Тәрбиеші офицерлердің әдістемелік жиыны өтті

/uploads/thumbnail/20170709060354281_small.JPG

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінің базасында тамыздың 25-27 күндері аралығында өңірлік қолбасшылық әскери бөлімдерінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшелерінің (топтарының) бастықтарымен және жүйелес батальон командирлерінің, сонымен қатар арнайы комендатуралар коменданттарының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарларымен оқу-әдістемелік жиын өтті, - деп хабарлайды Qamshy.kz өңірлік қолбасшылық баспасөз қызметінің өкілі Айдос Байшағыровқа сілтеме жасап.

Жиынға қатысушы Ұлттық ұланның тәрбиеші офицерлері шараның алғашқы күнін басшылық құжаттарды білу бойынша сынақ тапсырудан бастады. Сынақтама қабылданғаннан кейін оқу-әдістемелік жиын жетекшісі Ұлттық  ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Сабыржан Сүлейменов еліміздегі қазіргі қоғамдық-саяси ахуалды зерделей келе, 2016 жылғы 1 жартыжылдықтағы тәрбие, заңдылық, құқықтық тәртіп, қоғамдық қауіпсіздік бойынша өңірлік қолбасшылықтағы атқарылған барша іс-шараларды саралап қорытындылады, сондай-ақ алдағы келе жатқан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығының  өзектілігіне де тоқталып өтті.

Осылай бастау алған жиын барысы  «Конституция – тұрақтылық кепілі және еліміздің қауіпсіздік қалқаны» атты тақырыптағы дөңгелек үстелге ұласты. Аталған дөңгелек үстел Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерзімінде ел тынысының бағдаршысы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін мемлекетіміздегі негізгі заң – Конституцияға арналды. Аталған шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов, Қазақстан халқы Ассемблеясының мүшесі, қоғам қайраткері, «Достық» орденінің иегері Асылы Осман,  Қазақстан халқы Ассемблеясының мүшесі, философия ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері Қазақбай Қасымов, «КТК» телеарнасының шеф-редакторы, «Черный квадрат» авторлық бағдарламасының жетекшісі және жүргізушісі Валерий Тараканов, «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Әділ Несіпбаев, Алматы қалалық Ішкі істер департаменті Ардагерлер кеңесі президиумының төрағасы генерал-майор Сағынжан Асыл-Кеней, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі генерал-майор Иван Комаров, Қазақ мемлекеттік қыздар университетінің магистранты Дәулет Рысқалиев, сонымен қатар қоғамдық және өзара іс-қимыл бірлестіктегі органдардың өкілдері, Ұлттық ұлан ардагерлері, интернационалист жауынгерлер, жиын қатысушылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында құқықтық тәртіп әскерінің ел тәуелсіздігімен бірге жасасқан 25 жылдағы жеткен жетістіктері мен құқықтық тәрбие саласындағы бірқатар мәселелер ортаға салынды. Сонымен қатар өскелең ұрпақты және әскери қызметшілерді жаңа қазақстандық патриотизм әлеуетінде тәрбиелеу бойынша тәрбиеші офицерлердің кәсіби даярлық деңгейлерін жоғарылату және әскердегі идеологиялық жұмыстардың дұрыс жүргізілуін ұйымдастыру секілді мәселелер де көтерілді.

Шара барысында Ұлттық ұланның бас тәрбиешісі Мұхаметқали Сатов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде мемлекет көлемінде аталып өткелі отырған Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойының идеологиялық маңызына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде:

"Тарихын тереңнен тартқан халқымыз талай-талай тар жол, тайғақ кешулерден өткен. Небір жаугершілік замандарды бастан кештік, аштық зобалаңын көріп, саяси қуғын-сүргін зардабын да тарттық. Сондай ел басына қара бұлт үйірілген, қиын-қыстау шақтарда қазақты бір ұлы күш аман сақтап қалды. Ол – бірлік күші еді. Қандай қиындық болмасын біз ел бірлігі арқылы жеңіп келеміз. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында қабылданғанына 21 жыл толған Ата заңымыз – Конституция негізінде Отанымыздың мәртебесі, жұртымыздың әл-әуқаты артып, мемлекетіміз қарышты қадаммен дамып келеді. Бұл тұрғыда Ата заңымыз өзінің тиімділігін, уақыт пен ел қажеттілігінен туған құжат екендігін айқын дәлелдеп отыр. Қазіргі таңда Қазақстан тек ТМД елдері ішінде ғана емес, тұтастай Орталық Азия аймағындағы көшбасшы елге айналды. Бүгінгі тұрақты экономикалық дамуымыз, халықтың әлеуметтік жағдайының артуы, мемлекеттік органдардың тиімді жұмысы, саяси тұрақтылық, ең бастысы – халықтың бірлігі мен татулығы, этносаралық, дінаралық дау-жанжалдардың біздің қоғам үшін жат құбылыс саналуы – Ата заңымыздың арқасы. Биылғы жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық маңызы зор мерейтойын атап өтуіміздегі басты мақсат ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, боздақтардың қанымен келген бағасы зор құндылығымыз - елдігіміздің егемендігін әлемге паш ету. Ендігі біздің миссиямыз еліміздің жастары мен өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеп, Ұлы дала елі батырлары – бабаларымыз бізге аманаттап кеткен Тәуелсіздік туын тұғырымызда мәңгі аспандатып, мемлекетіміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында қашанда қорғаныс қалқаны болу!", - деп атап өтті.

Дөңгелек үстелде сөз алып баяндама жасаған Қазақстан халқы Ассемблеясының мүшесі, Қазақбай Қасымов та Қазақстан Тәуелсіздігінің бұл мерейтойын атап өту әр қазақтың кеудесінде мақтаныш сезімін туғызатын мемлекеттік маңызды шара екенін баса айтып, әскери қызметшілер мен Қазақстан Республикасының барша азаматтарын еліміздің мемлекеттік рәміздері мен туын, елтаңбасын, сонымен қатар туған тілін құрметтеуге шақырды.

Шара барысында сөз алған баяндамашылардың барлығы да еліміздің тарихындағы елеулі кезең Қазақстан тәуелсіздігі меретойының тәрбиелік маңызын баса айтып, осы бір елеулі шарадан тыс қалмаған Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығына алғыстарын жеткізді.

Біліктілікті арттыруға бағытталған шара бағдарламасы бойынша үш күнге созылған  оқу-әдістемелік жиынның қатысушыларына барлығы жиырмадан астам сабақтар өткізілді. Тәрбие процесіндегі басшылық құжаттар талаптарын меңгеру деңгейін анықтауға арналған сынақтар алынып, дене даярлығы бойынша нормативтер қабылданды.

Жиынның екінші күні Ұлттық ұлан Бас тәрбиешісі Мұхаметқали Құсайынұлы жиын қатысушыларымен елдегі және әлемдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы ақпараттандыру дәрісін өткізді.

Үш күнге созылған оқу-әдістемелік жиын сапалық тұрғыдан мазмұнды шараларға толы болды. Әрбір жиын қатысушысы күнделікті тәрбие жұмысын ұйымдастыруда қажет маңызды тың мағлұматтарға қанығып, кәсіби тұрғыда танымын кеңейткені сөзсіз. Енді олар оқу-әдістемелік жиын барысында көргені мен түйгенін жеке құраммен тәрбие жұмысы кезінде ұтымды қолданатын болады.

                

Қатысты Мақалалар