Көші-қон: Оралман ұсыныстары заң жобаларында ескеріледі

/uploads/thumbnail/20170708152356611_small.jpg

Бүгінгі таңда  көші-қон саласында  қордаланған түйіткілді мәселе  өте көп. Әсіресе,  биліктің жасап  отырған  жеңілдіктері: азаматтықты  бір  жыл  көлемінде  алу, елдің жеті облысына қоныстандыру, материалдық көмек көрсету  секілді жайттарға қатысты оралман ағайынның көкейінде сауал көбейді, тұщымды жауап күтеді. Осы  мақсатта Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Көші-қонның бүгінгі жағдайы» атты  дөңгелек үстел  ұйымдастырған еді. Бұл  шараға  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Асылан Қаржаубаев,  Алматы  қаласы Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары Айдын Белгібаев, Алматы қаласы мемлекеттік инспекциясы және көші-қон басқармасының бөлім бастығы және шетелден келген қазақтар мен Алматы тұрғындары қоғам қайраткерлері, ақын-жазушы, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

10337447_562080397242648_1650476767_o

Назарларыңызға дөңгелек үстел барысында айтылған негізгі ой-пікірлерді ұсынамыз:

Талғат Мамашев: -  Соңғы уақытта көштің тоқтап  тұрғаны  рас. Біздің «шаш  ал десе,  бас  алатын» атқарушы билік соңғы уақытта  көшті тоқтатуға тырысты.  Оны жасыратыны жоқ. Алайда, біз түрлі шаралар ұйымдастырып, баспасөз  беттерінде көш мәселесін қайта-қайта көтердік. «Егемен Қазақстанның» өзінде бірнеше мақала  жарық көрді. Үміт ақталып, осы олқылықтардың орнын толтыру үшін қазір бірнеше шаралар қолға алынып  жатыр.  Үкіметтің отырысынан кейін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова көші-қон саласындағы елеулі жаңалықтар  мен көш мәселесіндегі кеткен қателіктерді айтты. Дегенмен, бұл сол айтылған күннің ертесіне жүзеге асырылады дегенді білдірмейді. Сіздер мынаны түсінсеңіздер,  былтыр Көші-қон туралы заң қабылданып кеткен, және  ол  заңға өзгерту енгізу оңай шаруа  емес. Үкімет оған  тиісті қаулыларын қабылдап, заңға тиісті өзгерістерді енгізу керек.

Сырттағы  ағайындар Қазақстанның қай өңіріне келсе де, есік ашық. Оралман мәртебесін бәрі  алады. Көші қонның негізгі бағыты  7 облысқа арнап  қоныстандыру.  Олар:  Қостанай, Павлодар, Кереку, Қызылжар, Көкшетау, Шығыс Қазақстан, Атырау,Батыс Қазақстан облыстарына жіберу. Арнап қоныстандыру дегеніміз  облыстарға  барған ағайындарға бұрынғыдай  тиісті жәрдемақыларын беру, көшіп  келу  шығындары төленеді, ең үлкен көмек  баспана  беріледі. Оларды жұмыспен қамту мәселесі шешіледі. Мамандығы  жоқ болса, қайта мамандандырып,   «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жұмысқа  орналастырылады. Ал, осы аталған жеті облыстан  басқа аймаққа келемін деушілерге  еш қарсылық жоқ.  Бірақ олар  жәрдем ала алмайды. Азаматтық алғаннан кейін оралман тең құқылы азамат  болып, құқыларын қазақстандықтармен  теңеседі. Көмек, жеңілдіктер болмайды. Мұны  білу керек.

Үкіметтің тапсырмасымен қазіргі  кезде  ведомство аралық ведомства құрылған, оған бүкіл облыстардың көші-қон басшылары, ІІМ, СІМ бұл органдар ендігі  болатын үкімет отырысына, жылдың аяғында қабылданатын заңға  қандай өзгерістен  енгізу  керектігін, былтырғы асығыс қабылданған заңды қалай жөндеу керек деген мәселелер бойынша жұмыс істейді. Қателеспесем, 15 мамырда бірінші отырысы өтеді. Бұл заң қабылданған кезде ескерілмей қалған мәселелер болмау үшін  осы  бастан  қамданып, ұсыныстар жасағанымыз  дұрыс. Біздің мұндай шараны өткізудегі мақсатымыз сіздерді бір шаңырақ астына  жинап,  пікір таластыру  емес,  қайта  соған қандай ұсыныстарыңыз, тілектеріңіз бар екенін ескеру.

