Дін киім үлгісіне емес, амал мен мазмұнға сүйенеді

/uploads/thumbnail/20170709113935700_small.jpg

Қазақтың қас батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы сөзі бар. Яғни, заңын, ереже-тәртібін сыйламаған елдің болашағы бұлыңғыр деген сөз. Қазақстан өзінің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екенін Конституция арқылы бекітіп, мемлекет пен діннің арақатынасын реттейтін зайырлылық қағидаттарына сүйенеді. Конституция мен ұлттық заңнамалар республика азаматтарына барынша кең құқықтар берумен қатар, бір мезгілде олардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерін де айқындап беретіні анық. Осы тұрғыдан алғанда, соңғы жылдары қоғамда зайырлылық пен жалпыға ортақ тәртіпке, заңға  қатысты біршама түсініспеушіліктер де орын алып отырғаны жасырын емес. Соның бірі – мектептегі, яғни оқушылар арасындағы хиджаб мәселесі.

Айта кетерлігі биыл ҚР Білім және ғылым министрлігінің орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту жөніндегі бұйрығы шыққан болатын. Мұнда мектеп формасына қандай да бір дінге қатыстылықты айқындайтын киім элементтерін қосуға жол берілмейтіндігі белгіленген. Осыдан кейін де қоғам арасында түрлі пікірлер айтыла бастады. Алайда, осы төңіректе әңгімеге бармас бұрын, ұлттық заңнаманың нормаларына да мән бергенді жөн санаған едік.

Қазақстанның мемлекеттік білім беру жүйесі де зайырлы және оның діни білім беру жүйесінен бөлек екенін айта кету керек. Яғни, зайырлылық ұғымы – білім беру мекемелерінде жастар бойында белгілі бір діни көзқарасты қалыптастыруға қарсы екенін білдіреді. Зайырлылық – Ата Заңмен бекітілген мемлекет тұрпаты, сондықтан Конституция негізінде жасақталған ҚР «Білім туралы» Заңы да зайырлылық қағидаттарын басшылыққа алады. ҚР «Білім туралы» Заңына сəйкес білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі білім берудің зайырлы сипаты болып табылады. Аталған заңнама білім беру ұйымдарында діни ұйымдардың құрылымдарын құруға және олардың қызметін жүргізуге, діни ымырасыздық пен айрықшалықты насихаттауға, педагог қызметкерлердің білім беру үдерісін діни насихат жүргізу мақсатында пайдалануына тыйым салынады.

Бұдан бөлек, ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабының 4-тармағында «діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады» деп атап көрсетілген. Яғни, зайырлы мемлекет заңнамалары белгілі бір діни бірлестіктің мақсатын емес, тұтас азаматтық қоғамның мүддесін көздей отырып жасалады. Заң талаптары мен тыйымдары барлық дін өкілдеріне ортақ. Осылайша мектептегі зайырлылыққа қатысты ұстанымдар тек ислам дініне ғана емес, басқа діндерге де тікелей қатысты болып табылады. Осы тұста айта кетерлігі, егер мемелкетте қандай да бір діннің мүддесіне басымдық беретін болса, мұндай жағдай басқа конфессия өкілдері үшін де сынға ұшырап, қоғамда одан бетер әділетсіздік орнаған болар еді.

Ал Білім және ғылым министрлігінің бекіткен талаптарына келсек, онда мектеп формасына қатысты ережелер бір ғана «хиджаб киюді» емес, өзге де діндер элементтерін пайдалануды шектейді. Өйткені кез келген атрибутика, символ, элемент белгілі бір дәрежеде өзі қатысты болып табылатын сенімді насихаттауды білдіреді. Барлық діндердің заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ететіндіктен зайырлылық қағидаттары жеке бір дінді ерекшелеуге жол бермейді. Ал ендігі бір мәселе – егер Қазақстанда барлық конфессияларға құрметтегендіктен, олардың еркіне салып, барлық дін өкілдеріне білім мекемелерінде киім үлгісіне толық еркіндік берген болса не болар еді? Олай істесек, әрбір конфессия өкілдері өздерінің ерекшеліктерін көрсетіп, оқушылар арасында қайшылықтар туындамайды ма? Мұнымен қоса, мектептерде ортақ киім үлгісін бекіту тәжірибесі әлем елдерінде кең таралған. Сондықтан да барлық дін өкілдерінің ортақ заң талаптарына бағынуын талап ету көп конфессиялы Қазақстандағы ішкі тұрақтылықты сақтаудың бірден-бір тетігі. Дінаралық қақтығыстардың орын алмауына мемлекет азаматтары да мүдделі болып, оған заң нормаларын сақтау арқылы үлес қосуы тиіс. Түйіндей айтқанда, мектепте әртүрлі әлеуметтік жағдайдағы отбасылар мен әртүрлі көзқарастағы ортадан шыққан оқушылар ортақ үлгідегі киім киюі керек.

Қазақстан Республикасында азаматтардың діни сенім бостандығы қамтамасыз етілген. Өзге дін өкілдерімен қатар мұсылман азаматтары да бес парызын өтеп, діни құлшылықтарын кедергісіз жүзеге асыруда. Ал мектеп қабырғасында хиджабқа рұқсат берілмеуі білім мекемесінің ішкі тәртібін зайырлылық қағидаттарына сай сақтау мақсатында ғана жасалады. Мектептен тыс орындарда бұл мәселеге қатысты ешқандай тыйымдар көзделмеген. Сондықтан мектептегі хиджаб мәселесін көтеруші азаматтар сенім бостандығына мүмкіндік беретін заңға және басшыға бағынудың әрі азаматтық міндет, әрі мұсылмандық парыз екенін түсінгені жөн.

Мектеп қабырғасында жүрген шектеулі кезеңде хижаб кимеу қыз баланы мұсылманшылықтан шығармайтынын басқалардың да түсінгені дұрыс. Өйткені, дін киім үлгісіне емес, мазмұнға сүйенеді. Әрине, мұнда мазмұны келіссе болды, ашық-шашық жүруге де болады деуден аулақпыз. Дегенмен, кез келген дін үшін сырттағы киім емес, жүректегі иман маңыздырақ.

Түйіндей айтқанда, қоғамдағы әртүрлі ортада бір-біріне қайшы мәселелер туындағанда, соның ішінде дін мәселесіне қатысты пікірлерде қолдау дау-дамай жасаудың қажеті де шамалы. Мектеп оқушыларына қатысты ортақ киім үлгісіне байланысты да жұртты дүрліктірудің қажеті жоқ. Бұл ретте кейбір ата-аналар тарапынан «хиджаб кимеген қыз – мұсылман емес» деп айтылып жүрген көзқарастардың да ислам дінінің қағидаттары мен ұстанымына жат екенін айтуға тиіспіз. Ислам дінінде адамның сыртқы атрибутикалық келбетінен бұрын, оның ішкі жан дүниесіне, иманының шынайылығына үлкен мән беріледі. Бұл «Алла Тағала сендердің түрлерің мен мал-дүниелеріңе қарамайды. Алла Тағала сендердің жүректерің мен амалдарыңа қарайды» деген хадис шарифтен (Әбу Һурайрадан Муслим жеткізген) де көрініс тапқан.

Жастілек Рахмет

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар