Жалпы, бау-бақша өнiмдерiн көршi мемлекеттерден тасымалдамай-ақ өзiмiзде өндiруге толық мүмкiндiк бар екен. Оңтүстікте алма өсiрумен 148673 шаруашылық айналысады. Өңiрiмiздiң 7376,5 гектар алқабында алма бауы жайқалып тұр.
Бүгiнде облысымызда шетелдерде ғана өсетiн алма түрлерi жерсiне бастады. Мәселен, Сарыағаш ауданында 15 гектар жерге итальяндық алма егiлдi. «Ынтымақ – Бес арыс» ЖШС директоры Жомарт Әбдiмаев оңтүстiктiң климатына көндiгiп өсiп, өнiм беретiн алма түрлерiн таңдағанда қателеспегендерiн алға тартады. «Ұзатылған» алманы итальяндықтардың өздерi келiп көрiп, таңырқап кетiптi. «Сiздердiң жер бiздiкiне қарағанда құнарлы екен» дегендi де сол итальяндықтар айтқан. Итальяндық алма көшеттерi тез өсумен бiрге жемiсiн де көп күттiрмей бередi екен.