18 шілде күні Алматы қаласында өткен террорлық әрекет туралы әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен жазып жатты. Жапония БАҚ-ы да Орталық Азияның ең дамушы елінде өткен оқиға туралы мәліметтер таратты, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Мәселен, «NHK» 18 шілде, жергілікті уақыт бойынша 22 сағат 09 минутта «Қазақстанның ең үлкен қаласында қарулы қақтығыс өтіп, төрт кісі мерт болды» деген тақырыппен жаңалық таратты. «Орта Азиядағы Қазақстанның ең ірі қаласында 18 күні бұзақылар полиция бөлімшесіне шабуыл жасап, қарулы қақтығыс болып, төрт полицей жараланды» делінген сол уақытта тараған «NHK» ақпаратында. «Қазақстан мұнай мен уран өндірісі арқылы жоғары экономикалық дамуға қол жеткізген, Орталық Азиядағы қауіпсіз ел ретінде белгілі. Бірақ өткен айда Солтүстік Батыстағы Ақтөбе қаласында бұзақылар әскери мекемеге шабуыл жасап, жеті адам қаза тауып, бұл оқиғаның Ислам мемлекеті экстремистік ұйымымен байланысы бар деп көрсетілгені тәрізді қауіпсіздікке қатер төндірген оқиғалар орын алуда» дейді «NHK» жаңалықтары.
«AFPBB News» Қазақстанның ең үлкен қаласы Алматыда 18 күні болған қарулы қақтығыс туралы жаза келе, аталмыш оқиғаны Президент Н.Назарбаевтың «террорлық акт» деп атағанын жазады. «AFPBB News» сондай-ақ, маусым айының бесінші жұлдызында «Ресеймен шекараға жақын Ақтөбе қаласында қару дүкені мен әскери нысанға шабуыл жасау әрекеті жайында ақпарат береді.
Ал «CNN.co.jp» Алматыдағы оқиға жайында хабар тарата отырып, Қазақстанның Орта Азиядағы ең қауіпсіз ел екенін, «экстремистік ұйымның шабуылы республикада бұрын-соңды болмаған еді» дейді.
Шарафат Жылқыбаева,