Алматы нөсері бейкүнә жандардың қаны мен жасына жылап тұрғандай

/uploads/thumbnail/20170709041718913_small.jpg

Осы бір тыныш та, әдемі қалада өмір сүріп жатқаныма 20 жылдың жүзі де болып қалыпты. Табиғат апаттары мен қылмыстық әрекеттердің тіпті, кейде басбұзарлармен арада атыстың да болғаны  есімде. Бірақ олардың бәрі дәл бүгінгідей үрейлі сезілмеген еді. Несіне үрейлендім? Оның себебі қан төгістің әлемнің әр түкпірінде жиілеп кеткенінен болар. Шетелді айтпаған күннің өзінде кеше ғана Ақтөбеде осындай қан төгіс болмап па еді... Енді міне бүгін біздің қалада болып жатыр.  Атылған оқ, жарылған бомба, өлген, жараланған бейбіт адамдар, зар илеген ет жақын туыстарының бейнесі... Осының бәрі біртіндеп, санаға сіңіп, жүректі уайымға, көңілді алаңға бейім етіп қоятын көрінеді. Соларды ақпарат көздері арқылы естіп, көріп отырған бізге, мылтық дауысы іргеден естілгенде, санаңда сарғайып жатқан сары уайым сайтандай сап етіп, жадыңда жарқ ете елес беріп, бойыңды үрейге алдыра бастайды екен. Лаң салушылардың да түпкі мақсаты осы, ел ішінде үрей мен алауыздық тудырып, халықтың үкіметке деген сенімін жоғалтып, ел іргесін шайқалту.  

Алматыда бүгін таң әдеттегідей күлімдеп атты. Жәйбір рахат тіршілік өз арнасымен ағып жатқан еді. Балалар анасымен бірге көңіл көтеріп қайтуға аквапаркке кеткен, өзім қолыма кітап алып отыра бергенім сол еді, қол телефоным безілдеп қоя берді. Хабарласып тұрған қала сыртында тұратын қарындасым екен, ол бірден:

-Аға, үйдесіздер ме? Далаға шықпаңыздар атыс болып жатыр, - деді жітірмелете. Оның дауысынан қатты абыржып тұрғанын аңғардым.

-Саған кім айтты, - дедім мен де тағатсыздана. Ол:

-Қайын ағам такси жүргізетін, сол қаланың орталық жағында жүр екен, сол кісі айтты, - деді. Одан артық тыңдауға  шамам келмеді. Бірден әйеліме қоңырау шалдым. Әлгіндегі тыныштық, мамыржай көңіл күй сүттей іріді. Бала – шағам бір сағат бұрын ғана үйден шығып еді. Соның алдында отандық телеарналар бәрі тым-тырыс болғандықтан сайттарды ақтарып, жаңалықтарға көз жүгіртіп шыққан едім. Көбі Түркия мен Франциядағы жағдайларға байланысты  ақпараттар екен. Құдайға шүкір елімізде тыныштық болса екен деген оймен қолыма кітабымды алғаным осы еді. Енді міне сол тыныштық тапқан көңілім аласұрып қоя берді. Ондайда телефонда тез қосыла қоймайды ғой, зорға дегенде ар жақтан әйелімнің алаңсыз дауысы естілді. Мен жағдайды қысқа ғана айтып, тез үйге оралуларын айттым.  Сөйлей жүріп дайын тұрған компьютерді де, теледидарды да қосып үлгердім. Теледидар сол қалпы меңіреу, түк жоқ. Ал сайттар сайрап тұр екен. Осындайда халықтың ақпараттық сақшысындай сақ құлақ сайттарға алғыс айтпай тұра алмайсың. Бұл бір емес, бірнеше мәрте болған үйреншікті жағдай. Жер сілкінісі болғанда да, су тасқыны ойран салғанда да  құзырлы орындар ауыз ашпай жатқанда осы электронды БАҚ-тан байыз тапқанымыз есімде. Ондағы ақпараттар менің алып-қашпа дүние болса екен деген үмітімді үзіп,  күдігімді растады. Оны көріп тіптен мазам кете бастады. Ал дүниеден хабарсыз әйелім:

-Енді ғана келіп, кіріп едік, адамдар да, балалар да көп, бәрі көңілді. Бізде қала берейікші. Оның үстіне ақшасын төлеп қойып едік, - деді өтінішті үнмен. Балаларымызды осы бір әйгілі демалыс және көңіл көтеру орталығына   біраздан бері жоспарлап, арнайы әкеліп отырған бетіміз осы болатын. Оның үстіне әйелім айтқандай бағасы да арзан емес. Мен оған жағдайдың ауыр екенін, амандық болса, тағы да келетіндігін, ал әзірше үйге тез қайтуын бұйырдым. Мен балаларымның тасыған көңілін су сепкендей еткеніме іштей қатты өкініпте тұрдым. Алайда, олардың амандағы мен саулығы мен үшін баға жетпес байлық және бақыт. Ал ойын мен ақша бас аман болса, өз орнына келетін дүниелер ғой.

