Алматыда болған атыстан бір тұрғыны мен үш полиция қызметкері қаза тапты, - деп хабарлайды Qamshy.kz ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қылмыскер қала тұрғынының жеке жеңіл автокөлігін иелену үшін оған оқ атып, көлік жүргізушісі алған жарақатынан қаза тапты. Сондай-ақ, алған жарақатынан үш полиция қызметкері ауруханаға жеткізу кезінде көз жұмды»,-делінген ресми хабарламада.
Ресми дерек боынша, Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына өтпек болған қылмыскер посттағы полицияға оқ жаудырып, полиция қызметкерінің қаруын иеленіп қашып кеткен.
Қылмыскердің артынан қуған «Боран» полиция экипажына қарсы да оқ жауып, соның салдарынан екі полиция қызметкері жараланды.
«Қазақконцерт» АҚ орналасқан ауданда полиция қылмыскерді жаралап, оны қолға түсірді.
«Алдын ала болжам бойынша, ұсталған адам Қызылорда облысының 27 жастағы тумасы, бұрын сотталған. Өткен демалыс күндері бір әйелді өлтірді деген күдік бар. Қала бойынша «Сирена» жедел жоспары жүзеге асырылып жатыр. Полиция қызметкерлерінің барлығы қылмыскердің сыбайластарын іздеуде», - деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.