АЛМАТЫДАҒЫ ТЕРАКТІНІҢ ТҮСІНІКСІЗ ТҰСТАРЫ (ВИДЕО, ФОТО)

/uploads/thumbnail/20170709042727466_small.jpg

Алматыда 18 шілде күні болған оқиғадан бейхабар жан қалмаған шығар. Қазақстанда да, елден сырт жерде де. Соған қарамастан, бұл оқиғаның күмән тудыратын, анық емес тұстары да жоқ емес.

Ә дегенде ресми ақпараттың кешеуілдегені, елді үрей билеп, әлеуметтік желі арқылы шындыққа жанаспайтын түрлі ақпарат тарағанын бәріміз айтып жатырмыз. Кейбіреулер сол жалған ақпаратқа сенген адамдарды айыптап әлек. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ, ресми ақпараттың кешеуілдеуінен осындай үрейлі жағдай туғанын айтуымыз керек.

Ал, енді Алматыдағы оқиғаның көптің көңіліне күдік ұялатқан түсініксіз тұстарын тізіп көрейік.

Террорист нешеу?

Осы сұрақ әлі де көпті мазалайды. Ә дегенде бірінен соң бірі екі адамның ұсталғаны туралы ақпарат тарады. «Бірі – қылмыскер, екіншісі – соның сыбайласы» деп жазып жатты ақпарат құралдары. Кейін оның біреуі ешқандай да қылмыскер еместігі айтылды. Біреулер «простой прохожий» десе, енді бірі «лаңкес қорқытып ертіп жүрген таксиші екен» деуде. Ішкі істер министрі Қ. Қасымов лаңкестің біреу екенін айтып, ұсталған екінші адам таксиші деген ақпаратты растады. ВКдағы парақшасы жыр болған Ержан Қошаев – сол. Айтса да, ұсталған сәтте оның қалтасынан жеке бәс куәлігімен бірге араб тілінде қолдан толтырылған әлдебір қағаз табылғаны жарияланды. Ол қағаз не қағаз, ұсталған адамнан алынғаны рас па? Рас болса, қалтасына бүктеп салған ба, қолына ұстап жүрген бе? (суреті тарап жатқан ол қағаздың қатты қыртысталмауы дәптерден сол сәтте жыртылғандай әсер қалдырады). Ол да айтылмады. Ішкі істер министрі Қ. Қасымовтың «Ұсталған екі адамның біреуі қылмысқа қатысы жоқ, таксиші екен» дегеніне қарағанда алдағы уақытта ол қағаз туралы әңгіме айтылмайтын да сияқты.

Терроршының жалғыз екеніне күмәнді күшейтетін тағы бір себеп бар. Ол – автомат. Калашников автоматының магазиніне бір салғанда 30 оқ салынады. Қаза болғандар саны – 5 адам, біреуі ауруханада оқиға болған күннің ертеңіне қаза болды, оны және күдіктінің өзін қоспағанда сол күні ауруханаға тағы 6 адам түскен. Барлығы 12 адам. Алғашқы құрбан – Алмалы АІІБ-дағы полицей тапаншадан атып өлтірілді. Күмән да осы жерде туады. Кәсіби мерген болмаса отыз оқтың 11-і нысанаға дәл тиюі қиын жағдай. Оның үстіне куәгерлер атқыштың аспанға, далаға, көліктерге бей-берекет оқ атқанын айтып отыр. Оқиға орнында түсірілген видеоларда да автомат даусы көп естіледі. Автоматты режимде оқтың көп шығындалатыны дәлелдеп жатуды қажет етпейді. Күдіктінің басқа жараланған, қаза болған полицейлердің қаруларын, оқ-дәрілерін алып кеткені туралы ресми мәлімет тағы жоқ. Ал, алғашқы полицейді атқан тапаншасын қылмыскер сол Алмалы аудандық ІІБ жанында тастап кеткенін Қ. Қасымов өзі айтып отыр.

Ескерту: Видеода бейәдеп сөздер айтылады

Ғаламторды кезген тағы бір видеода қолына қару ұстаған біреудің көше бойлап кетіп бара жатқаны түсірілген. Ол видеода алыстан автомат атқандағыдай дауыстарды естисіз. Абай даңғылы бойында кетіп бара жатқан автоматты жігіт ресми мәліметтердегі «жалғыз террорист» болса, ана мылтық даусы не дауыс? Кім кіммен атысып жүр?

Одан кейін, «қылмыскер» Алмалы аудандық ІІБ-ден шыққанда оның артынан ешкім қумаған ба? Ол неге көшеде жайбарақат жүр? Арнайы көліктердің сирена даусы неге естілмейді?

«Қаза болды» деген жүргізуші қайда?

