Qamshy.kz редакциясына Қызылорда облысы Байқоңыр қаласынан хабарласқан Алмаз Тұрғанбаев деген азамат ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінде бірқатар былықтың барын айтып отыр. Айтуынша тікелей министрлікке бағынатын өкілдік басшылығы қызметкерлерді алалап, негізсіз қудалайтын көрінеді.
«Бала кездегі арманым орындалып, 2007 жылы Қостанай қаласындағы ІІМ-нің заң институтын тәмамдап, Байқоңыр қаласына қызметке келдім. ІІМ-нің осындағы өкілдігінің криминалдық полиция бөліміне жедел уәкіл болып орналасып, аға жедел уәкіл лауазымына дейін өстім. Алматыда лаң салған Р. Күлікбаевтің кесірінен лауазымымнан алынып, резервте жүрмін», - дейді А. Тұрғанбаев.
Айтуынша, басшылық Күлікбаев қырғынына дейін-ақ құпиялық режиміне жауапты аға жедел уәкіл лауазымында жүрген А. Тұрғанбаевты қырына алған көрінеді.
«Отан қорғаушылар күні қарсаңында салтанатты шеруге дайындыққа келмей қалғаным үшін қызметтік тексеріс тағайындап, тәртіптік комиссияда «қызметіне толық емес сәйкестік» түріндегі тәртіптік жаза қолданды. Қызметтік тексеріс те белгіленген тәртіптерді бұза отырып жүргізілді. ҚР ІІМ Байқоңыр қаласындағы Өкілдігінің бастығы полиция полковнигі Ырысбек Исаев пен оның орынбасары полиция полковнигі Бақытжан Құрақбаев өздерінің қызметтік бабын асыра пайдаланып, Б. Құрақбаев өзінің жеке жек көрушілік және ізге түсуі салдарынан, менің үстімнен заңсыз қаралау құжаттарын жинақтап, жұмыстан босату мәселесіне қатысты алаңдаймын, сол себепті оның үстінен шағымдануға бел буып отырмын, өзім Өкілдікте қызмет атқару барысында, бірде-бір басшының және оның орынбасарларының нұсқауларына немесе бұйрықтарына қарсы келмеген отаншыл қызметкермін деп есептеймін. 05.05.2016 жылы Б. Құрақбаевтың баянатымен маған қатысты жала-жауып, жасанды жинақталған тексеріс құжаттары Қызылорда облыстық ІІД-мен мұқият зерделеніп, 2016 жылдың маусым айының шамасында маған қатысты жаза тағайындалған, осы тексерісті жүргізу барысында Өкілдіктің басшылығы Б. Құрақбаев барлық қызметтік тексеру процессіне әрдайым қатысып отырған, алайда ҚР құқық қорғау органдары туралы Заңының 58 бабы 2 тармағында «Қызметтік тексеру барысына жалпы оның қортындысына мүдделі жақтар қатысуға болмайтындығы, сонымен қатар бұл талаптар орындалмаса қызметтік тексеру нәтижелері заңсыз болатындығы» анық көрсетілген», - дейді А. Тұрғанбаев.
А. Тұрғанбаев басшылық өзіне қатысты ілік іздеп, тіпті ұлтшылдық идеясымен уланған, салафит деуге дейін де барғанын айтады.
«Жұмыс бөлмемде бір қағазға жазылған «Қазақия» сөзі үшін ұлтшыл атандым. Р. Күлікбаевті бөлімшеге шақырып, сұхбат жүргізгенде арабша оқитынына көз жеткізу үшін, өзім білетін төте жазуда қағазға жазу жазып, оқыттым. Сол қағазды көріп алып, басшылық мені уаххабит, салафит деуге дейін барды. Қайта Қызылорда облыстық ІІД-дегілер менің басшылығымның баяндаған жалаларына лайықты жауап беріп, бұл жерде ешқандай заңға қайшылық жоқтығын айтты», - дейді қуғын көрген полиция қызметкері.
А. Тұрғанбаев қызметке орналастыру, лауазымдарға тағайындау мәселелерінде де Өкілдік басшылығы өзімбілемдікке көп салынатын көрінеді. Тікелей министрлікке бағынатындарын айтып, облыстық ІІД-нің талаптарына құлақ аспайды екен. Тұрғанбаев заңға сай облысқа жазған шағымдарының қараусыз қалуының себебінде осымен түсіндіреді.
Ал, лауазымынан алынуына негізгі себеп Алматыда қанды қырғын ұйымдастырған Руслан Күлікбаев болған. Айтуынша, Р. Күлікбаевтің Байқоңыр қаласынан Алматыға кетіп қалуына А. Тұрғанбаевты кінәлі деп шешкен.
«Біріншіден, Байқоңыр қаласы Ресей Федерациясының аумағы болып саналады. Қалаға кіріп, шығу мәселесі де солардың құзырында. Екіншіден, Р. Күлікбаевтің қаладан шығуына біз заң тұрғысынан тыйым сала алмаймыз. Оны өкілдік қызметкерлері тұрақты түрде шақырып, сұхбаттасып, туыстарымен де сөйлесіп жүрді. Алматыға барып, сауда-саттықпен айналысып жүргенін, тұрақты түрде ол жаққа кету ойы жоқтығын айтқан. Біз оған ешқайда шықпа деп айтсақ, заң бұзған боламыз. Прокуратураға шағымданса, бізді жауапқа тартады», - дейді полицей.
