Фейсбук желісінде БанкЦентркредит қаржы ұйымының қатеге толы түбіртегі қызу талқылануда, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Желі қолданушыларының ашуын туғызған түбіртектегі жазулардан шынымен де ештеңе түсіне алмайсыз. Ондағы «уиқыты», «соми», «илуги шолитыш кишижит» деген сөздермен банктің өз клиенттеріне не айтпақ болғаны белгісіз.
Бір белгілісі, қарапайым «Рақмет» дегенді қатесіз жаза алмаған банк терминалы сөздің соңын қазақ тіліндегі былапыт ұғымға жақын «сиктиңыз» деп аяқтапты.
Марғұлан Ақан есімді желі қолданушысы банктің бұл қылығын алда келе жатқан «Тілдер күні» қарсаңындағы қыңыр-қисық әрекеті болар деп жорыпты.
«Түбіртекті осыдан кейін сақтауға бола ма болмай ма ойланып көру керек! Бір қателік көріп жабыса қалатын әдетіміз де шығар, бірақ бұл ұят емес пе?! Соңғы аптада тілдің мәселесі ушығып кетті-ау... Бәсе неге десем, 22-қыркүйек жақындап келеді екен ғой. Сол үшін жасап жатқан қыңыр-қисық әрекеттері болар. Ең жақсысы бұл қателікті көргеніміз, ең жаманы тәуелсіз, дербес елдің тіліне деген құрметтің жоқтығы. Құрмет пен сыйластық көрсете алмаған мекемені не адамды «жоқ қылып жіберу» керек!
«Фб – бүгінгі газет»,-деп жүрміз ғой, онда газетке жазып бір жағына шығарайық!», - деп жазады ол.