Ешкі кеміріп кеткен соң, Тал көреді тәлкегін

/uploads/thumbnail/20170709040317448_small.jpg

Астана күніне орай Елордада өткен "Бағаналы ордам-Басты ордам" атты айтыста Болатбек Оразбаевтың Айбек Қалиевпен айтысында айтқан бір қайырымынан келесі үзіндіні ұсынамыз.

Айналайын Айеке,

Жастарға артсаң сенімді

Жырлаудан несін арланам,

Қазақты жырлап берейін. 

Ағажан құлақ сал маған

Маңғыстау менің маң далам.

Сарыарқам менің сары далам,

Көсіліп жатқан көк теңіз

Қазынасы мол қарт Каспий

Ортаймаған қауғадан. 

Асау толқын ақ Жайық

Асып тасқан арнадан .

Сұлу Көкше сексен көл, 

Ақ ордасын тіктеген.

Абылайдай хан бабам

Ұлытау ұлы мекенім. 

Әні кетпеген төрінен

Дәні кетпеген қамбадан. 

Алтын ордам Астанам

Көк байрағы желбіреп, 

Көгінде қыран самғаған.

Алтын басқан бауырына

Тарбағатай Алтайдың

Табиғатына таңданам. 

Жерінде бар жеті өзен

Жерұйығым жетісу, 

Көркі көзді арбаған. 

Айбары биік алатау

Қараған адам шыңына, 

Қалпағы түспей қалмаған. 

Қайғы көрген Қаратау

Тарихын танып білесің, 

Тасына түскен таңбадан.

Қазығы жұрттың Қазығұрт

Басқадан артық бар бағаң.

Ежелгі қоныс Түркістан,

Екі дүниені жалғаған. 

Астанам болған Ақмешіт,

Атақты Асан қайғының

Атаны шөгіп аунаған. 

Елбасы бір кез шекара

Болмаған деп қазақта. 

Астарлы сөзін арнаған

Түйсікгі төмен кей жандар, 

Түсінбей жатып талдаған.

Арыдан тартып айтайын

Астарын кім бар аңдаған. 

Жұмыр жердің бетінде

Топырақ жоқ қазақтың, 

Табаны тиіп бармаған, 

Еділ боп тұрған шағымда

Еуропаны жаулағам. 

Тұлпары таптап түркінің

Шам даласын шаңдаған. 

Бағдатты билеп қос ғасыр

Басына салдым зар заман. 

Мағолстан боп тұрғанда

Үндістан Пәкістанды да

Билігімде ұстап барлағам. 

Ауғаныстанның жерін де

Уысымда қармағам. 

Қан құстырдым Кавказға

Қамалым бар ма алмаған. 

Бейжінді шапқан бұл қазақ

Бұғалық кімге салмаған. 

Байқадыңдар ғой ағайын,

Бәрі біздікі болған соң. 

Елбасы өзі айтқандай

Шекара бізде болмаған. 

Ұшында тұрған найзамның, 

Ұшы қиырсыз бар ғалам. 

Айтып айтпай немене

Шексіз де шетсіз әлемді,

Қиналмай қазақ шарлаған. 

Осылардың барлығы

Болса да қазір түгелдей,

Қанжығамда қалмаған. 

Теңдігімді алғалы, 

Тұрағым бүтін таңдаған. 

Баянды қылсын әрдайым

Бағымды басқа орнаған. 

Қос мүшелге келген елімді

Қос дүниеде бақытты ет

Бар тілегім сол Алладан.

Астана сені жыр етсем,.

Қадірі биік хан төрім

Ақиық қып сені түлеткен

Алатаудағы қарт елім. 

Ақыңыңды енді тыңдасаң,

Айтатын саған бар сөзім

Жаһанды таңдай қақтырған. 

Жақсылыққа әркез жаршы едің

Ас бересің аста төк.

Алтыншы ай сайын ағылып

Ақының менен сал серің

Шетелден небір әншіні

Ат жіберіп алдырып. 

Атан сойып қалдырып

Тарқатамын деп жан шерін,

Жарылқаған жат жұртты.

Жаны жомарт мәрт едің

Шапан жауып соларға

Сәйгүлігіңді мінгіздің. 

Сауыры жазық салпы ерін

Қанша тойласаң өзің біл, 

Қаржының орынын жабам деп

Халықтың сықпа қан сөлін

Ешкі кеміріп кеткен соң

Тал көреді тәлкегін

Сілтенбесе екен еліме

Сендегі дырау қамшы өрім. 

Жайлы бол жұртқа Ақорда

Жеті жарғысындай Тәукенің

Тізгінін ұстап бұл жұрттың,

Төрде отыр қасқа қыл мықтым

Кіндігіне қада қаққанбыз. 

Азиядай алып құрлықтың

Халыққа сыйлап қуаныш, 

Тарихқа тамыр сүңгіттің.

Алға тартып келесің

Арбасын сүйреп тірліктің.

Аттанар сәтте сөзім сол

Астанасы өзің бол

Ақиқат пен шындықтың

Береке мен бірліктің

Ақыныңның осы тілегі

Еңселі жұрты болғайсың

Екі мыңыншы жылдықтың.

Болатбек Оразбаев

Қатысты Мақалалар