«Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң жүрiс-тұрысында соңғы кездерi бiр бөтендiк бар. Ақордадан аттап шықпайтын Мәсiмов жаз бойы облыстарды аралап жүр. Барған жерiнде рухани, мәдени мәселенi көтередi»,- деп жазады «Жас Алаш» газетінің Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарындағы тілшісі Ғалымжан Елшібай.
Премьер-министрдің бірнеше нөкерін ертіп оңтүстік өңірлерге жасаған жұмыс сапарынан журналист үкімет басшысының ерекше белсенділігін байқаған сияқты.
«Мұражайларды аралайды. Ресейге барған сапарында әрiптесiнен Кейкi батыр мен Кенесарының басын сұратты. Шығыс Қазақстанға жасаған сапарында Абай мұражайына арнайы бас сұқты. Алматы қаласына барған кезiнде Ахмет Байтұрсынұлының мұражайына кiрiп, Алаш арысының кiтаптарын жарыққа шығаруға уәде еттi. Ел аралағыш Мәсiмов ендi әулие жағалауға көшкен сияқты.
Кәрiм Мәсiмов осы аптада Оңтүстiк Қазақстан облысына ресми iссапармен келдi. Үкiмет жетекшiсi Шымкентте бiраз аялдап, бұдан кейiн Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесiне тартты. Одан әрi Түркiстандағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесiне бас сұқты. Журналистердi ғимараттың бiр бөлмесiне қамап қойып, өзi қасындағы атқамiнерлерiмен аруақтарға құран бағыштап шықты (премьер осы ресми емес шараны елден жасырмай-ақ iстесе не болар едi дейсiң). Кесененiң қазандық бөлмесiнде тұрып жергiлiктi ақсақалдармен тiлдестi. Қариялар Үкiмет жетекшiсiне табиғи газ, тұрғын үйге қатысты бiраз сауалдарды қойды. Бiр-екi ауыз қазақша сөз сөйлеген К.Мәсiмовтiң одан арғы жауабын өзiмен ерiп келген министрлер жалғап кеттi. Ақсақалдардың ақ тiлегiн естiп, батасын алған Кәрiм Мәсiмов осыдан кейiн Халықаралық қазақ-түрiк университетiнде зиялы қауым өкiлдерiмен кездесуге кеттi... Мұның бәрiн неге тiзiп отырмыз?

Жалпы, К.Мәсiмовтiң осы жолғы Түркiстанға жасаған сапары өзгешелеу болды. Президенттiң сапарын елестетедi. Үкiмет басшыларының өңiрлерге жасаған сапары бұлай болмайтын. Президенттiк сценарий. Мұны бiр деңiз. Екiншiден, Мәсiмов туризмдi сылтау етiп, әулие-әмбиелердiң басына зиярат ету үшiн келгендей көрiндi. Кейiнгi кездерi отставкiге кетедi деген Мәсiмов қолдауды тылсым күштерден сұрап жүрген сияқты. Әйтеуiр, бiр құпияның бары анық. Оны бүйтiп әулие аралауға не мәжбүрледi деген ой оңтүстiктегi көпшiлiктiң көкейiндегi басты сауал болды.
Оңтүстiк Қазақстан облысына жасаған iссапарын Әулиеата жерiнде жалғастырған Мәсiмов көне Тараз қақпасына кiрер тұстағы Айша бибi кесенесiне тәу етуге барды. Қарахан баба кесенесiне де арнайы бас сұғып шықты. Осыдан кейiн “Көне Тараз” мәдени-тарихи кешенiнде – ашық аспан астында облыстың зиялы қауым өкiлдерiмен кездестi. Осылайша Түркiстандағы сценарий тағы да қайталанды.
Осы кездесуде археология тақырыбы ерекше талқыланды. Премьер-министр Мәдениет және спорт министрлiгiне тарихи орындарды зерттеу бойынша археологиялық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар Қаржы министрлiгiмен бiрiгiп, 2017–2019 жылдары “Көне Тараз” мұражайын дамыту үшiн қаржы бөлу туралы ұсыныс дайындауды және республикалық бюджет комиссиясына ұсынуды тапсырды.
Ал Жамбыл өңiрiндегi жастармен кездесу барысында өте өзектi мәселелер көтерiлдi. Жастар iсi жөнiнде ведомствоаралық комиссия құру керек деген ұсынысты премьер жылы қабылдады.
–Мұндай комиссияны құру қажет. Оған өзiм жетекшiлiк етемiн, – деп жауап бердi. “Көңiлдi тапқырлар клубына неге келмейсiз?” деген сауалды да премьер ұсыныс ретiнде қабылдап, алдағы уақытта тапқырлардың кешiне барып тұруға уәде еттi. “Мәә Мәсiмов...” дегiзiп премьер орысша сөйлеу жағы басымдау кездесуде жастардың да көңiлiн табуға тырысты», - дейді Ғ. Елшібай.