Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатына шолу

/uploads/thumbnail/20170709132939935_small.png

 

Қазақстан халықаралық саясатта беделі бар ел, көптеген интеграциялық бірлестіктердің бастамашысы ретінде танылып жүр. 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғаннан кейін ең ірі әлемдік және аймақтық деңгейдегі ұйымдарға мүше атанды. Ядролық қаруды қаруды таратпау саласында еліміз бүкіл әлемге үлгі көрсетті, Бүгінде Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі және т.б. халықаралық ұйымдардың белді мүшесі. Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін, ЕҚЫҰ саммитін, экономика, спорт, саясат саласындағы талай форумдар мен маңызды кездесулер өткізді. Алдағы жоспарлар да аз емес. 2017 жылы елордада ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі өтеді, 2017-2018 жылдары Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланбақ ниетте. Биылғы жылы сыртқы саясат саласында қандай жұмыстар атқарылып жатыр. «ҚазАқпарат» Қазақстанның халықаралық арендағы қызметі жөніндегі ең қызықты материалдарына шолудың бесінші бөлімін ұсынады.

***

Елбасы және Қазақстанның сыртқы саясаты

1991 жылдан бастап сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар саласында көптеген шаралар іске асырылды. Қазақстан өзінің барлық көршілерімен, негізгі әріптес мемлекеттерімен байыпты және болжауға болатындай байсалды қарым-қатынастар орнатты. Сыртқы саясаттың негізгі діңгегі - көпвекторлық жол, яғни көп бағыттылық. Ол - еліміздің геосаяси жағынан орналасуына байланысты өмірдің өзі талап етіп отырған қалыпты жағдай. Өткен уақыт ішінде Қазақстан Республикасын дүние жүзінің 180-нен астам мемлекеті таныды. Қазақстан 120-дан астам елмен дипломатиялық қатынастар орнатты. Шет елдерде 40-тан астам дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашылды. Ал Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлтаралық ұйымдардың ондаған өкілдігі жұмыс істейді.

Бұл тұрғыда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Елбасымыздың көреген, сарабдал саясатын төрткүл дүние мойындап отыр. Соның бір мысалы, Сенат Маршалының айтуынша, Польша Н.Назарбаевтың тамыз айына елімізге жоспарлаған сапарына үлкен маңыз береді. Бұл туралы Польша Республикасы Сенатының Маршалы Станислав Карчевский ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінен соң мәлім етті.

«Біз Қазақстанды осы өңірдегі экономикалық және саяси ынтымақтастық мәселелері және сауда мен инвестициялар үшін маңызды стратегиялық әріптес мемлекет ретінде санаймыз. Мен осы сапарымыздың екі елдің арасындағы ынтымақтастық пен өзара байланыстарға оң әсер ететініне сенімдімін. Сонымен қатар, біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылдың тамыз айына жоспарланған елімізге сапарына үлкен маңыз береміз. Бұл Польша Президенті Анджей Дуда мырза мен барша поляктар күтіп отырған аса маңызды сапар болады деген сенімдеміз», - деді С.Карчевский.

Сонымен қатар, мейман Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевпен кездесу барысында халықаралық қатынастар аясындағы Қазақстан-Польша ынтымақтастығына байланысты мәселелер қозғалғанын атап өтті. Айта кетерлігі, бұл сапар ҚР Парламенті Сенатының Төрағасының шақыруына орайластырылып отыр.

Елбасының айтуынша, 25 жыл ішінде Қазақстанға 255 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Астана экономикалық форумының жалпы отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің 25 жылдағы жетістіктерін қорытындылады. «Біз ірі трансұлттық компаниялармен тиімді ынтымақтастық орната білдік. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 255 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Сондықтан, Қазақстанға сенген барлық компаняларға алғыс айтқым келеді», - деді Мемлекет басшысы. Бұл ретте, Елбасы шетелдік инвестиция - Қазақстан мен Қазақстандағы реформаларға деген үлкен сенімнің дәлелі екенін атап өтті.

Осы форумға қатысу барысында ҚР Президенті «Жасыл» экономиканы дамыту мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың жол картасын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлады ақорданың баспасөз қызметі. Жалпы отырыс барысында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Жаңа экономикалық жағдай: әртараптандыру, инновация және білім экономикасы» тақырыбымен өткен биылғы форумының қорытындысы шығарылды.

Отырысқа сарапшылық қоғамдастықтың танымал өкілдері, саясаткерлер, бизнесмендер, ірі қаржы құрылымдарының басшылары қатысып, сөз сөйледі. Олардың қатарында Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Р.Азеведо, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті С.Чакрабарти, интернет коммерциясы саласындағы AliBaba Group қытай компаниясының негізін қалаушы Д.Ма, Колумбия университеті Жер институтының директоры және британдық The Economist журналының тұжырымы бойынша ең ықпалды әлемдік үш экономистің бірі Д.Сакс, Массачусетс технология институтының экономика профессоры, Джон Бейтс Кларк медалінің 2005 жылғы иегері Д.Аджемоглу бар. Отырыс барысында сондай-ақ Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры К.Лагардтың арнаулы бейне-үндеуі көрсетілді. Қазақстан Президенті отырыста сөйлеген сөзінде «инклюзивті жаһандану» жолын таңдау қажеттігіне, онда экономикалық өсім әрбір елдің дамуы мен халқының әл-ауқатын арттыруға тиімді трансформацияланатынына назар аударды.

