2014 жылдың алғашқы тоқсанында республикамызда алаяқтық дерегі бойынша 9067 қылмыстық іс тіркелген. Алаяқтардың құрбанына айналатындар әдетте еңбекке қабілетті жастағы азаматтар, қарттар және көбінесе әйелдер.
«Биылғы жылдың бірінші тоқсанында республикамызда 9067 алаяқтық дерегі тіркелген, яғни, өткен жылмен салыстырғанда 20,4 пайызға артық. Ал жалпы тіркелген қылмыстардағы үлес салмағы 11,4%. Осы қылмыстарға жалпы саны 2177 тұлға (2013 жылы – 1403) қатысқан, оның 997-сі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық істің тоқтатылуына байланысты қылмыстық жауаупкершіліктен 1180 адам босатылды», - дейді мамандар. Бас прокуратура қызметкерлерінің айтуынша, алаяқтарға алданатындар көбінесе әйелдер. Бұған себеп азаматтардың құқықтық сауаттылығының жоқ болуы, мұны алаяқтар қылмыс жасау кезінде ұтымды пайдаланатын көрінеді. Статистикаға жүгінсек, алаяқтар қылмыс жасау кезінде көбінесе телефонды пайдаланады. Азаматтарға телефон соғып, «туыстарыңыз қылмыс жасап, учаскеге жеткізілді» деп алдайды. Сөйтіп, мәселені шешіп беруді уәде етіп, ақша талап етеді. Алаяққа алданғандар ақшаны ұялы телефонға салады немесе үшінші адамдар арқылы беріп жібереді. Алаяқтықтың тағы бір мысалы: куәлігін жоғалтқан азаматтардың газетте жарияланған хабарландыруларын мұқият оқып шығып, оларға телефон соғады. Құжатты қайтару үшін телефонға ақша салуды талап етеді. Сонымен қатар, алаяқтар жалға алған пәтерлерді баспана іздегендерге бірнеше айға жалға беріп, қолма-қол ақшасын санап алады. Ақшаны алғаннан кейін екінші қайтара қарасын көрсетпейді екен.
bnews.kz