Қаза болғандар туралы ақпарат та біркелкі емес. ІІМ, Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі де бұл мәселеде қандай да бір нақтылау жасамады. Қазір белгілісі – 4 полицейдің, бір шекарашы мен бір зейнеткердің (ішкі істер органдарының ардагері – ред.) қаза болғандығы. Ал, сол күні ІІМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада «қылмыскер қала тұрғынының жеке көлігін тартып алу үшін шабуыл жасап, жүргізуші алған жарақаттан қаза тапты» деген ақпарат кейін нақтыланбады.

«Жалғыз террористің» жедел әрекеті

Лаңкестік әрекет туралы алғаш хабар тарағанда ел ішін түрлі үрейлі ақпараттар кезді. Лаңкесті ешкім жалғыз деп ойламады. Тіпті, «100 шақты қарулы адам «Жұлдыз» ықшам ауданы жақта жүр екен» деген ақпарат тарап, кейін ол жоққа шығарылды. Сонда да терроршының жалғыз болғанына сенбейтіндер көп. Оған себеп – атыс болған жерлердің ара қашықтығы. Атыс болған Алмалы аудандық ІІБ, ҰҚК департаменті, Мемлекеттік кіріс департаментінің (салық басқармасы) аралығы анау айтқандай жақын емес. ІІМ мәлімдемесі бойынша, күдіктінің осы үш орында атыс жасауына бар-жоғы 25 минут уақыт кеткен екен. Көпшілік бір көліктен түсіп, келесі көлікке мініп, арасында жаяу жүрген, жай жүрмей полицейлермен атысқан, жолай кезіккен көліктерге қару кезенген күдіктінің мұндай шапшаңдығына қайран қалып отыр.

Ресми мәлімдемелердегі қылмыс «маршрутына» енбей қалған тағы бір орын бар. Ол – Мақатаев-Мұқанов көшелерінің қиылысыа. Интернетте қаланың осы ауданына да полиция жасағы барып, жолды жапқаны түсірілген видео тарап жүр. Онда атыс болды ма, жоқ жай ғана қауіпсіздікті күшейту шарасы ма (осы жерде емхана орналасқан – ред.), ол жағы тағы белгісіз.

Қолға түскен «қылмыскердің» жараланғаны рас па?

Көптің көңіліне күдік ұялатқан тағы бір жәйт – күдіктінің жарақат алуы.  Әлеуметтік желіде тараған фото, видеоларда жараланған полицейлердің айналасы қан боп жатқаны анық көрінеді. Ал, ашық дереккөздердегі видео, фотоматериалдарда ұсталған террористің денесінен де, жерден де қан көре алмадық. Тағы бір түсініксіз тұсы, салық басқармасы жанында «қылмыскерді» ұстаған полицей Нұрсұлтан Қартбаев старшина Аян Галиевпен атысып,  жараланған күдіктінің жерде жатқан екі тапаншаны алмақ болғанын, сол кезде қолына кісен салғанын айтады. Ол қайдан келген тапаншалар? Күдіктінің ұсталған сәті түсірілген видеодан да жерде екі тапанша жатқанын көреміз.

Шекарашыны кім өлтірді?

Лаңкестік оқиға кезінде шекара қызметінің сардары аға лейтенант Азамат Әзімжанов қаза тапты. Қауіпсіздік кеңесінің жедел жиынында ІІМ Қ. Қасымов күдікті оның көлігіне отырып, ҰҚКД-ден Абай даңғылына дейін жеткенін, сол жерде шекарашы қарсылық көрсеткенін айтты.

Кейін ол шекарашының күдіктінің қолынан қаза болғаны хабарланды. Өлтірілген шекарашының да видеосы интернетте жүр. Онда марқұмның көлік рөлінде қауіпсіздік белдігін тағып отырғаны анық көрінеді. Егер «қылмыскер» оның көлігіне мінген болса, белдік тағып отырған жүргізуші оған қалай қарсылық көрсеткені тағы түсініксіз.

Ескерту: Видеоны жүрегі нашар кісілер мен балалардың көрмегені абзал

Теракт болғалы екі күн өтсе де аталған оқиғаның осындай түсініксіз тұстары баршылық. Қазір интернет қолданушыларының да, былайғы жұртышылықтың да назары «Лаңкес атыс кезінде «Аллаһу акбар!» деп айқайлады ма, жоқ па?» деген дауға ауып кеткендей. Оқиға орнында түсірілген видеоларда шынымен ондай сөз естілмейді. Күдікті олай айқайлаған күннің өзінде де көліктердің шуынан оның даусы жазылмай қалуы да мүмкін. Тергеу аяқталғанша тиісті органдар ел көңіліндегі осы күдікті сейілтеді деген сенімдеміз.  

Дархан Мұқантегі

Қатысты Мақалалар