Алматы көшелерінде атыс болды. Зардап шеккендер бар, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Куәгерлердің хабарлауынша, Николь базары, Абай даңғылы мен Байзақов көшесі қиылысында, Абылай хан даңғылы мен Қазыбек би көшесі аумағында атыстар естілген. Белгісіз адам көшеде автоматпен жүгіріп жүріп оқ атқан.
Қазір оқиға орнында тәртіп сақшылары және жедел жәрдем машиналары бар.
«Абай даңғылы мен Байзақов көшесінің қиылысында, яғни ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментінің ғимараты алдында қара киінген белгісіз біреу екі адамды атып құлатқан. Сондай-ақ, Абылай хан мен Төле би көшесінің қиылысында да тәртіп сақшыларымен белгісіз біреулер арасында атыс болған», - дейді куәгерлер.
Жараланғандардың бірі Құрманғазы-Шәріпов көшелерінің қиылысында жатыр. Адамдар осы ауданда атысты естіген. Айналаны полицейлер қоршауға алды. Полиция көлігінде жарақат алған құқық қорғау органдарының қызметкері жатыр. Осыған дейін тағы бір жарақат алған адамды алып кеткен.
(Фото Мақсат Толықбайдың инстаграм парақшасынан алынды)