Жаушықұм ауылы өзiне алыс-жақын ауылдарға соңғы бiрнеше жылдың көлемiнде бiтiк жуасымен танылып келедi. Голландиялық тәсiлмен егетiн пияз алқабындағы басты ерекшелiк – қол күшiнiң барлығы техникамен алмастырылған. Шаруалар арамшөптi отау, пиязды қолмен жегене жасау сияқты машақаттардан бiржола құтылды.
Сейдулла Доматов жетекшiлiк ететiн «Тұрар» шаруа қожалығы биыл 30 гектар жерге пияз егiп, қазiргi таңда өнiм жинаумен айналысып жатыр. Диқандардың көңiлдерi көтерiңкi, өйткенi гектар түсiмi 850 центнерден айналып отыр. Ендi ше, әр гектардан 85 тоннадан өнiм алу дегенiңiз – өте жоғары көрсеткiш.
Жаушықұмның жуасы қазiргi таңда Астана, Ақтөбе, Алматы қалаларына тасымалданып, саудаға шығарылып жатыр. Ал, аудан басшыларының ұйымдастыруымен ауылда арнайы бекет ашылып, жергiлiктi тұрғындарға әр келiсi 50 теңгеден пияз таратылуда. Пияздың базардағы бағасы 80 теңгеден екенiн ескерсек, арнайы бекеттегi арзан баға халықтың қалтасына жеңiл екенi айтпаса да түсiнiктi.
Пікір қалдыру