Баянауыл

/uploads/thumbnail/20170709041724023_small.jpg

Ойдым- ойдым жолдардан орғып өтіп,

Қожыр- қожыр тастардан қарғып өтіп.

Баянауыл жеттік- ау ұзақ жүріп,

Жол кезіксе теп- тегіс қалғып кетіп...

 

Баянауылтауың көркем, тасың қызық,

Суреттей бейне қолмен қойған сызып.

Тобылғы, ырғай, аршамен жусан исі

Еске сап бала кезді көңілім бұзып...

 

Ну орман көмкерілген салаң қандай,

Құлпырған алуан гүлмен далаң қандай!

Ұқсайтын бірі кісі, бірі аңға

Жартасың бейне қолмен қаланғандай.

 

Айнадай жарқыраған Жасыбай көл,

Бойыңда қаның болса тасымай көр.

Арулар аққу құстай суда жүзер,

Дегендей жігіт болсаң жасымай кел..

 

Санаңды сарсаң ойдан сілкілейді,

Найзағай ойнап, күн сәтте күркірейді.

Жауып тұрып лезде ашылады,

Ашық тұрып ақжауын сіркірейді.

 

Жер екен бір өзгеше жаратылған,

Бүлдірген, қарақаты оратылған.

Алаштың алыптары көп шығыпты:

Ақын, әнші, ғалымы дара туған.

 

Еске түсті- ау балдәурен, салқын Сауыр,

Тебіскен құлын- тайдай аға- бауыр.

Әніне Жаяу Мұса арқау болған

Қош- есен бол көргенше Баянауыл!!!

 

       Нұрбақыт Байрахметұлы

Қатысты Мақалалар