Тоқтар Жақаш: Қазақтың досы кім?

/uploads/thumbnail/20170708152356119_small.jpg

Түріктен түрпідей жиырыламыз. Ұйғыр десе ыршып түсеміз. Өзбектен өлердей қашамыз. Қырғызды қыр асырамыз. Қарақалпақ қас дұшпаннан ары. Татар тұлға емес. Башқұрт пен ноғай құлдан төмен. Араб туралы айтпағанымыз абзал. Біз неге ондаймыз? Сонда бізге кім дос? Әлде, ғасырлар бойы Еуразия кіндігінде еркін жорытқан ата-баба қағанатының шаңырағын ортасына түсірген орыс дос па? Алтын Орданы ыдыратып, ұсақ хандықтарды бір-біріне айдап салып талқандаған Ресей империясы - түркі тілдес мемлекеттердің басын өмір-бақи қоспаудың амалын әлі жүргізіп келеді. Өте сәтті саясат. Сібір хандығын, Алтын Орда астанасы Сарайшықты, Қазанды, Қажы-Тарханды, Қырымды да дәл осындай қитұрқы, екіжүзді саясатпен жер бетінен жоқ етті. Қайтадан тұрмастай туа шөктірді. Өзіміздің жонымыздан кесіп жасаған қарғыбауды мойнымызға мықтап салып, айтқанына жүргізді. Қажет кезінде қандас-бауырларымызға қарсы ит болып үргізді. Әлі үріп келеміз. Бірақ қазір мойнымызда бұрынғыдай қарғыбау жоқ. Алла сақтасын, ертең Украинадағыдай сынақ біздің де басымызға туса - ұйғыр мен түрік, өзбек пен татар кімнің сөзін сөйлейді? Бауырың бауырына алып туласа қайтеміз? Шеттетіп, көзге шұқығаннан қазір біздегі ұйғыр мен түрік, татар мен ноғай қазақша сәлемдеспейді. Барынша орысша шүлдіреуге бейім. Тек, өзбек пен қырғыз ғана бүйрегін бұрып тұрады. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару үшін - сан ғасырлар бұрын енші бөліскен ағайындарымызды қайта бауырға тартайық. Өзге елде екендіктерін еске салып, өгейсітпейік. Сонда біз 10 миллион емес, 15 миллиондық жау ала алмас тас қамалға айналамыз. Досың кім сенің?

Қатысты Мақалалар