АЛМАТЫДАҒЫ АТЫСТЫ ҚОҒАМ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАДЫ?

/uploads/thumbnail/20170709041956900_small.jpg

Күні кеше Алматыда болған атыс, бірнеше полицей мен қарапайым азаматтардың қаза болуы, жаралануы ел азаматтарының қабырғасын қайыстырды. Оқиғадан хабардар болған жұрт қандықолды қатаң айыптауда.

Президент теракт деп бағалаған, ҰҚК басшысы салафизммен байланыстырған Р. Күлікбаевтың қырғынын әлеуметтік желінің белсенді һәм танымал қолданушылары қалай бағалады? Қоғамдық пікір қыж-қыж қайнаған Фейсбук желісін бір шолып өтейік.

Серік Жанболат:

Салафизмнің түрмеге еніп кетуі - өте үлкен қауіп! Қылмыс пен діни ағым қосылған жерден діні қатты, тәрбиеге көнбей тепсінген, қаны сұйық мәңгүрттің шығатыны бесенеден белгілі. Ондай адамның ақиқатты өзінше іздеуі - қоғамды шайқап жібереді.

Сарапшылардың айтуынша, бүгін бүкіл әлемді шайқап тұрған Сирияда төрт дүние тоғысқан: саясат, капитал, діни ағым, криминал. Қазақстан салафиттерінің арасында криминалдың аз еместігі айтылып та, жазылып та жүрген. Міне, соның нәтижесіне көз жеткізе бастадық. Енді, бұған, өзге елдердің саяси күштері мен капиталы келетін болса, дүниенің қалай қарай дөңгелейтінін болжаудың өзі қиын. Қиын! Сондықтан да діни сауаттылық мәселесін тездетіп қолға алмасақ - болмайды. Онсыз да руға, жүзге, бай мен кедейге, орыс тілді мен қазақ тілдіге бөлініп отырған қоғамды енді діни ағымға бөліп, ірітіп жіберуі оп-оңай.

Құзырлы органдар мен министрліктегі жігіттер, қол қусырып қарап отыра бересіңдер ме? Қой екеш қой да тұяқ серпуші еді ғой, қимылдасаңдаршы! Енді болмаса - кеш қаламыз. Кешегі атыс – өте жаман леп, жаман симптом.

Мұхамеджан Тазабек:

Кеше теледидарға қарап қорқып отыр ек, енді терезеге қарап қорқып отырмыз. Парижді Стамбул ұмыттырып еді , Стамбулды Алматы естен шығаруда... Қауіптен қорғайтын полицияға тап берген қорқаулар қарапайым xалықты не істемек. Жауыздарға Алланың лағынеті жаусын! Екі дүниеде жазасын алса екен. Тағы да жесір қалған жұбайлар, жетім қалған балалар. Алла пана болсын! Еліміздің берекесі қашпаса екен.

Айдос Жұқанұлы:

Осыдан былай «стукач» боламын. Парақшамда "Анау күнә, мынау ширк" деген сияқты пікірлерді қайта-қайта жаза беретін адамдарды ҰҚК-ға тапсырамын. Ненің ұят нәрсе екенін, ненің тура жол емес екенін айыратын жастамыз, құдайға шүкір. Жаңағы адамдарды тексерсін, анықтасын. "Умеренный саляфит ертең уверенный террорист" болып кетуі де мүмкін ғой. Оны Ақтөбе мен Алматыдан көрдік. 

Осы уақытқа дейін толерант болып келгенім һәм демократияға қайшы болмасын деп пікірлерін өшірмей жүргенім де жетер. Ал банға жіберген жүзден астам (өзім осылар радикалдар-ау, әсіредіншілге ұқсайды делінген) адамды баннан шығарамын. Ендігі қылықтарын байқайын. Сөйтіп, сақтық жасайын. Өйткені, полицей күйеу балам бар. Ертең туысқан қарындасымның жесір қалғанын қаламаймын.

Бағдат Амангелді:

Алматыда қандықол қылмыскерлердің радикалды ұстанымда екенін және радикалдық мақсатта қылмысқа барғандықтары жайлы нақты дәлел бар ма? Әлі тергеу жұмыстары басталған жоқ.Ақпарат таратуға келгенде бәрі мәстір.