«2016 жылдың маусым айының ортасына жуық мен экстремизмге қарсы күрес тобында қызмет атқарып, ондағы өз қызмет саламды үйренуге де белгілі себептермен қолым тиген жоқ, себебі жоғарыда айтылып кеткендей менің және бөлім бастығының орынбасары Ж. Жақыповтың үстінен бірнеше мәрте тексеріс жүргізіп, үш ай бойы (мамыр, маусым, шілде) Ы.Исаевтың ұйымдастырған қаралау әрекеттеріне байланысты жинақталған құжаттармен танысуға, ол бойынша түсініктемелер беруге және Қызылорда қаласындағы облыстық ІІД-ге алты мәрте барумен өткіздік. Бұл ретте мүлдем қызмет атқаруға мұрша болған жоқ. Жалпы 2016 жылдың маусым айының 24-і мен шілде айының 18-і аралығында, яғни мен эксремизмге қарсы күрес тобына отырған уақытта менің өндірісімде Алматыда резонанс туғызған қылмыстық әрекеттер жасап бірнеше полиция қызметкерлерінің өмірін қиған Күлікбаев Руслан Алпысбайұлына қатысты құжат болатын, аталған құжат бойынша мен бір ай ішінде Р. Күлікбаевтың ағасы Н. Күлікбаевтан оның Алматы қаласына барып келіп жүргенін және де Алматы қаласында екеніні анықтап, криминалдық полиция бөлімінің бастығының орынбасары полиция майоры Ж. Жақыповтың нұсқауымен Қызылорда ОІІД-не Эксремизмге қарсы күрес басқармасына екі мәрте анықтама күйінде хабарлама жіберілен. Алайда, резонанстық оқиғаның орын алғанынан кейін, Ы. Исаев өз үстемдігін күшейтіп, мені және Ж. Жақыповты ІІМ-ге қаралау баянаттарын жазып, бізді қудалай бастады. Мәселен, оқиға орын алған сәттен-ақ Ы. Исаев маған «қызметтеріңмен қош айтыса беріңдер, ақырларын келді» деп қалжыңдап, өзінің бастапқы ұйымдастырған мақсаттарына жеткеніне мақтанған. Жалпы Р. Күлікбаевтің қылмыстық оқиғасына қатысты 2016 жылғы 26 шілде күні менен бөлек Ж. Жақыповты, аға жедел уәкіл К. Алманиязовты және кезекші бөлімінің инспекторы Ө. Ермековты «қызмет атқарып отырған лауазымынан босату» жазасмен кадрлық резервке қойған болатын. Алайда, Ы. Исаев біздің ашуымызды қоздыру және әділетсіздіктің үстем болатынын дәлелдей отырып, әлгі К. Алманиязов пен Ө. Ермековты Өкілдіктің штаб және кезекші бөлім инспекторы лауазымдарына қайта қызметке алды. Алайда Өкілдікте әліде бос тұрған лауазымдарға мені және Ж. Жақыповты алудан бас тартып, кадрлық резерв ережелерін өрескел бұзып отыр», - дейді А. Тұрғанбаев.
Қызметте қалатынынан үмітін үзген полицей полиция өкілдігіндегі болып жатқан жағдайларды ашық жариялауға бел буған.
«Маған тек әділ шешім болғаны керек, өзімде қандай-да бір амбициялар жоқ, орын алған заңсыздық туралы Сіздерге шағымдануға бел будым. Шыдамым таусылды. Өзім Қазақстан Республикасының мемлекет қызметкерінің ар-намысын жерге таптатпауға әр қашан да міндеттенемін. Қазақстан Республикасындағы әділдікке сенімім зор. Ы.М. Исаев пен Б. Құрақбаев облыс төңірегінде бедел-абыройы зор екенінің және біздерге қатысты қысымның күннен-күнге өршуін ескере отырып, мұнда көрсетілген лауазымды тұлғаларға қатысты тексерісті полицияның өзіндік қауіпсіздік басқармасы емес, арнайы прокурорлар немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізуі керек деп санаймын», - дейді А. Тұрғанбаев.
Редакциямызға хабарласып мұңын шаққан азаматтың айтқандарын ықшамдағанымыз осы болды. А. Тұрғанбаев өзінің қызмет орнында бұдан басқа да тәртіп бұзушылықтар, заңсыздықтар көп екенін айтады. Өз тарапымыздан, ел тыныштығы мен заң үстемдігінің қырағы сақшыларының қиын да жауапты қызметіне ерекше құрметпен қарай отырып, полиция басшылығы осы мақалада айтылған жағдаяттарға қатысты қандай да бір пікір білдіріп, тиісті шара қолданады деген сенімдеміз.
Пікір қалдыру