- Әлемдік экономиканың осындай өсімі ғана орнықты болады, біз соған ұмтылуға тиіспіз. Бұл жаһандық деңгейде бірлескен күш-жігер жұмылдыруды және ұлттық экономика деңгейіндегі іс-қимылдарды үйлестіруді қажет ететін ұзақ, күрделі әрі ауыр трансформация жолы, - деді Мемлекет басшысы. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар жаһандық бастамалар көтерді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы дамушы және кедей елдердегі адами капиталды дамытудың маңыздылығын атап өтті.

- Сауатты, білімді, денсаулығы мықты және іскер адамдарсыз ешбір мемлекет дами алмайды. Біз білім беру мен денсаулық сақтаудың тиімді жүйесін құру қаншалықты қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Бұл төзімді, білім мен мол инвестицияны қажет етеді. Қазақстан бұл бағытта жақсы ілгеріледі деп есептеймін. Алайда, бұған қол жеткізе алмаған көптеген елдер бар. Осы мәселені шешу үшін БҰҰ аясында Адами капиталды дамыту қорын құруды ұсынамын. Оның басты міндеті кедей елдердегі білім беру мен денсаулық сақтау сапасын жақсарту болуы тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті экономикалық өсімді қайта жандандыру үшін барлық қажетті жағдайды жасау керектігін, ол үшін кірісті алыпсатарлық сипаттағы қаржы салаларына аудармай, білім беруге, денсаулық сақтауға және инфрақұрылымдарға қайта инвестициялауды білдіретінін айтты.

- Бүгінде сарапшылардың бағалауы бойынша оффшорлық есепшоттарда 30-дан 40 триллион долларға дейін сақтаулы жатыр. Осы активтерге тіпті бір пайыздық жаһандық салық енгізу дамушы елдердегі білім беру мен денсаулық сақтау саласын жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік берер еді. Осы салықтан түсетін қаражатты жоғарыда аталған Адами капиталды дамыту қорына бағыттауға болады. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк жаһандық экономиканы оффшорсыздандыру жөнінде тиімді шаралар ұсынуға тиіс деп есептеймін, - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі кезде экономикалық пайда табу үшін жанталасу барысында қоршаған ортаның кешенді мәселелері назардан тыс қалып жатқанын атап өтті.

- Климат өзгерістерінің алдын алу жөніндегі жаһандық бастама өте маңызды, бірақ өзге проблемаларды да ұмытпау керек. Париж келісімі негізінде «Жасыл» экономиканы дамыту мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың жол картасын әзірлеуді ұсынамын. Ол тек зиянды қалдықтарды ауаға таратуды азайтуды ғана емес, жерді, тұщы суды, биоортаны сақтау шараларын да қамтуға тиіс. Бұл ретте жауапкершілікті тек елдер ғана емес, жаһандық корпорациялар да өз мойнына алуы қажет, - деді Қазақстан Президенті. Соңында Мемлекет басшысы әлемде қазір халықаралық диалогтың сан алуан форматы бар екеніне, жаһандық және өңірлік экономикалық форумдар өткізіліп жүргеніне назар аударды.

- Әзірленіп жатқан шешімдерді нақты енгізу ісінің келісілуі мен үйлестірілуін қамтамасыз ету маңызды. Бұл ретте барлық елдің пікірін ескеру керек. БҰҰ құрылымы аясында немесе оның қолдауымен сондай үйлестіру ісін қамтамасыз ететін арнаулы комитет құру қажеттігі пісіп-жетілді. Қазақстанда қолданылып отырған, 140 елдегі 30 мыңнан астам сарапшының басын қосатын «G-global» виртуальды интерактивті алаңын белсенді түрде пайдалануды ұсынамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

"ҚазАқпарат" Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ІХ Астана экономикалық Форумында сөйлеген сөзінің толық мәтінін таратты.