Асылан Қаржаубаев: -«Көші- қон» туралы заң не үшін  қабылданғанынан бастасақ. Үкіметтің жүздедеген миллион  қаржысы орынсыз  пайдаланылып кетті. Оған тек көшіп келген  ағайындардың ғана емес,  жергілікті азаматтардың да үлесі  болды. Сондай берекесіздің алдын алу мақсатында қабылданды.  Бір  нәрсені түсінуіміз керек: шеттегі қандастарға есік еш уақытта  жабылған емес. Қазіргі  заңда тек  реттеу мәселесі  қарастырылған. Былтыр Қазақстанның  аймақтарын аралап, оралмандар жағдайымен таныстым.  Сонда оралман ағайынның ең  бірінші  тілегі  азаматтық бұрынғы жолмен  берілсе екен, оралман мәртебесін алу туралы мәселелер  жиі сұралды. Қаржылай көмекті сұрағандар көп емес,  ал бұл  оралмандардың жағдайы жаман емес  дегенді көрсетсе керек.  Сондықтан, жаңа  заңға енгізілген өзгерістер де  азаматтық  алу бағытында болады. Шеттен келген  ағайын  қай  өңірге келсе  де  оралман  мәртебесін бұрынғы тәртіппен ала  алады. Ол үшін ең алдымен ықтиярхат  алуы керек.5 күн ішінде  оралман мәртебесін ала  алады  және ол бір  жылға  дейін сақталады. Кем дегенде  бір жыл ішінде азаматтық алуы керек. Оралмандарға түсіндіріп айтыңыздар, 1 жылда азаматтық алып үлгермесе, өз обалы өзіне. Ал,  бір жыл ішінде азаматтық алмаса, құқығы шетелдіктермен теңестіріледі. Еліме, жерім келемін,  болашағым Қазақстанда деп  келетін оралмандар  үшін  осы  жеңілдіктер де  жеткілікті  деп  ойлаймын.

Өңірлерге келер болсақ,  үкіметтің қаулысымен жеті өңір белгіленді. Ертең бұдан  да  қысқарып  қалуы  мүмкін. Өйткені ағайындар  қай  жаққа  барамын десе де,  өз еркінде. Бірақ, арналған жеті  облысқа  барса, жеңілдік алып, баспаналы болып, ары қарай өмір сүріп кетер  еді.

Айдын Белгібаев:- Мен нақты мәліметтерді келтіре кетейін: былтырғы жылы  Қазақстанның азаматтығын алғандар Алматы қаласында 387адам алса, ал биылғы  4 айдың ішінде 62 адам алды Олар Ресей, Қырғызстан, Өзбекстаннан, Моңғолия, Қытайдан, Түрікменстан және  Ауғанстаннан келгендер.. Ал,  ықтиярхат 614 адам алса, ал биылғы   4 айда 417 адам алды. Бұлар көбіне ТМД елдерінен 344, алыс шетелден келгенде 270.  Былтыр  желтоқсан айында  қабылданған «Еңбек,көші-қон» заңына сәйкес оралмандарға ҚР азаматтығы 4 жылдан кейін берілетін болған еді. Өтініш жазған күннен  бастап,  үш  ай  ішінде  құжаттарыңызды толық тапсырсаңыздар, азаматтық ала аласыздар. Оралман куәлігін алу маңызды. Себебі,  бұл құжат болмаған жағдайда, олар басқа  шетел азаматтарына теңестіріледі.

Түйін: Дөңгелек үстел барысында көш мәселесіне  қатысты жаңалықтардың мазмұны тарқатылып, түсіндірілді.  Жеке мәселелер  хат ретінде жазылып, көші  қон саласының  тізгінін  ұстаған азаматтарға  табысталды. Моңғолиядан, Өзбекстан, Қытай  жән Ауғанстаннан келген  қандас бауырлар сөз алып сөйлеп, өз ұсыныстары мен тілектерін жеткізді.  Және ұсыныстар  «Еңбек және көші-қон» туралы заңға енгізілетін өзгерістерде  ескерілетіндігі айтылды.

Әзірлеген Бағдагүл Бикенова

Суретті түсірген Сәрсенбек Қызайбекұлы 

Қатысты Мақалалар