Мен Шымкентті көрген емеспін. Туыстарым да Оңтүстік өңірге қатыссыз. Бірақ Оңтүстіктің қазақтарына деген құрметім ерекше. Неге дейсіз ғой?
Кейде жақсы адамның бәрі Оңтүстікке шоғырланған ба деп ойлаймын. Бұл басқа өңірдің қазақтарын бөліп, алалау деп түсінбеңіздер. Әшейін шымкенттіктерге деген ризашылығымды білдірейін деп жазып отырмын. Қандай ортада болсын, Шымкенттің қазақтары кішіпейілдігімен, бауырмалдығымен ерекшеленіп тұрады. Өзім қызмет істеген мекемелердің барлығында осы өңірдің тумалары шетінен ізетті, ілтипатты екенін байқадым.
Қарапайым мысалы ретінде мына бір оқиғаны айтайын: Қоғаммен байланыс жасайтын бір мекемеде қызмет істеп жүр едім. Түске таман барлығы асханаға кеткен. Офисте мен ғана қалдым. Абылай есімді жігіт «Кетпей отыра тұрыңыз. Мен қазір келемін» деді де, он минуттан соң оралды. Қолында бір-екі самса, бір бөтелке айраны бар. Өзі пәтерде тұрады екен, университетті бітіріп, жұмысқа жаңадан орналасқан. «Әпше, самсаның орауын ашыңызшы, жейік» деп, әкелгендерін менің алдыма қойды. Оның үлкенді сыйлаған көргенділігіне риза болып, «Рахмет, өзің жей ғой. Мен жұмысымды тезірек бітіруім керек еді» деп, тамақты өзіне бердім. Бәрі асханаға кеткенде Абылай да азғантай ақшасына алған тамағын өзі жеп алса болар еді ғой. Жоқ, офисте қалған адамды ойлап, «Бөлісіп жеу» принципімен сыйластық танытып жатыр. Неткен адамгершілік! Ол Оңтүстіктің баласы еді. Шымкенттің қай ауылынан екенін білмеймін. Ол аймақтың ауылдарын аттары ғана болмаса, барып көрмеген соң жері туралы жақсы білемін деп айта алмаймын.
Бір жазушы досым айтады: «Шымкенттің кәсіпкерлері өзінің ауылынан шыққан дарындыларға көп демеушілік жасайтынын көріп жүрмін. Бірақ «Мен бәленшеге осындай көмек еттім» деп, мақтанбайды. Жақсылықты жасырын істейді. Мен жұмыс сұрап елге танымал бір ауылдас ағамызға барып едім, әбден әуре-сарсаңға түсірді. Ал тағы бір ауылдас көкеміздің жеке басыма жасаған кедергілерін айтсам, сенбейсіздер. Сөйтіп, түңілген сәттерде шымкенттіктерге қызығамын. Тіпті, «Бастығымыз Шымкенттен болса ғой, шіркін!» деп ойлаймын» деп ойын айтып еді. Әрине, барлығын бір жақты бағалауға болмайды. Қазақтың әр ауылында жақсы азаматтар жетерлік. Бірақ неге осы Оңтүстіктің адамдары ерекше ілтипатты?
Бір құрбым жас кезінен әкесіз өскен, ауру анасы ғана бар еді. Қиын-қыстау кезде туыстары қарайласпақ түгілі үйін тартып алмақ болған. Анасының бір ауылдас әпкесі құрбымның мектепте оқитынын пайдаланып, күң қылып үйіне кіргізіп алуға да ниеттеніпті. Құрбым өзінің өжеттігімен, тік мінезімен аман қалды деуге болады. Құрбымның үйіне мен танымайтын ерлі-зайыптылар жиі келуші еді. Ол кісілер, кейін білдім, шымкенттік екен. Сол кісілердің құрбымның аяғынан тұруына жасаған көмегін айтып тауысу мүмкін емес. Үйінің пәтерақысын да төлеп берген кездері болыпты. Бұл кісілер туысы да, жекжаты да емес, құрбымның анасымен әріптес қана екен. Анасы қызмет істеп жүргенде үйінен шықпайтын туыстары ол кісі ауырғанда қатынасты үзсе, шымкенттік ерлі-зайыптылар жан-жақты көмегін аямаған. Тіпті өз балаларын демалдырғанда менің құрбымды да ала кететін. Ол кісілер материалдық қана емес, рухани да демеу бергенін құрбым әлі күнге айтып отырады.
Тағы бір байқайтыным, қандай мекемеге кірсеңіз де басшы креслосында отырған 50-60 жасар ағайлардың «Қай жақтансың? Руың қайсы?» деп сұрап алады да, соған қарай қатынас жасайтытыны бар кейде. Ал Оңтүстік Қазақстаннан шыққан қазақтар қашанда руына, жүзіне қатыссыз «Мынау менің бауырым», «Мынау қарындасым», «Мынау әпкем» деп жақын тартып, адамға жылы ұшырап тұрады. Шетінен көпшіл, кеңпейіл көрінеді.
Бірнеше жыл бұрын бір компанияда қызмет істеген едім. Қызметке кірген күннен бастап көрші кабинеттегі бір қыз маған келіп, әңгімесін айтты, сөйтіп араласа бастадық. Өзі Шымкенттен екен. Шет елде оқыған. Маған жылы ұшырап, күн сайын мен іздемесем де өзі келіп жүрді. Басқалары барсың ба, жоқсың ба, іздемейді де (әрине оларды кінәлап отырған емеспін). Сол қызбен достасып кеттім. Қазір басқа қалада тұрса да жиі хабарласады. Сырлас құрбыма айналды.
Қазір, шүкір, халық баршылықта өмір сүріп жатыр ғой (бұрынғы кезеңмен салыстырғанда әрине). Бірақ сол баршылықтың өзін жоққа тартып, дүниені тарылтып тұратындар бар да, аздың өзін мол етіп, берекесін келтіріп, жақсылыққа қарай жетелейтіндер бар. Өзім кездескен Оңтүстіктің қазақтарының дүниені кеңейтіп тұратын пейіліне риза боламын да. Әйтпесе қазақты ауыл-ауылға бөлейін деп отырған емеспін.
Кейде замандастарым оңтүстік халқын қулықпен, алаяқтық, тағы басқа қылықтармен байланыстырып жатады. Қыл аяғы диалектілеріне дейін сөз етеді. Әйтеуір шымкенттіктерді шеттетуге құмар. Маған керісінше, жақсы адамның бәрі Шымкенттен шыққандай боп көрінеді де тұрады. Сіз не дейсіз?
Дана Қамшыбек