Мәселен, елімізде атыс-шабыс деген 90 жылдардың басында жиі болатын.Тек, оны көргеніңді жазып, суретін ватсап арқылы таратып жіберіп, отырған елді дүрліктіру болмағасын ба, мұндай резонанс болмады да.

Айтпағым, қылмыстық әрекеттердің барлығын діни радикализмге таңып тастап, «вахабит», «сәлфит» дегендердің елді үрейлендіру, қорқыту сынды басты мақсаттарына өз қолымызбен жол ашып жатқан жоқпыз ба?

Жомарт Айтқазы:

Арамдардың қолынан қаза тапқан азаматтар бірімізге аға, бірімізге іні, біреуге ұл, біреуге əке... Сол оққа ұшқан боздақтардың орнында кез-келген қарагөз болмасына кім кепіл?! Сондықтан ел болып, халық болып, бүгінгіміз үшін, болашақ үшін ұйысып қатыгездік пен жауыздықтың, жалпы ардың да, заңның да алдындағы қылмыстың кез-келген түріне төзбеушілік танытып, қарсы тұруымыз керек. Еліміздің тыныштығын бұзып, тұғырын шайқалтпақ болғандарды болашақ ұрпақ үшін бүгін қатаң жазалауымыз қажет. Жүректеріміз "Əр қазақ - менің жалғызым" деп жылап, шаһиттерімізді жоқтауымыз керек. Ұмытпаймыз! Кешірмейміз!

Аңсаған Мұстафа:

Өте керек болмаса далаға шықпай отыра тұрайық. Сектанттар көп олармен күресу керек деп келе жатқанымызға көп жыл болды. Күресіп жатқан ешкім жоқ. Ақтөбеде қырып тастады штурм жасап, рахмет, бірақ ол судың бетіне қалқып шыққандары ғой. Оларды тамырынан шабу керек.

Достар! Қорықпаңдар, туыс деп аямаңдар. Ұстап беріңдер. Полицияға көрсетіңдер. Олар өте аз. Бір көппіз. Біз жеңеміз. Халқымыз надан емес Сириядағы халықтай. Күресейік. Аққа Құдай жақ дейді. Біз ақпыз, ниетіміз дұрыс. Олардың қара ниеттері бар, бүкіл әлемді басып алу, халықтарды қырып, қалғандарын құл қылып ұстап отыру. Оларда ұлт жоқ, болашақ жоқ, тек 1800 жылы туған бір тұқымықұрғырдың идеясы бар. Өзі жоқ болса да идеясы жалғасуда. Надандар жалғастыруда. Бірігіп құртайық.

Есенгүл Кәпқызы:

Жиырма бес жылдан астам уақыт өмір сүргенімде Алматы дәл бүгінгідей үрей құшағына енбеген еді. Әлемде ең тыныш қала қайда десе, ойланбай-ақ Алматы дер едім, әлемдегі ең бейбіт қала қайда десе, ойланбай-ақ, Алматы дер едім. Бүгін сол бейбіт, жұмақ қала Алматыны таңертеңнен үрей тербетті. Өзіңнің туған қалаңда үрейден дірілдеп, аяғыңды басудан қорқып, үйіңе жеткенше, алаңдаудан өткен қорлық жоқ екен. Дәл сен жүріп өткен көшеде, қиылыста, сен тоқтап тұрған алаңда кісі өлімі болып жатыр немесе болып өткен, немесе болады... Қандай қорқыныш?!

Бәрінен бұрын осы зор өзгеден емес қаны бір қандасыңнан, діні бір қарындасыңнан келіп жатыр. Ұсталғандардың бәрі, кеше Ақтөбеде қару алып, халыққа оқ атқандардың бәрі қазақтың өрімдей жастары. Қазаққа зауал қазақтан келеді дегенді ойлаудың өзі қиын екен. Алла адасқандардан сақтасын! Кемедегінің жаны бір, тілеуі бір... Аман болайық, ағайын!

Қатысты Мақалалар