Сарапшы: ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЛАФИТТЕРДІҢ ДЕНІ – БҰРЫНҒЫ ҚЫЛМЫСКЕРЛЕР

/uploads/thumbnail/20170709054955212_small.jpg

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев Қазақстандағы радикалдық ұяшықтар көсемдері бұрынғы көше қылмыскерлері екенін айтып отыр,- деп хабарлайды Qamshy.kz.

Оның айтуынша, зерттеу қорытындылары елімізде діни экстремизм үшін сотталғандардың 80 пайызы экономиканың көлегейлі секторында жұмыс істегендерін көрсеткен.

Әлеуматтанушы түрлі терактілер мен экстремизм үшін жазасын өтеп жатқандар арасында көлемді зерттеу жүргізіп, біраз жайды анықтаған. С. Бейсембаев мұндай радикалдық ұйымдарға негізінен халықтың кедей бөлігінен шыққан, қылмыстық ортада тәрбиеленген жастар кіретінін айтып отыр.

Зерттеу нәтижелері қазақстандық сотталғандардың жиһадизм идеологиясы негізінде радикалдануы негізінен жас маргиналдар арасында жүретінін көрсеткен.

«Жастардың көбі радикалды идеологияға тап болар алдында өмірлерінде қиындыққа ұшырағандар. Статистикаға сүйенсек, діни экстремизм мен терроризм үшін сотталғандардың барлығына дерлігі (80 пайыздан астамы) жұмыссыздар, көлегейлі экономика саласында еңбек еткендер. Көбі базарларда сауда жасап, тасымалмен айналысқан, т.б. Олардың барлығына дерлігі ауылдан қалаға көшіп келген, қарама-қайшылықтарға тап болған отбасылардың балалары», - дейді ол.

Әлеуметтанушының айтуынша, лаңкестік үшін сотталғандардың радикалдануына ең алдымен олардың бұрынғы қылмыстық өмірбаяны себеп болған.

«Қылмыс көп жасалатын аудандарда қылмыстық түсініктерді санасына сіңіріп өскен жастар такфиризм догмаларын да тез қабылдайды. Осындай жастар кәпірлермен қарулы соғысқа шақыратын салафизм-жиһадизм идеяларын тез игеріп алады», - дейді С. Бейсембаев.

Арнайы зерттеу 2011-2012 жылдарда Қазақстанда болған терроризм, экстремизм актілері жөніндегі 11 қылмыстық істің жетеуі криминалдық белгілерге иеленгенін көрсеткен. Сотталғадардың бірі бұрын рэектир болса, бірі ұрлықпен, кісі тонаумен айналысқан.

Сарапшының бұл сөздерін Ақтөбе мен Алматыда болған соңғы терактілер де дәлелдей түседі.

Зерттеуші қарапайым криминал мен радикализмнің жақындасуы негізгі үш фактор бойынша жүзеге асады.

Салафизм-жиһадизм идеясының сыртқы тартымдылығы. Экстремистік роликтерде шаһидтер қашан да «ислам жауларымен» соғысып жүрген батыр ретінде көрсетіледі. Бұл образға бандитизм рухында тәрбиеленген, өзін криминалдық ортаның серкесі сезінетіндер тез еретін көрінеді.

Дінсіздерден ақша, мүлік тартып алу да діни амал саналады. Бұл да өз кезегінде пайда табудың бір құралына айналған. Радикалдар кісі тонап, ұрлық жасап жүріп, өздерінің бұл әрекеттерінің ислам тұрғысынан «заңды» екеніне сенімді болады.

Салафизм жамағаты да, криминалдық элементтер секілді қоғамнан оқшауланып жүреді. Көбіне олар қаланың сыртында, саяжайлар мен базарларда, жаңадан ашылған аудандарда паналайды. Осындай оқшаулану қоғамға қауіпті элементтердің өзара жақындасуына себеп болады.

Зерттеуші радикалды ағымдармен күресте қылмыстық қатынастарға бейім аудандардағы жастармен жұмыстың маңыздылығын айтады. Мемлекет әлі күнге базарларда қара жұмыс істеп жүрген жастардың арасында ағарту шараларымен айналысу механизмдерін қарастырмаған. Жастарды әлеуметтік бейімдеу бойынша арнайы бағдардамалар әзірлеу де назарда болуы керек. Бұл ретте әлеуметтанушы Франция, Бельгия, Дания, АҚШ сынды елдердің тәжібрибесін ескеру қажеттігін айтады. 

Қатысты Мақалалар