Шілденің ортасы болса да қауын-қарбыз жеуге әлі ерте. СЭС мамандары осылай деп дабыл қағып жатыр, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Айтуларынша, қарбыздардың құрамындағы улы нитраттардың мөлшері тым көп. Ал жол жиегіндегі сатылып жүргендері тіпті қауіпті. Бұл орындардағы тауарлар тазалық талаптарына мүлдем сай келмейді деді.
Қарбызға толған мына дүңгіршек бірнеше жылдан бері осы жерде тұрған. Кәсібінен нәсіп тауып келгендер, бұл жерде рұқсатсыз сауда жасаған. Тексеріс келеді дегенді алдын ала естіді ме, әйтеуір қойжайындары бұл жерде төбе көрсетпеді. Ал пәрмені күштілер тауардың иесін күтпей, құрамы «қауіпті» қарбыздарды тиеп алып, дүңгіршектерді бұзып тастады.
Асығыс қимылдаған арнайы жасақ жол жиегінде жеміс жидекпен көкөніс сатып тұрған бірнеше нүктеге тоқтады. Саудагерлердің сұсын қаштырған құзырлылар ешкімді де аямай бәрін қатаң жазалады.
Алайда ағалары келмеді бұл жігіттің. Тауары түгел тәркіленіп алынды. Әкімшілік пен СЭС мамандары бірігіп жүргізген рейд нәтижесінде жалғыз бұл жігіттің емес, көптеген сатушылар тарапынан бірнеше заң бұзушылықтар анықталды. Сатып тұрған тауарларының сапасына да күмән келтірді мамандар.
МЕРУЕРТ ҚАСЫМОВА, Алматы қаласы ТҚҚД бас маманы:
- Инфекциялық аурулар жұқтырып алуыңыз мүмкін. Гастроэнтроколит, сальманелез, түрлі токсикалық инфекциалар таралады. Саудагерлер тазалықты мүлдем сақтамайды. Жол жиегінде тұрып, бүкіл шаң-тозаң, көліктердің улы газдары осыларға сіңіп кетеді.
Қауын қарбыз өзгеде жеміс жидекті әлі жеу ерте. Өйткені құрамында нитраттардың мөлшері шамадан тыс. Нағыз қарбыздар тек шілденің аяғы мен тамыз айларының басына қарай піседі екен. Болмаса үлкен дүкендерден сатып алған жөн. Ал денсаулыққа зияны болмасын десеңіз, жол жиегіндегі жабайы саудаға мүлдем жолаудың қажеті жоқ дейді мамандар.