«Бүгінгі форумға қатысу үшін баршаларыңыздың уақыт бөліп, біздің елді құрметтеп, қонақжай қазақ жеріне келгендеріңіз үшін шын жүрегімнен ризашылығымды білдіремін! Астана экономикалық форумы сан түрлі мәселелерді талқылап, нақты шешімдерді қарастыратын маңызды шараға айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы, Дүниежүзілік Сауда Ұйымы сияқты жаһандық халықаралық ұйымдар мен Дүниежүзілік Банк, Еуропаның Қайта құру және Даму Банкі, Азия Даму Банкі сияқты халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері - форумның тұрақты қонақтары. Биыл қатысушылар қатарын Халықаралық Валюта Қоры, Боао экономикалық форумы сияқты беделді ұйымдар толықтырды. Сондай-ақ The Economist, Financial Times сияқты әлемге әйгілі экономикалық басылымдар өкілдері де келіп отыр. Дүние жүзіне танымал ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары, әлемдік инвесторлар, Американың, Еуропа мен Азияның ірі корпорациялары қызметкерлері де форумға қатысуда. Қазақстан экономикалық және әлеуметтік даму туралы, өңірдің және тұтас әлемнің әл-ауқаты мен өркендеуін қамтамасыз ету жөніндегі сындарлы идеялар мен көзқарастарды талқылауға әрдайым әзір. Биыл біз іргелі тақырып - жаңа экономикалық нақты ахуалды қарастырамыз. Жаңа нақты ахуалдың қандай болатыны біздің таңдауымыз бен әрекетімізге тікелей байланысты. Бұл күндері мен осы форумның аясында дүние жүзінің көп ғалымдарымен, саясаткерлер және экономистермен кездестім. Қазақстандағы жағдайды, біздің ұстанымды шараларымызды қалай бағалайтыны, қандай кеңес беретіндері туралы пікір алмастық. Бұл біз үшін өте пайдалы және маңызды мәселелер еді. Дағдарысқа қарсы біз жүргізіп жатқан жұмыстардың барлығына дұрыс баға беріп, қолдағандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін», - деді Мемлекет басшысы. 
Елбасының айтуынша, біздің бәрімізді жаһандық экономикада не болып жатқаны қызықтырады. «Сіздердің көпшілігіңіз әлем жаңа экономикалық циклға еніп келе жатыр деген тұжырыммен келісетін шығарсыздар деп ойлаймын. Біз даму үшін жаһандық экономикаға тұрақты да берік негіз табудың сәті келмей отырғанын көріп отырмыз. Өсу қарқыны бірнеше жылдан бері баяулау үстінде. 2015 жылы әлемдік ІЖӨ небәрі 3,5%-ға ғана ұлғайды - бұл дағдарыстан кейінгі ең нашар көрсеткіш. Шикізат ресурстарының бағасының құлдырауы экспорттаушы елдердің табысын азайтты және сонымен бір мезгілде импорттаушы елдерге дефляциялық қысымды күшейтті. Нәтижесінде бәрі де ұтылды. 2015 жылы дамушы рыноктардан капиталдың кері қайтуы 750 миллиард доллардан асты. Нәтижесінде бұл елдердегі өсім айтарлықтай баяулады. Сонымен бірге дамыған елдерге капиталдың келуі қосымша өсімді қамтамасыз еткен жоқ. Бұл капиталдың елеулі бөлігі жаңа өнімді инвестициялауға емес, бір-біріне қосылу мен бір-бірін жұтып қою мәмілелеріне бағытталды. Бұл дисбаланстың кенеттен пайда болмағанын, ұзақ жылдар бойы қордаланып келгенін түсінудің маңызы зор. 2008 жылы жаһандық «қаржы көбігі» жарылғаннан кейін олар киіп-жарып сыртқа шықты», - деген Қазақстан Президенті проблеманың мәніне назар аударуды ұсынды.

«Соңғы 30 жыл бойына біз бұрын-соңды болмаған жаңғырулардың куәгері болдық. Әлемдік экономика жедел қарқынмен өсті және жаһанданудың арқасында ол өсім іс жүзінде бүкіл әлемге тарады. Тарихта алғаш рет дамушы рыноктар бірінші орынға шықты. Тек соңғы 15 жылда ғана дамушы елдердің жиынтық ішкі жалпы өнімі 4 еседен астамға артты, олардың жаһандық экономикадағы үлесі екі еселенді және 2015 жылы шамамен 40%-ды құрады. Жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіші бойынша дамыған және дамушы мемлекеттер арасындағы айырмашылық 20-дан 9 есеге дейін қысқарды. Осы елдерде 6 миллиардтан астам адам өмір сүретінін ескергенде, бұл - өте маңызды жетістік. Дегенмен, әлемдік экономиканың ырғақты өсімі толыққанды дамуға трансформацияланған жоқ. Экономикалық тиімділіктер тепе-тең тараған жоқ. Қаржының үлкен көлемі дамушы елдерден шығарылды да, олар қайта инвестицияланбады. Табыстарды бөлудегі теңсіздік орасан зор қарқынмен өсті. Неғұрлым ауқатты азаматтар өз дәулеттерін еселеп ұлғайтып жатқанда, орта таптың тұрмыс деңгейі іс жүзінде өзгеріссіз қалды. Кедей елдердегі адам капиталының дамуы жаңа экономика талаптарынан едәуір артта қалып қойды. Мәселен, бұл өңірлерде бүкіл әлем балаларының 45%-ы өмір сүретініне қарамастан Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африканың дамушы елдеріне әлемдік білім беру шығындарының тек 3,5%-ы ғана тиесілі. Бұл мемлекеттерде 50 миллиондай бала мүлде мектептерге бармайды, 250 миллион оқушы қарапайым сауаттылықтан ада.

