САҒЫНТАЕВ МӘСІМОВТІҢ ОРНЫН БАСЫП, СЕНАТҚА ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА БАРУЫ МҮМКІН

/uploads/thumbnail/20170709062908430_small.jpg

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 9 қыркүйек күні Үкіметтің кеңейтілген жиынын өткізетінін мәлімдеді. Парламент сессиясының 1 қыркүйектегі ашылуында президент халық табысын арттыру жөніндегі ұсыныстарымен сол үкімет жиынында бөлісетінін айтқан еді.

«Халық табысын аяқ астынан қалай арттырмақ? Девальвация, қымбатшылық қысқан әлеуметтің әлеуетін бір жиында шеше салатын ол қандай көрегендік?», - деген сауалдарды ысыра тұрып, Қазақстанның басқару жүйесіндегі бұрынғы тәжірибелеріне сүйене отырып, 9 қыркүйектегі жиынға, онда көтерілетін мәселелер мен қабылданатын шешімдерге аз-маз болжам жасап көрсек.

Жалпы, елде осы күз саяси тұрғыда «өте ыстық» болады деген әңгімелер айтылуда. Бірақ, сарапшылардың дені жалпылама өзгерістер болады, парламент өкілеттілігі кеңейтіледі деген сияқты сүйкей қамшылағаны болмаса, саяси температураны қыздыратын факторларды дөп басып айтқан ешкім жоқ. Парламент өкілеттілігін кеңейту, президент құзырындағы міндеттердің бірқатарын заң шығарушы, атқарушы билікке бөліп беру дегеннің бәрі конституциялық реформаны талап ететін үлкен саяси мәселе. Сондықтан, саяси сарапшы екенмін деп, оңайлықпен болмайтын шаруаны болжаудың қажеті жоқ.

Сонымен, 9 қыркүйекте не болуы мүмкін? Осы жыл басынан бергі елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал сөз болып, К. Мәсімов басқаратын министрлер кабинетінің олқылықтары оңдырмай сыналатын секілді осы жолы. Жиындағы температура шамамен жер заңнамасына мораторий енгізген мамырдағы кеңестегіден кем болмайды. Естеріңізде болса, сол жиында К. Мәсімовтің баяндамасы тыңдалып, Ұлттық экономика министрі мен Ауылшаруашылық министрі сөгіс алып, артынша отставкаға кеткен болатын. Бұл жиын да отставкасыз болмайтын сияқты. «Өледі, өледі деп молдадан да ұят болды» деген әнебір апамыз айтпақшы, «Мәсімов кетеді, Мәсімов кетеді» деген әңгімеге де осы жиын нүкте қоюы мүмкін.

Аздаған үзілісті қоспағанда жеті жылдан астам үкімет басқарған Кәрімнің орнына оның бірінші орынбасары болып жүрген Бақытжан Сағынтаевтың тағайындалып қалу мүмкіндігі өте жоғары. Өйткені, үкіметтің осы күнге дейінгі жоба, жоспарларын ары қарай жүзеге асыру үшін де премьерлікке министрлер кабинетінің осы құрамынан біреу тағайындалуы тиіс. Ауылшаруашылығына жауапты орынбасар Асқар Мырзахметовты де ұсынушылар болар, бірақ, оның өз басына жетерлік өзге міндеттері бар.

Экономикадан бөлек, әлеуметтік сала да оңып тұр дей алмаймыз. Алда, жұмыссыздық, қысқарту, тіпті зейнетақының кешігіп қалуы сынды қауіп-қатерлер жоқ емес. Білім беру жүйесіндегі де соңғы реформалар қоғам наразылығына ұшырады. Сол себепті бұл саланың да жігін жатқызу қажет. Қолдан келетіні – кадрлық ауыс-түйіс. Әлеуметтік салаға жауапты вице-премьер креслосына ұзақ бір жылдары кезінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болған, вице-премьерліктің де дәмін татқан (2013 жыл), 2014 жылдың қарашасынан Мемлекеттік хатшы лауазымын атқарып жүрген Гүлшара Әбдіхалықованың жайғасуы ғажап емес.

Гүлшарадан босаған орынға Ресейде елшілікте жүрген Марат Тәжинді қайта қонжитқысы келетін сарапшылар бар. Бірақ, президенттің ешкім ойламаған жоспарларлары болуы да мүмкін ғой. Мәселен, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Астана өңірлік хабының жетекшісі Әлихан Бәйменовті неге бір риза қылып қоймасқа?

Жиында сондай-ақ, қауіпсіздік, ішкі тәртіп жайы да сөз болуы мүмкін. Ақтөбедегі, Алматыдағы терактілерге қатысты Елбасы құқыққорғау органдарының жұмысына баға беруі мүмкін. Теракт кезіндегі полицияның әрекеті, қаза болғандар, жараланғандар санының көптігі Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың кемшілігі делінсе – министрдің кеткені. Баспасөзде жемқорлық жайлады делініп жүрген ішкі істер органдарын жегі құрттан тазарту үшін жемқорлықпен күрес жөніндегі Ұлттық бюро басшысының орынбасары Алик Шпекбаевқа таңдау жасалуы да мүмкін. Жалпы, ол кісінің осы министрлікке келетіні туралы көптен бері айтылып жүр.

Бұл жерде орындарын босатқандарға алаңдау қажет емес сияқты. Осы күнге дейін ондайлардың ешбірі далада қалғанын көрмедік. Іс қозғалып, сотты болады дейтіндей де емес. Мәселен, К. Мәсімов ұлттық компаниялар мен түрлі холдингтердің біріне басқарушы болып кетуі мүмкін. Ал, Қ. Қасымовқа президент әкімшілігіндегі бір бөлімнен орын табылар.

Мұнда Дариғаның жағдайы біршама күрделі. Күрделі дегенде құрдымға кетеді деген сөз емес. Елбасы Дариға Нұрсұлтанқызының саяси карьерасына ерекше ұқыптылықпен қарайды. Оның үстіне, кешегі Өзбекстан жағдайы да қаперде. Кәрімовтің кіші қызы билік тізгінін ұстайды деп бал ашқандар көп болғанмен, кешегі жағдай басқа нәтиже көрсетіп отыр...

Бүгінге дейін Д. Назарбаева атқарушы биліктегі ауқымды бір саланың құлағын ұстады. Оның алдында, Мәжіліс депутаты, вице-спикер болғаны және бар. Сонда Дариға бармаған не қалды? Иә, спикерлік қалды. Спикерлік болғанда да төменгі палатаның емес, Мәжілістегі Н. Нығматуллинмен саяси тепе-теңдік сақтайтын, қажет болғанда оған қарсылық таныта алатындай тұлға Сенатта отыруы тиіс. Ал, осыған дейін екі мәрте парламенттің жоғарғы палатасына төрағалық еткен Қ. Тоқаев зейнет жасына биыл мамыр айында толып кеткен.

Сайлау Бек  

Қатысты Мақалалар