Күні кеше Мақтарал жақтан суық хабар алдық. Сирияға соғысуға кетті деген жігіттердің бірі сол жақта жүріп қаза тауыпты. 17 мамырда Жетісай қаласында туыстары марқұмның жылын өткізген. Осы ақпараттың анық-қанығын білу үшін марқұмның шаңырағына барып, туыстарымен тілдесіп қайттық. Қаза тапты деген жігіттің аты-жөні Бауыржан Ділдәханов. 1971 жылы Жетісай қаласында туылған. Шымкенттегі арнаулы орта оқу орындарының бірін бітіріп, құрылысшы мамандығын алған. Бауыржан Сирияға 2013 жылы аттанып кеткен. Жалғыз өзі емес.
– Менің енді сол жақта алты перзентім жүр. Қайткен күнде де оларды қайтарып алуым қажет. Өкіметтен ешқандай қайран болмады. Парламент депутаттарына барсам ба деген ойым бар. Бірақ оған денсаулығым көтермей тұр. Не істерімізді білмей отырмыз,– деді марқұмның әкесі Еңсебай Ділдәханов. Жасы жетпістен асып қалған ақсақал оншалықты ашылып сыр айта қоймады.Оның «алты перзентім» деп отырғаны екі келіні, төрт немересі.
Бауыржанның алғашқы алған әйелі Жұлдыздан бір қыз дүниеге келіп, содан кейін келіншегі ұзақ уақыт көтермеген көрінеді. Уақыт өте келе, ол екінші әйелі Айжанмен дәм-тұз жарастырады. Одан 2 ұл, 1 қыз туылған. Бауыржан сауда-саттықпен айналысыпты. Түркияға барып-келіп жүрген. Осы кездері дінге мойынұсына бастаған. Саудасы алғашқыда жақсы жүргенімен соңғы кездері жолы болыңқырамаған сияқты... Бауыржан Сирияға алдымен өзі кеткен. Артынша елдегі екі әйелін, бала-шағасын сол жаққа Түркия арқылы алдыртқан.
Бауыржан 2013 жылдың 23 мамырында қаза тапқан. Нақты неден болғаны туралы ақпарат жоқ. Бауыржанның қазасын екі әйелі елге ұзақ уақыт бойы естірте алмапты. Сүйегі сол жақта жерленген.
Осы жерде айта кетсек, қаңтар айында Мақтарал ауданына барып, Сирияда «жиһадшылап» жүр деген жігіттердің ата-аналарымен, оларды танитын азаматтармен тілдескенбіз. Сонда Сирияға кетті деген жігіттердің ішінде Бауыржан Ділдәхановтың да аты аталған еді. Бізбен сол жолы тілдескен жетісайлық бір азаматтың айтуынша, Бауыржанмен соңғы рет былтыр сәуір-мамыр айларында хабар болған. Ал, былтыр күзде Сирияда соғысып жүрген қазақтар туралы интернетте тараған бейнекөріністен көпшіліктің ішінен әлде кімдер Бауыржанның ұлын таныпты. Қазақ қоғамын дүр сілкіндірген сол бейнекөріністе Бауыржанның өзі көрінбеген. Бір айта кетерлігі, сол бейнекөрініс жария болғаннан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары бұл деректі өтірікке балады. Алайда, ерінбеген ақпарат құралдары Сирияға «жиһадқа» кеткен қазақтардың елдегі туыстары мен ата-аналарын іздеп тауып, сұхбаттарын жариялады. Дегенмен, құзырлы орындар Сирия асқан отандастарымыздың нақты санын, олардың жағдайын әлі күнге дейін айтқан жоқ. Кейбір ақпарат құралдарындағы дерек бойынша, «жиһадшылап» кеткендер саны жүз елуден асады. Ресми орындар бұл тақырыпқа келгенде аз сөйлеуге тырысқанымен Сирия «жырына» іліккендердің кейбірі терроризм, экстремизм бабы бойынша сырттай сотталды. Соғысып қайтқан адасқандардың алды да сотқа ілікті. Мысалы, күні кеше Алматы қаласының Алмалы аудандық соты әлгі бейнекөріністің бір шетінде қылаң берген Камил Абдулин деген жігітті 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сириядан оралып, туған елінде сотталғандардың соңғысы Камил болмауы мүмкін.
Қазақтан шыққан содырдың кескін-келбетін, жасын, білімін, әлеуметтік тегін жілік-жілік етіп анықтап, елге жария еткен белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин осыдан екі айдай уақыт бұрын былай деген еді: «Сирияда соғысып жүрген қазақтар туралы мәліметтер тым көпіртіліп жіберілген. Жүздеген қазақстандық аттанды деген асыра айтылған ақпарат. Шындығында олай емес, мұның бәрі де үгіт-насихат үшін таратылған. Бұл ақпараттық соғыстың бір бөлшегі, дәлірегі үлкен бөлшегі. Сондықтан одан шынайы мәліметті ажыратып алу қажет».
Мамандардың пікірі осы. Ал, баласының мәйітін өз қолымен жерлей алмаған әкенің зары басқа. Жоғарыда айтып өткендей, Еңсебай Ділдәханов алты перзентін елге қайтара алмай, шарасыздықтан қамығып отыр.
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ,
Жолбарыс ТІЛЕУҰЛЫ,
Мақтарал ауданы,
Оңтүстік Қазақстан облысы.
oinet.kz