Тиімді нарық институттарын құруға бағытталған құрылымдық реформалар мейлінше баяу жүргізілді. Бүгінде әлемді, сарапшылардың пайымдауынша, төртінші өнеркәсіптік революцияға бастайтын терең технологиялық жаңғырулар қамтып отыр. Экономикалық дамудың негізінің өзі түбірлі түрде өзгеруде. Біз «ресурстар экономикасынан» «білімдер мен инновациялар экономикасына» түпкілікті көшудеміз. Сонымен бірге, көптеген дамушы елдерде өсім үшін ішкі әлеует қалыптасқан жоқ. Бұл, менің пайымдауымша, жаһандық экономиканың ұзақмерзімді тұрақтылығына нұқсан келтіретін іргелі проблема», - деді Н. Назарбаев. 
Елбасының айтуынша, бүгінде әлем елдебір жолайрықта тұр, және одан арғы жаһандық дамудың қандай жолмен жүзеге асатындығы көбіне-көп бүкіл әлем қоғамдастығының үйлесімді іс-қимылына байланысты болмақ. Оқиғалардың әрі қарай дамуы ықтимал сценарийлердің бірі - әлемдік экономиканы фрагменттеу. Қазіргі уақытта үкіметтер мен орталық банктерде экономикалық белсенділікті жандандыру үшін мүмкіндіктер барған сайын азая түсуде. Мұндай жағдайда протекционизмге салынып, сыртқы әлемнен бой тасалауға қарай елігушілік өте зор.

«Біз қазірдің өзінде мұндай саясаттың көптеген жекелеген мысалдарын көріп отырмыз. Ол жеке сауда блоктарын құруға, капиталдың қозғалуына шектеулер енгізуге, өзара санкцияларға, сауда үшін кедергілерді ұлғайтуға қатысты. Менің пайымдауымша, бұл - ұзақ мерзім бойы бүкіл елдерге нұқсан келтіретін, ал өзінің радикалдық фазасында бүкіл әлемдегі текетірестердің ұлғаюына соқтыратын тұйық жол. Барлығы әскери, экономикалық және саяси блоктарға бөлінген «қырғи-қабақ соғыс» кезеңі күні бүгінге дейін менің есімде. Онда дұрыс бәсекелестік идеологиясы, яғни «өзің үшін жақсы жасау» идеясы «көршіңе жамандық жасау» текетіресімен алмастырылды. Тек «темір перде» ысырылғаннан кейін ғана әлем еркін тыныс алып, халықаралық экономика өсе түсті. Кейін шегінуге және осы жетістіктерді жоғалтуға жол беруге болмайды.

Жаһандану табиғи және бұлжымас үдеріске айналды. Қазіргі заманғы әлемде сенің төңірегінде тұрақсыздық, соғыстар мен күйзелістер болған жағдайда елдердің әл-ауқатын қамтамасыз етуге болмайтынын Еуропалық одақтағы босқындарға қатысты дағдарыс іс жүзінде көрсетіп берді. Мен бізге басқа жолды - экономикалық өсім әр елдің дамуына және тұрғындарының әл-ауқатының артуына тиімді трансформацияланатын «инклюзивті жаһандану» жолын таңдау қажет деп есептеймін. Әлемдік экономиканың осындай өсімі ғана тұрақты бола алады және біз соған ұмтылуға тиіспіз. Бұл - жаһандық деңгейде бірлескен күш-жігерді және ұлттық экономикалар деңгейінде іс-қимылдарды үйлестіруді талап ететін трансформацияланудың ұзақ, күрделі және ауыр жолы. Мен өсім әлеуетін қалыптастыруы мүмкін бірқатар жаһандық бастамаларды көріп тұрмын.

Біріншіден, біз дамушы және ең кедей елдердегі адами капиталдың дамуына басты назар аударуымыз керек. Ешқандай мемлекет сауатты, білімді, дені сау және іскер адамдарсыз дами алмайды. Біз білім беру мен денсаулық сақтаудың тиімді жүйесін құрудың қаншалықты қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз - бұл шыдамдылықты, білімді және үлкен инвестицияларды қажет етеді. Мен Қазақстан бұл салаларда жақсы алға басты деп есептеймін. Дегенмен, бұл істің сәті түспеген көптеген елдер де бар. Осы проблеманы шешу үшін БҰҰ қолдауымен Адами капиталды дамыту қорын құруды ұсынамын. Ең кедей елдердегі білім беру мен денсаулық сақтау сапасын жақсарту оның басты міндеті болуы тиіс. ЮНЕСКО-ның мәліметтері бойынша, кедей елдердегі жалпыға бірдей базалық білім беруді қамтамасыз ету үшін жылына шамамен 50 млрд доллар қажет. Бұл проблеманы тек халықаралық қоғамдастықтың бірлескен күш-жігерлері арқылы ғана шешуге болады.

Екіншіден, экономикалық өсім қайта қордаланып отыруы үшін, яғни алыпсатар қаржы салаларына аударылып кетпей немесе оффшорлық аймақтарда қалып қоймай, кірістер жаңа өндірістерге, білім беруді, денсаулық сақтау мен инфрақұрылымды дамытуға қайта инвестициялануы үшін барлық жағдайды жасау керек. Бүгінде, сарапшылардың бағалауынша, оффшорлық есепшоттарда 30-дан 40 триллион долларға дейін сақталуда. Осы активтерге жаһандық салықтың бір пайызын ғана енгізудің өзі дамушы елдердегі білім беру мен денсаулық сақтауды жаңа сапалы деңгейге көтеруге жағдай жасар еді. Ол салықтан түсетін қаржыны жоғарыда аталған Адами капиталды дамыту қорына бағыттауға болады. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк жаһандық экономиканы оффшорсыздандыру бойынша пәрменді шаралар ұсынуы керек.

