Ол 1930 жылы 9 мамырда Түркістан облысы Жуалы (қазіргі Түлкібас ауданы), Майтөбе ауылында дүниеге келген.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы 95 жасына қараған шағында дүниеден өтті.
Суыт хабарды әлеуметтік желідегі парақшасында белгілі композитор Әбиірбек Тінәлі мәлімдеді.
"Мекемтас Мырзахметов аға өтіпті өмірден. Топырағыңыз торқа болсын, аға", – деп жазды өнер иесі.
Айта кетейік, Мекемтас Мырзахметұлының зерттеу еңбектерінде абайтану мен мұхтартану, бауыржантану, ясауитанудың, Абайдың ақындық зертханасының жайы, ақын мұрасының рухани нәр алған қайнар көздері мен шығыспен байланысы 1965 жылдан бастап ден қойылған.
Мекемтас Мырзахметұлы – отбасының кенжесі. Отбасында 12 бала болған. Бірі ашаршылық жылдары өмірден өтсе, енді бірі соғыстан оралмаған, арасында қызылшамен ауырып, дүниеден өткені бар. 12 баладан бір ұл, бір қыз қалған. Ата-анасы баласы жастай шешектен өле бергендіктен, "тастай қатты, бекем болсын" деген ниетпен кенже баласының есімін Мекемтас қойыпты.
Әкесі Мырзахмет 1933 жылы дүниеден өткен. Ашаршылық жылдары анасы сегіз айлық қызы мен төрт жарым жасар Мекемтасты алып, басқа ауылға қарай жолға шыққан. Тау мен тастың арасынан өтіп, ауылға жақындаған тұста қасқырларға тап болып, анасы шарасыздықтан қызын қасқырларға қалдырып, ұлын аман алып қалған.
Пікір қалдыру