Мұхтар Шерім. «Тентек тестің» әсері...

/uploads/thumbnail/20170708152725551_small.jpg

   ҰБТ-дан ұялып, ұлым «ұйықтап» қалмасын» деген оймен бір ай бойы дайындық жұмыстарына кірісіп кеткен едім. «Балам, ҰБТ деген – ұнтақ-талған бір түрлі тағам емес, Ұлттық бірыңғай тестілеу!» деймін ғой. Соның өзінде, балам бетіне балшық жағып алады. «Әй, неге бүйтесің?» деп сұрасам, «Бір түрлі қорқып тұрмын. Бетім қызармасын дегенім ғой» дейді. Мектеп бітірген ұлымның балшық–балшық бетінен сүйіп, өзім де қалтырап кеттім. ҰБТ деген– ұлтты ұятсыздандыратын бір пәле болып барады емес пе? Содан, ҰБТ болатын күні баламды тәуіпке түшкіртіп, маңдайынан сүйіп, миына бар ақылымды үйіп, «тоқтап қалған жоқ па?» деген оймен жүрегін тыңдап, «Бар, бара ғой, ботам!» деп ымдап, шыдамсыздана шығарып салдым. Содан, бір топ ата-аналар ҰБТ өтіп жатқан ғимараттың алдында Құдайым¬ыз¬ға сиынып тұрмыз. Бір кезде бір оқушы есіктен қисалаңдап шықты да, аспанға ақия қарап, құлап қалды. Әке –шешесі болса керек, жүгіріп барып, бетіне су шашып жатыр. Сөйтсек, ҰБТ-ның ұятсыз, мағынасыз, түсініксіз сұрақтары жүйкесіне әсер етіп, тентек болып шығыпты. Жарты сағаттан кейін жазылып кетті. Құдай-ай, менің балам да есалаң болып шықпаса еді! Бір уақытта бір қыз есіктен еңбектеп шығып келе жатыр! «ҰБТ үшін алға-а! Біз жеңілмейміз!» –деп айқайлап қояды. Ол да жынданып шығыпты! Шешесі тәуіп ертіп келген екен, тәуіп таңдайын көтеріп, дұға оқып, жаны қалды әйтеуір. Мына жерде тұрып, ата-аналардың бір сыпырасы шұғыл түрде жынданып жатты. Бір-біріне қарап ыржияды ма, бір-бірін қуалап жүріп, арқаларына ырғып мініп алады ма, ер кісі айнаға қарап: «Мен еркек екенімді дәлелдеймін!» дейді ме... Тағы бір топ тест тапсырушылар топырлап шығып, «хором» жылап жатты. Құдай-ай, балам аман есен оралса еді! Кішкентай¬ынан жүрегі ауырушы еді! Осылай ойлап тұрғаным сол, балам сүйретіліп, сүметіліп шықты. Сосын ыржалақтап күле берді. –Әй, неге күле бересің? –деп сұрадым мен. –Күлмегенде? Күлдіргі сұрақтар болса... –Не деген сұмырай сұрақтар еді? –Алматыдағы сыра зауыты қашан салынған еді, әке? –Е, мен қайдан білейін? Білімге оның қандай қатысы бар? –Білім министрі сыраны жақсы көретін шығар? –Қой, олай деме! Тағы қандай «тентек» сұрақтар болды? –«Абай Құнанбаев насыбай атқан ба?» –Жынды шығар мыналар? –«Ит итті жұмсайды, ит құйрығын қалай жұмсайды?» дейді...–деген балам тырқылдап күлді. Оған қосылып мен де, қасымда тұрған өзгелер де күлді. –А? –дедім аузымды алақаныммен басып. –«Том и Джери» мультфильмінде ойнаған тышқан қазір тірі ме?» дейді... –деді де, балам жерге жата қалып, аунап күлгені. «Жалғыз өзі жерге аунағаны ыңғайсыз болар» деп, мен де жерге жата қалып, аунап, қарқылдай күлдім. Бір қарасам, өзге ата-аналар да жерге аунасып, бірін-бірі қытықтасып, кеңкілдесіп күліп жатыр екен. «Тентек тестің» әсері ғой... Балам екеуміз үйге жеткенше жырқ-жырқ күлісіп бардық. Неге күліп жатқанымызды сұрап, шешесі шиқылдай күлді! Әлі күліп жатырмыз. Көршілер де күліп жатыр... Бүйтіп күлгені құрысын!

Қатысты Мақалалар