Үшіншіден, бүгінде экономикалық пайда табу үшін жанталасу кезінде қоршаған ортаның кешенді мәселелері назардан тыс қалуда. Климаттық өзгерістерге қарсы іс-қимыл жөніндегі жаһандық бастаманың маңызы да өте зор, бірақ, басқа да проблемаларды ұмытуға болмайды. Париж келісімінің базасында «жасыл» экономиканы дамытудың жол картасы мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөніндегі келісімшарт жасауды ұсынамын. Ол ауаға зиянды қалдықтарды шығаруды азайтып қана қоймай, жерді, тұщы суды, биоортаны сақтау жөніндегі шараларды қарастыруы қажет. Оның үстіне жауапкершілікті тек елдер ғана емес, сондай-ақ, жаһандық корпорациялар да мойындарына алулары тиіс. Өткен жылы оның орнына келген Киото хаттамасы мен Париж келісімі елдерге СО2 шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелер қалыптастырады. Сонымен бір мезгілде, су ресурстары, биоортаны сақтау, жердің тозуына жол бермеу, табиғатты тиімді пайдалану мәселелері тек ұлттық және өңірлік деңгейлерде шешілуде. Осы мәселелер бойынша жаһандық диалог жоқ. Бұдан бөлек, қолданыстағы барлық пішімдер елдердің қатысуын қарастырғанымен, ТҰК те ірі табиғат пайдаланушы болып табылады.

Төртіншіден, әр елдің ұлттық деңгейде ауқымды құрылымдық реформалар жүргізгені маңызды», - деді Н. Назарбаев.
«Қазақстан - жас мемлекет, үстіміздегі жылы біз тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтеміз. Ширек ғасыр бедерінде біз картада жоқ мемлекеттен табысы орташа деңгейлі, әлемдегі бәсекеге аса қабілетті 50 елдің құрамына енген мемлекеттің жолын жүріп өттік. Осы кезеңде біз әкімшіл-әміршіл басқарудағы мешеу қалған экономикадан ашық нарықтық экономикаға өтуге толық қол жеткізе алдық. Қайта жаңғыртулар өте қиын жүрді және жанға бататындай болды, әлі көп нәрсе істеу керек. Алайда, жүргізілген реформалардың басты нәтижесі азаматтарымыздың әл-ауқатын түбегейлі жақсарту болды.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның ішкі жалпы өнімі доллармен есептегенде 20 есе, орташа еңбекақы 17 есе өсті. Шамамен 2 миллион жұмыс орны ашылды. Серпінді экономикалық өсім жағдайында біз табыстарда соншалықты бір айырмашылықтарға жол бермедік. Кедейшілік айтарлықтай азайды. Егер 90-шы жылдардың басында әрбір үшінші адам Қазақстанда кедейшілік шегінің арғы жағында өмір сүрсе, бүгінде кедейшілік деңгейі 3%-дан да төмен.

Экономикалық өсім өрлеп тұрған кездің өзінде де біз жалпыға бірдей тұтыну үрдісіне жол бермедік. Біз үшін адами капиталға инвестициялар салу, инфрақұрылымдарды дамыту, индустрияландыру және қазақстандықтардың болашақ ұрпағы үшін қор жасау басты басымдықтар болды және болып қалып отыр. Тәуелсіздік жылдарында шамамен 1400 мектеп пен 1300 денсаулық сақтау нысандары салынды. Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік сала шығындары ІЖӨ-нің 6%-ынан 10%-ынан астамға дейін өсті. Қазақстандықтардың орташа өмір жасы 72-ге ұлғайды. 100 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, халықтың баспанамен қамтамасыз етілуі бір жарым есеге ұлғайды. Республикалық маңызы бар 10,5 мың шақырым автомобиль жолы салынды және жөнделді. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 6 жылда 3,8 триллион теңгеге 900 жоба қолданысқа енгізіліп, 85 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Елдің халықаралық резервінің көлемі, Ұлттық қор қаржыларын қоса алғанда, 95 миллиард долларды құрап, ІЖӨ-нің 50%-ына дейін артты.

Біз жетекші трансұлттық корпорациялармен тиімді ынтымақтастықты жолға қоя білдік. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 255 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл - елімізге және жүргізіліп жатқан реформаларға деген сенімнің көрсеткіші.

