Қазақстандықтардың көп бөлігін (86%) Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың өршуі алаңдатады. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 56%-ы осы тақырыптағы жаңалықтар легін тұрақты бақылап отырады. Ал, қазақстандықтардың 14%-н бұл жағдай қызықтырмайды. Олардың 10%-ы Украинадағы жағдайды таныстарының әңгімесінен естіген. Сауалнамаға қатысқандардың 4%-ы көрші елдегі саяси ахуалға бей-жай қарайды екен. Респонденттердің 11%-ы Қырымның Ресейге қосылуын Украина тұрақтығын заңсыз бұзу деп есептейді. Ал, 61%-ы Қырым бұрындары Ресейге тиесілі болған, сол себепті Ресейге қосылуын қолдаймын деп жауап берді. Ал, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 22%-ы бұл мәселе бойынша бейтарап пікір ұстанады. Алайда, бұрыннан бері достық қарым-қатынаста болған екі ел арасындағы дау-дамай оларды алаңдатады. Ал, сұраққа жауап берген азаматтардың 5%-н бұл сұрақ мүлде қызықтырмайды екен. Сондай-ақ, сауалнама нәтижесі Ресейдің ақпарат құралдарының қазақстандықтардың көзқарасына ықпалын көрсетті. Респонденттердің 30%-ы Украинадағы жағдай жайлы ақпаратты ресейлік БАҚ-н алады. Ал, ақпаратты қазақстандық БАҚ құралдарынан алатын респонденттер саны да осы шамалас, 28%. Украиналық ақпарат құралдарынан жаңалықтарды оқитын (көретін) азаматтар тек 0,69%. Батыс елдерінің жаңалықтарын 1,21%-ы ғана көреді. Ал, 36% сауалнамаға қатысқан қазақстандықтар мүмкіндігінше, барлық елдердің ақпарат құралдарын бақылап отыруға тырысады екен. (Онлайн сауалнама нәтижесі бойынша бұл жауап 71%). Сұрақтарға жауап берген тұрғындардың 73%-ы Ресей құрамына қосылған соң, Қырым халқының болашағы жақсарады, себебі олар ықпалды мемлекеттен қолдау табады дейді. Ал, 5%-ы керісінше, олар Украина құрамында болғанда, Еуропамен ықпалдасуға мүмкіндік болатын еді деген жауапты таңдады. (Онлайн сауалнама нәтижесі бойынша бұл жауап 27%). Ресей мен құрамында орыс халқы бар көрші өзге мемлекеттер арасында осыған ұқсас аумақтық жанжалдар болуы мүмкін бе деген сұраққа, респонденттердің
38%-ы болуы мүмкін деп жауап берді. Болуы мүмкін емес деген жауапты таңдаған респонденттер саны да дәл осындай, 38%-ды көрсетті. Олардың төрттен бір бөлігі, яғни 23% -ы жауап беруге қиналамын деген жауапты таңдады.