БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Зейд Раад аль-Хусейн Йемендегі оқиғаларды зерттеу үшін халықаралық тәуелсіз ұйым құруға шақырды, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Жоғарғы комиссардың сөзіне сенсек, бұл елдегі адам құқықтары мен халықаралық гуманитарлық құқықтың бұзылғаны соншалық, бұл салада зерттеу жүргізетін Ұлттық комиссия зор қиындықтарға тап болуда.
Бейсенбі күні БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Кеңесі Йемендегі жағдайға байланысты баяндама жасады. «2015 жылдың наурызынан 2016 жылдың 23 тамызына дейін Йемендегі соғыс 3799 азаматтық тұлғаның өмірін қиып, 6711 бейбіт тұрғын жараланған» деп жазылған баяндамада. Бұл елде аз дегенде 7,6 миллион адам, оның ішінде 3 миллион ана мен бала азық-түлік тапшылығын тартуда. Тағы 3 миллион адам үйін тастап кетуге мәжбүр болған.
БҰҰ-ның арнайы баяндамасы «Йемен тұрғындарының тауқыметіне шек қою — халықаралық қоғамдастықтың парызы» деп түйінделген.