Мен олар келгенше байыз таппай, көшеге беттедім. Былайғы жұрт алаңсыз жүргендей көрінді көзіме. Көше қиылысына шыға бергенім сол еді, екі бірдей сақшы автокөлігі қарсы алдымнан шыға келіп тоқтай қалмасы бар ма? Үйден шығарда төл құжатымды төс қалтама салып алған едім, қолымды соған соза бердім. Бірақ олар мені емес тоқтап тұрған көлікке жақын келді де екі бірдей жас жігітті алып шығып, құжаттарын тексерді, содан әлде бір сенімсіздік тапты ма, көліктерін тексеріп, содан екеуін де өздерімен бірге алып кетті. Осы сәт қасымнан өте берген әйел мен оның қасындағы жас қызға орталық жаққа бармаңыздар, ол жақта атыс болып жатыр –дедім. Олар таңдана маған қарап:

-  Сіз не айтып тұрсыз, ондай ақпар естімедік қой, - деді. Олардың көздері бақырайып бір сәт үнсіз қалды да, әлде не естеріне түскендей қол телефондарын алып әлде кімдерге хабарласып жатты. Біздің әңгімемізге жолай өтіп бара жатқандар да қосыла кетті. Олардың көбі болып жатқан істен хабарсыз екен. Бұл шамамен түскі сағат бір жарым кезі болатын. Кенет сол жерде тұрған бір жігіт:

- Олар өте көп екен, Жұлдыз ықшам ауданы жақтан өрлеп, жолындағыларды атып келеді дейді, – деді. Мен оған және қасымдағы адамдарға естірте:

- Жоқ, ол өтірік дақпырт, мен жаңа ғана оқыдым, олар бар-жоғы бір-екі адам екен, біреуі ұсталыпты-дедім.

-Өзі не болып кетті-деді бір қартаң әйел. Тыныштық кетті ғой-деді тағы біреу.  Сақтық сақтаудың қызыл деңгейі белгіленіпті деді басқа біреу. Біреу естігінін, біреу SMS пен WhatsApp-тан оқығандарын айтып жатты. Бәрінің көңілдірі алаң, көздерінде үрей ұялаған. Кенет жеңімнен біреу тартты қарасам, бір орыс әжей. Мен еңкейіп құлағымды тоса бердім:

- Ұлым, олар Түркиядағы сияқты үкіметті аудармақшы дейді ғой,  сол рас па? Не үшін үкіметті аудармақшы, бізде жағдай жақсы, тыныш өмір сүріп жатырмыз ғой!? - деді сұраулы жүзбен.   Ол кісіге де бұл бір-екі адамның қанқұйлы ісі екенін, үкіметті аударып тастайтындай аса ауқымды төңкеріс емес екенін айттым.

Аздан соң қолына зорға түскен бар байлықтан қапыда көз жазып қалған саудагерлердей сүлкіндері түсіп бала-шағам да жетті-ау әйтеу. Маған бұрылып назар салмайды өздері. Өкпелі екендіктері түсінікті. Сондай думан-тойдан бір жұтым су ішпей, рахаттана тұнығына бір  сүңгімей бойына барып тұрып, көріп қана қайту бала емес үлкендерді де өкпелететін жағдай. Мен оларға жағдайды өз көздерімен көрсетейін деп теледидарды қосып едім, сол соқыр-мылқау күйде екен. Сайттардағы ақпараттарды көрсетіп, болған жағдайды аспай-саспай түсіндіріп шықтым. Сонда ғана олардың тыртысқан қабақтары жазылғандай болды.

Ақпараттың құдіретін осындайда сезінесің. Ал мына отандық телеарналардың осындай шешуші сәтте үнсіз жатып алғанын неге жоримыз? Басшылар қайда? Құзырлы орындардың өкілдері қайда? Неге осындай кезде WhatsApp арқылы болса да, еліне, халқына үндеу жолдап жағдай туралы нақты ақпарат беріп, азаматтарының жүрегіне тыныштық ұялатпайды? Техникалық үзілісті сылтауратпай отандық басты арналар неге эфирге шықпайды? Әлде жоғары жақтан ауыздарына сөз салуды күтеме?  Ал оған дейін ел ішін алатайдай бүлдіріп, түрлі ақпар желдей есіп, сананы улап, көңілді алаңдатып үлгірмей ме? «Жасырын жерге жамандық үйір», «ауыруыңды жасырсаң, өлімің әшкере болады» деген сөздер осындайға арнап айтылғандай.

Аздан соң интернет те үзіліп қалды. Керек жарақ алайын деп көшедегі дүкендерге беттеп едім, бір-екеуі жабық, біразы ашық екен. Бірақ, күндегідей емес, сатушылардың жүздері сынық, әр кірген адамға үреймен қарағандай. Көше бойында адам қарасы да аз. Кеш үйіріле аспанды қара сұр бұлт торлап, желдетіп, бұршақ аралас нөсер төгілді. Екпіндетіп келген бұршақ нөсері әлде бір ашу мен наланың, өкініш пен қайғының өксігіндей төгіліп-төгіліп кетті.  Терезе алдында тұрған маған әйнектер, әйнектің ар жағындағы аспан мен жер, тіпті, тұтас дүние жазықсыз төгілген бейкүнә жандардың қаны мен жасына араласып жылап тұрғандай сезілді. Жәй емес, бір түрлі мұңлы үрейдің құшағында  талықсып, егіліп  тұрғандай сезіле берді ... .

Қастер Сарқытқан

Қатысты Мақалалар