Қазақстан қашанда интеграция мен өзара іс-қимылдың жақтаушысы болып келді, Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын қолдады. Бүгінде ЕАЭО ақиқатқа айналды және 180 миллионнан астам халқы бар 5 елдің басын біріктіріп отыр. 2015 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына толыққанды мүше болды», - деді Елбасы. 
Н. Назарбаевтың айтуынша, өткен жылы біз аса маңызды бес институттық реформаны жүзеге асыруға кірістік. Бұл жаңғыртулар заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат құруға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, индустрияландыру мен экономикалық өсімге, қазақстандықтарды болашақтың біртұтас ұлтына топтастыру мен мемлекеттің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. «100 нақты қадам» ұлт жоспары қабылданып, оны жүзеге асыру үшін заңнамаға өзгеріс енгізіліп үлгерілді. Бұл - әлемде болып жатқан түрлі теріс үрдістерге (трендтерге) басты жауап.

«Қазақстан басты мақсаты әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына қосылу болып табылатын 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын жүзеге асыруда. Алдағы онжылдықтың шешуші міндеті - елді дамытудың мүлде жаңа моделін қалыптастыру. Қазақстан экономикалық өсімді жандандырып, бәсекеге қабілеттілікті нығайтатын орасан зор әлеуетке ие. Біз өзіміздің ұзақ мерзімді өсіп-өркендеуіміз бен орнықтылығымызды тек қана еліміздің аса бай табиғи ресурстарға тәуелділігіне байлап қоймаймыз. Осыған орай негізгі міндет -экономикалық өсімнің жаңа қозғаушы күштерін (драйверлерін) қалыптастыру, индустрияландыруды жалғастыру, халықтың жоғары табысы мен сапалы адами капиталы бар жеке секторға басымдық берілетін заманауи экономика орнықтыру.

Экономикалық өсім көбінесе еңбек өнімділігінің, жекеменшік инвестициялардың және бәсекелестіктің өсімімен қамтамасыз етілетін болады. Дамудың жаңа экономикалық моделін қалыптастыру барлық саладағы құрылымдық өзгерістерге негіз қалайды. Біз күш-жігерімізді мемлекеттік секторда жүргізіліп келе жатқан саясаттың тиімділігін арттыруға және мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша ІЖӨ-нің 15%-ына дейін төмендетуге жұмсайтын боламыз. Біздің экономиканың нақты секторындағы негізгі міндетіміз - нарықтық институттарды нығайту, еркін бәсекелестікті дамыту мен жеке іскерлік бастаманы ынталандыру. Біз әлеуметтік-қоғамдық салада адами капиталды дамытуға инвестиция салуды белсенді түрде жалғастырамыз, бірақ мемлекеттің, бизнес пен азаматтың жауапкершілігін нақты бөліп көрсететін боламыз», - деді Н. Назарбаев.

«Қазақстан өзінің салыстырмалы түрде қысқа ғана тарихында көптеген экономикалық сілкіністерді - 90-шы жылдардағы ауқымды экономикалық коллапстан бастап, 2000-шы жылдардағы естен тандырарлықтай жан-жақты сыртқы сілкіністерге дейін еңсере алды. Біздің басты қағидаттарымыз - экономикалық прагматизм, реформаларды жүзеге асырудағы дәйектілік пен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға күш салу - бізге барлық қиындықтардан өтуге мүмкіндік беріп, біздерді күштірек ете түсті.

Бүгінде барлық елдер қиындықтарды бастарынан өткеру және ұлттық эгоизмге ерік бермей, әлем алдында тұрған сын-қатерлерді еңсеру ісінде бірлесіп жол таба білу маңызды. Халықаралық диалогтың түрлі пішімдері бар: G-7, G-20. Жаһандық және өңірлік экономикалық форумдар, мәселен, Давостағы, Боаодағы, біздің Астанадағы секілді кездесулер өткізіліп келеді. Әзірленген шешімдерді нақты іс жүзінде пайдалану барысында келісушілік пен үйлесімділікті қамтамасыз ету маңызды. Бұл жерде барлық елдердің пікірі ескерілуге тиіс. БҰҰ құрылымында немесе оның жанынан осындай үйлестіру ісін қамтамасыз ететін арнаулы комитет құратын уақыт жетті. Қазақстанда қолданылып келе жатқан, 140 елден 30 мыңнан астам сарапшының басын біріктіретін «G-global» виртуалды интерактивті алаңын белсенді түрде пайдалануды ұсынамын.Сөзімді аяқтай келе, форумның барлық қатысушыларына жемісті жұмыстары үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Оның қорытындылары жаһандық дамудың ортақ қазынасына қосылатыны анық. Форумның барлық қатысушылары мен қонақтарына зор денсаулық пен табыс тілеймін!», - деді Мемлекет басшысы.

Елбасы бастамасымен құрылған ЕАЭО мақсаты - мүше елдер арасында бірыңғай нарық қалыптастыру ғана емес, халықтардың келісімде өмір сүруіне жағдай жасау. Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысы өтті. «Бүгін мен сіздерді біздің Еуразиялық экономикалық одағымызды одан әрі дамытудың маңызды мәселелерін талқылау үшін Астанада көргеніме қуаныштымын. Ең алдымен, барлықтарыңызды осыдан екі жыл бұрын, 29 мамырда Астанада Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуының екінші жылдығы сынды маңызды датамен құттықтағым келеді. Ресей Федерациясы, Қазақстан және Беларусь бастап беріп, құрамы Армения және Қырғызстанмен толықты және ЕАЭО қызметі қарқын алып келе жатыр. Бүгін біз экономикалық бірлестік қызметінің өзекті, маңызды мәселелерін талқылап, шешім қабылдау үшін жиналып отырмыз. Күн тәртібінде 14 мәселе бар», - деді отырысты ашқан ҚР Президенті.

