small.jpg

Жыл басында қамауға алынып, қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған шымкенттік сыра өндіруші Тоқтар Төлешев ісі жаз шыға бере саясилана түсті. Басында есірткі саудасына, ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысы бар делінген Төлешевті арнайы органдар маусым туысымен мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалған, елдің батыс өңіріндегі жер мәселесіне қатысты митингіні тұрақсыздық туғызу үшін арнайы жоспарлады және қаржыландырды деп айыптады. Бүгін де арнайы баспасөз мәслихатын өткізген ҰҚК мен Бас прокуратура өкілдері өздері тағып отырған айыпты дәлелдейтін деректер мен айғақ заттарды журналистер назарына ұсынды.

Прокуратура мен ҰҚК өкілінің айтуынша, Т. Төлешев тұрақсыздық туғызуды көздейтін наразылық шараларына қатысушыларға 200 АҚШ долларынан ақша беруге уәде еткен, Атырауда митинг ұйымдастыру үшін Т. Аянов деген азаматқа 100 мың АҚШ долларын берген көрінеді. Қылмыстық іс саясиланып кетті дегенді осындай мәлімдемелерге қатысты айтып отырмыз.

Сонымен, Тоқтар Төлешев кім? Қарапайым кәсіпкер ме? Қылмыс әлемімен тығыз байланысы бар «авторитет» пе? Белгілі бір саяси ұстанымдар мен мақса-мүддеге ие қайраткер ме? Кәсіпкерлігіне ешкім дау айтпас. Ал, қылмыс әлеміне қатысы барын біраз жұрт айтып жүр. Төлешев тұтқындалды деген кезде оның өмірбаяны, ондағы көпке беймәлім жағдайлар туралы жазған болатынбыз. Ол жазғандарымыздың біразын ҰҚК өкілі бүгінгі мәслихатта растапты.

«Т. Төлешевтің қылмыстық әрекеттерін құзырлы органдар әу бастан-ақ бақылауға ұстаған. ҰҚК өкілінің айтуынша, шымкенттік кәсіпкер өз қызметін есірткі, қару-жарақ саудасынан, рейдерлік және т.б. қылмыстардан түскен қаражатпен жүзеге асырған. Т. Төлешев «Братский круг» трансұлттық қылмыстық қауымдастығының қызметіне белсене араласып, осы ұйым өкілінің жұмысын қаржыландырған. Бұған айыпталушының «Братский круг» қауымдастығының көшбасшыларымен бірге түскен фотосуреттері дәлел бола алады. Тергеуден мәлім болғаны, Т. Төлешевтің кәсіпорындарының күзет қызметінің базасында бақайшағына дейін қаруланған ұйымдасқан қылмыстық топ құрылған. Құрамында 90-нан астам әскери дайындықтан өткен сарбазы болған осы топ Т. Төлешевтің тікелей бұйрығымен адамдарды ұрлау, ұрып-соғу, өлтіру, қарақшылық, біреудің мүлкін қасақана жою сияқты ауыр және аса ауыр қылмыстарды жүзеге асырады» делінген ҰҚК таратқан мәлімдемеде.

Бір қызығы халықаралық қылмыс әлеміндегі ықпалды тұлғалармен байланыс орнатты, қылмыстық топтарды қаржыландырды делінген Т. Төлешевтің Г. Рахимов деген қылмыс әлемінің серкесіне 15 млн доллар қарыз болғаны да айтылуда. Бұдан бөлек екінші деңгейлі бірнеше банке қайтарылуы тиіс 200 млн доллардан астам ақша және бар...

Сонымен, қарызға батып жүріп төңкеріс жасамақ болған Төлешев кім? Кәсіпкер болған соң, ірі көлемдегі ақша айналымына қатысы болған соң жаза баспауы мүмкін. Қылмыстық топтармен есірткі тасымалына араласпады деп те айта алмайсыз. Бірақ, қылмыстық кодекстің 15-бабымен бір-ақ айыптайтындай не бүлдіріп қойды? Бизнесін тартып алу керек болса, мұнша шулатпай-ақ, «есірткі сатты», «қылмыстық топ құрды» деген айыптармен-ақ бір жақты етуге болар еді ғой.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали осы тұста Төлешевтің ресейлік ұйымдармен байланысын назардан тыс қалдырмау керектігін, осы істің қозғалуының басты себебі ретінде де күдіктінің Ресеймен байланысыын айтады.

«Төлешев Қазақстанда сепаратизмге, Ресейдің Қазақстанға басып кіруіне алғы шарттар жасады деп ойлаймын. Ол қазақтан шыққан Стрелков (Украинаның Донецк облысындағы сепаратистер көсемі – ред.). билік ылғи қателесіп жүретін, бірақ, бұл жолы қателеспеді. Сепаратизм мен гибридтік соғыстың алдын алды», - дейді ол.

Саясаттанушы Төлешев ісі ойдан құрастырылмаған, оның шын мәнінде мемлекетке қауіп төндіретін жоспарлары болуы мүмкін дегенге саятын бұл ойын бірнеше дәйекпен дәлелдеуге тырысады.

«Біріншіден, Төлешев орысжанды адам. Ресейдің мемлекеттік Думасында Қазақстанда қазақтар қазақ тілі арқылы орыстарға қысым көрсетеді деп бірнеше рет экспертизалық тұжырым жасаған, өз әрекеттері туралы интевьюлер берген. Екіншіден, ол бірнеше рет Ресейден тәжірибесі бар десантниктер топтарын шақырып «оқу-жаттығу» жүргізген, соңғы ретте Оңтүстік Қазақстан өлкесінде қызының туған күніне сәйкестірген, үшіншіден сол жерде араққа тойған орыстар мен Төлешев ойларын, фантазияларын, ресейшіл көксеулерін пәлендей жасырмаған.  Оны өз көзімен өрген бірнеше қазақ наразылық көрсетіп, кейін тиісті органдарға хабарлаған», - дейді Әзімбай Ғали.

Елдегі құқыққорғау органдарының жұмыс стилі мен сот жүйесінің жағдайын біле тұра Төлешев ісінің нүктесін тергеу қояды, анық төрелігін сот айтады деуден аулақпыз. Алайда, осындай шулы істер төңірегінде өріп жүретін бейресми ақпараттар да бұл жолы жоқтың қасы болып отыр. Ресей тарапы да істің бас кезінде аз-маз ақпараттық шабуыл жасағанымен, кейін Төлешевті ақтап алуға деген талпыныс танытып отырған жоқ. Бір білетініміз, сыра королі ресейлік түрлі этникалық, қоғамдық, тағы басқа ұйымдардың мүшелігінде болған. РФ Мемлекеттік Думасында кеңесшілік қызмет атқарған. Аймақтық интеграция (!) туралы бірнеше мақала мен монография авторы. Сондықтан да өңірлердің интеграциясы (бірігуі, кірігуі деп түсінсеңіз де еркіңіз) туралы кітап жазған адам, ол ойын жүзеге асыруға оқталмайды деп айта алмаймыз.

Айтпақшы: Осыдан біраз бұрын Төлешов Орта Азия елдерінен Ресейге ірі көлемді есірткі жеткізіп, арты шу болған. Бұл іске көз жұма қараған, есірткі тасымалдаушыларды есіртіп жіберген Ресейдің федералды қызметтерінің біраз басшысы жазаланған. Төлешов те сол Ресей басшылығының тапсырысы бойынша қамауға алынған деген де ақпарат тараған еді...

Жомарт Абдоллаұлы

Қатысты Мақалалар