Айта кетейік, кеңес жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Армения Президенті Серж Саргсян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қатысты. ЕАЭО елдерінің көшбасшылары газ, мұнай және мұнай өнімдері орталық нарығын қалыптастыруды қоса алғанда, ықпалдастықты тереңдетудің перспективаларын талқылайды, шет елдермен және өңірлік ықпалдастық бірлестіктерімен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге қатысты пікір алмасуда. Келіссөздер қорытындысында ЕАЭО қызмет етуінің практикалық мәселелері бойынша бірқатар құжаттар қабылданды.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Ақордада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Қазақстан ЕАЭО одан әрі қарқынды дамуы үшін барлық күш-жігерін жұмсайды, деді. Жиынға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.

Іс-шара барасында Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары қарастырылды. Қазақстан Президенті қатысушылардың барлығын ЕАЭО туралы келісімнің жасалғанына екі жыл толуымен құттықтады.

«Бұл құжатқа 2014 жылғы 29 мамырда Ресей, Қазақстан және Беларусь елдері осында, Астанада қол қойды. Қысқа уақыт ішінде біздің қатарымыз Армения және Қырғызстанмен толықты. құрылғанына аз ғана мерзім өткенімен және бастапқыдағы экономикалық қиындықтарға қарамастан, бүгінде ЕАЭО толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Экономикаларымызды жақындастыру ісі енді ЕАЭО туралы келісімде белгілеген жоспарлар мен мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылуда. Үкіметтер және бизнес қауымы бір-бірімен ынтымақтасудың қажетті тәжірибесін жинақтап жатыр. Өзара іс-қимылдың ішкі мәселелері негізінен регламенттелді. Қойылған міндеттер мен одақ қызметі қағидаттарының жүзеге асырылуы мемлекеттеріміздің экономикасына қуатты серпін беретініне сенімдімін», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлем бойынша экономикалық бірлестікке мүдделілік артып, ЕАЭО-ның халықаралық байланыстарын барған сайын қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Осы орайда, ұйымның төрағасы ретіндегі менің ұсынысыммен, 2016 жыл «Үшінші елдермен және негізгі интеграциялық бірлестіктермен ЕАЭО-ның экономикалық қарым-қатынастарын тереңдету жылы» болып жарияланды. Өз үндеуімде ЕАЭО-ны біз әлемдік экономикалық жүйеге үйлесімді түрде кіріккен, Еуропа мен Азия арасындағы дәнекер қызметін атқаратын ашық қоғамдастық ретінде көретінімізді атап өткен едім. Былтыр Вьетнаммен арада еркін сауда аймағын құру туралы ЕАЭО-ның алғашқы келісімшартына қол қойылды. Бүгінде ҚХР, Үндістан, Израиль, Мысыр, Иран, Камбоджа және өзге де көптеген елдермен ынтымақтасу мәселелері жөнінде жұмыс жүргізілуде. ЕАЭО-ның ЕО, ШЫҰ, АСЕАН және өзге интеграциялық бірлестіктермен де сауда-экономикалық байланыстарын жолға қою мүмкіндіктері бөлек қарастырылуда», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ЕАЭО-ның бірлескен нарығы Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы байланыстырушы буын болуға тиіс екендігін айтты.

«Одақ аясында тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысы қытай басшылығы ұсынған «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасына сәйкес келеді. Бұл жоба ынтымақтастықтың біздің елдеріміз үшін экономикалық пайда және өзара мүдделілік тудыратын салаларын қамтиды деп жоспарланып отыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті біздің елде жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы мен оларды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Олар - трансқұрлықтық «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомобиль дәлізінің қазақстандық бөлігі, «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржолы, Ляньюньган қытай портындағы логистикалық терминал сияқты жобалар. Каспий жағасында Құрық паром кешенінің құрылысы жүруде. Осылайша, Қазақстан ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыра отырып, осы көлік жолдары арқылы өңіраралық өзара іс-қимыл үшін сенімді платформа қалыптастыруда», - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономикада болып жатқан ұнамсыз жайттардың барлығы үшін сынақ екеніне, ЕАЭО аясында мейлінше жүйелі жұмыс жүргізуді талап ететініне назар аударды.

«Өзара сауданың күрт төмендеуін сезініп отырған қазіргі кезде бізге осы қиын жағдайда өзара іс-қимылдың өзге жолдарын табу мүмкіндігін іздестірген жөн. Бірлестік аясында ынтымақтасу бізге ресурстарды шоғырландырып, экономикалық тұрғыдан бірлесе даму үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бүгінгі жиынның күн тәртібіндегі мәселелердің көптігін айтты. «Онда ЕАЭО-ның ішкі өзара іс-қимылының да, халықаралық ынтымақтастығының да аспектілері де қамтылған. Осы ретте біз шағын құрамда өткен кездесу барысында талқылаған мына мәселелердің маңыздылығын атап өтейін: ЕАЭО мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою, ҚХР-мен келіссөз үдерісін бастау. Жалпы, бүгін қабылданған шешімдер ЕАЭО жұмысына және оған мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарға қосымша қарқын үстеуге тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті биыл ЕАЭО-ға біздің елдің төрағалық ететінін ескере келіп, интеграциялық бірлестіктің одан әрі табысты әрі қарқынды дамуы үшін барлық күш-жігердің жұмсалатынына сендірді.

Армения Президенті С.Саргсян экономикалық интеграция макроэкономикалық деңгейдегі қадамдарды үйлестірудің деңгейін арттыруды талап ететінін атап өтті. «Осы ретте, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 2016-2017 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарларын жүйелі іске асыруға және экономикалық әлеуетімізді арттыру жөніндегі бұдан арғы пәрменді тетіктерді әзірлеуге зор мән береміз. Бұл біздің елдеріміздің экономикасының орнықтылығын арттыруға және қалыптасып отырған жағымсыз экономикалық ахуал салдарларын еңсеруге септігін тигізеді. Біз жалпы әлемдік саясат пен экономикағы өңірлік құрылымдардың үлесін арттыру үдерісі жағдайында интеграциямыздың экономикалық серіктестіктің барлық мүдделі тараптармен кең ауқымдағы ынтымақтастықтың ашық, тартымды үлгісіне айналуы жолында барлығын жасауға тиіспіз», - деді С.Саргсян.

Беларусь Президенті А.Лукашенко ЕАЭО-ны дамыту мақсатымен алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру барысындағы қиындықтарға тоқталды. Атап айтқанда, өзара саудадағы ішкі алымдар мен шектеулерден құтылу, мүше елдің бірінің үшінші елдерден нарықты қорғауда біржақты шаралар қолдануы жағдайында ЕАЭО-ның жұмыс жүргізу тетігін әзірлеу жөніндегі бастаманың орындалуы қажеттігі туралы айтылды. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік ынтымақтастық, энергетика саласындағы, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардың ортақ нарығын қалыптастыру ісіндегі міндеттерді жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді.

Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаев ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларын интеграциялық үдерістің негізгі мақсаттары мен міндеттерінің орындалуына қол жеткізу жолындағы кедергілерді жоюға барлық күш-жігерді жұмсауға шақырды.

«ЕАЭО-ны құру туралы келісімге 2014 жылғы 29 мамырда қол қойылды. Шындығында одақ одан да аз мерзімде жұмыс істеп келеді. Соған қарамастан, оның әлеуеті орасан екені көрініп тұр. Әрине, қазірдің өзінде белгілі бір нәтижелер мен табыстар бар. Қателіктер мен қолдан жасалған проблемалар да жоқ емес. Біздің халықтарымыз үшін бұдан басқа баламаның жоқ екенін де өзіміз айқын сезінуге тиіспіз. Біз Еуразиялық экономикалық одақтың болашағы үшін, елдеріміздің болашағы үшін жауаптымыз. Еңбек пен төзім, халықтарымыз бен мемлекеттердің, сондай-ақ барлық министрліктер мен ведомстволардың басшыларының парасаттылығы және ынтымақтастығы керек. Мен ЕАЭО-ның болашағына сенемін», - деді А.Атамбаев.

Ресей Президенті В.Путин интеграциялық бірлестіктің тиімді жұмыс істеуі үшін сыртқы серіктестермен жүйелі қарым-қатынас қалыптастыру қажеттігін айтты.

«Біз одақтың өзге елдермен және интеграциялық бірлестіктермен экономикалық байланыстарын одан әрі тереңдетуге күш-жігер жұмылдыру жөнінде Қазақстанның төрағалық ету барысында айтқан ұсынысын қолдаймыз. Ең алдымен, бұл Шанхай ынтымақтастық ұйымы және АСЕАН мемлекеттерімен байланысқа қатысты мәселе. Бұл бағытта қазірдің өзінде жасалған жұмыс аз емес. Вьетнаммен арада еркін сауда аймағы құрылды, ЕАЭО-ны қытайдың «Жібек жолы» бастамасымен ұштастыру идеясын дамыту үшін нақты жобалар тізбесі әзірленуде. Сондай-ақ қазақстандық серіктестердің Еуразиялық одақ пен ЕО арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою мәселелеріне арналған халықаралық конференция өткізу жөніндегі бастамасын да мақұлдаймыз», - деді В.Путин.

Мемлекет басшысының айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасты. Бұл туралы Ақордада өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті. ҚР Президенті өз сөзінде құрылғанына аз ғана уақыт болған Еуразиялық экономикалық одақ бастапқы сәттен-ақ жолында кездескен қиындықтарды еңсеріп, бүгінде толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасып үлгергенін баса айтты.

«Ендігі уақытта біздің экономикаларымыздың жақындасуы біздің ЕАЭО туралы шартта белгілеген жоспарлар мен мерзімдерге сәйкес жүргізілу үстінде.

Қатысты Мақалалар