Анамның жасауы
Бізден бір сынып жоғары оқитын бұзық бала болатын. Ағамның (әкемнің ағасының баласы) жан досы. Ол баладан өзінен екі сынып жоғары оқитын балалар да қорқатын. Біздің үйге ағаммен еріп, жиі келетін. Әкем отын жарып жатса, «мен жарайын» деп әкеме көмектесетін. Сосын екеуміз отынды бірге таситынбыз. Мен жетінші сыныпта, ол сегізінші сыныпта оқитын.
Мамам ол үйге келген кезде кілем, киіз қаққыш еді. Анам – үй-шаруасына өте ұқыпты, үйді, үсті-басын таза ұстайтын жан. Үйде мамамның жасауымен келген қолдан тоқылған кілем бар. Ол кілемді қағу – кәдімгідей проблема. Өзі «орыстың өлігі секілді ауыр» дейді. Мамам қуанып, ол келген кезде сол ауыр кілемін қайта-қайта қақтырып алатын. Ол бала ысқырса, көшедегі сыныптастары, достары жетіп келіп, біздің үйдің кілем, киізін қағып беретін. Оны көп адам «бұзық» деп ұнатпаса, менің әкем мен шешем «елгезек, жақсы бала» деп жақсы көретін.
Ол кезде ауылда апта сайын дискотека болады. Ағам біраз уақытқа дейін дискотекаға баруға ешкімнен ақша сұрамады. Әкемнің ағасының қыздары «ақшаны дискотекаға қайдан алып жүрсің?» деп сұраса, «Досыма қарындасымды, Айканы берем» деп уәде бергем. Сол кіргізіп жүр ғой» дейді. Әпкелерім: «Жындысың ба, ол екеуінің руы бір. Олар аға мен қарындас қой» деп ұрсатын. Ал мен ол баламен «Сен – менің ағамсың» деп ешқашан сөйлескен емеспін.
Он бірінші сыныпта оқып жүрген кезімде көкемнің үйіне қарай бара жатыр едім, үйдің бұрышында біреу темекі шегіп тұр екен. Ол бала мектепке кеш барған болатын. Сол себепті, мектеп бітіре салысымен әскерге кетті. Әскерден демалысқа келген беті екен. Баяғыдай ұшқалақ емес, тым байсалды. «Сен – менің қарындасымсың ғой, бала болған екенбіз ғой», – деді. Екеуміз біраз әңгімелесіп тұрдық. Тоңа бастадым. Қоштасып кете беріп едім, «Қасымда біраз тұра тұршы. Екеуміздің бірге ағаш таситын кезімізді сағындым», – деп жымиды. «Мына ағашты мен бұтап едім ғой, есіңде ме? Саған ұнау үшін шаршасам да, ағаш жара беруші едім», – деп күлді.
Жұрттың бәрі «бұзық, оңбаған» дейтін сол баланың жаны соншалықты нәзік екенін сезуші едім. Егер әке-шешесі спорт саласына бергенде ғой, одан жақсы спортшы шығар еді.
…Мамамның жасауымен келген баяғы кілем қазір шай ішетін бөлмеде төселіп тұр. Әлі өңін бермепті. Баяғыдай ауылда қазір ешкім киіз төсемейтін болыпты (бәлкім, төсейтін үйлер бар шығар).
Өткенде мамам: «Баяғы балалар жақсы еді, пәленше келіп кілем, киіздерді қағып беретін еді», – деп ағамның досын мақтады. Әкем: «Ағаш жарып беретіні есімде», – деп мақтай жөнелді.
Мамамның жасауымен келген кілем – анамның жастық шағының, ал менің балалық шағымның естеліктерін еске түсіреді.
Әдебиеттегі «сауда»
Осыдан біраз уақыт бұрын бір әдеби байқауға қазылар алқасының мүшесі болуға шақырды. Қаншама шығарманы оқисың, ой қорытасың, еңбек пе, иә, еңбек. «Менің қаламақым қанша болады?» – деп сұрадым. «Қаламақысы несі? Жұрттар қазылар алқасының мүшесі болғанға қуанады», – деді. «Жүз адамнан келіп түскен шығармаларды оқуға менің қаншама уақытым, қаншама энергиям кетеді», – десем, «Сізге жүз адамның шығармасын оқудың қажеті жоқ. Жүлде алатын қыз-жігіттердің ғана шығармасын оқысаңыз жетеді. Сіз тек қазылар алқасының мүшесі болуға келісіп, қол қойсаңыз болды», – дейді еш саспастан. Күйіп кеттім. «Сіздер жүлдеге лайық деп таныған адамның шығармашылығын мен мүлдем мойындамасам ше…», – десем, «Ол жағын сосын келісеміз ғой, сіз бірінші келісіміңізді беріңізші», – дейді. «Менің принципім мен сіздердің әдебиетке деген көзқарастарыңыз мүлдем сәйкес келмейді», – деп бас тарттым. Кім біледі, ол да «жаудан құтылдық» деп жеңілдеп қалған шығар.
…Кеше өзім жеке басын қатты қадірлейтін бір ағам әдеби байқаудың қазылар алқасының мүшесі болуға ұсыныс жасады. Бас тарттым. Шынымен, қазір уақытым жоқ. Әйтпесе, ол кісінің шынайылығына сенем.
…Кейде шын таланттардың қуаныштан көзіне жас алуына себепкер болғым келеді. Кейде таланттарды сындырып жатқан кезде күрессем де жеңіліп, таланттардың көз жасына қалам ба деп қорқам.
Кітаптардан ұялам…
Мәскеуде үйдің қасындағы кітапханаға жиі барам. Кіре берісте екі күзетші отырады. Кейде екеуі бірдеңеге келісе алмай, бір-біріне теріс қарап отырады. Жасы үлкен орыс шал көбіне ұйықтап отырады. Кітапханадан шығып бара жатқанда қоштасам. Бір күні жанына жақындай беріп, «сау болыңыз» деп едім, ұйқысынан оянып кетті (Ұйықтап отырғанын байқамай қалдым). Ұйқысынан оятқанымды жаратпай қалды, білем. Содан кейін жанына жеткенде «сау болыңыз» демейтін болдым, бетіне жақсылап қарап алам, ұйықтап жатса, оятпаймын.
Бір күні кітапхананың бастығы ұйықтап отырғанын көріп, ұрсып жатты. Бірақ, бастығын тыңдайтын атам болмады, күнде отырған орындығына шалқайып жатып, кітапханаға кірген адамдарға бір көзін ашып қарайды да, әрі қарай ұйқысын жалғастырады.
Тек кітаптарға жаның ашиды. Оларды қазір ешкім ұрламайды. Олар маған сөрелерде мұңайып, жылап тұрғандай көрінеді. Күзетші де, кітапханашы да «кітап ұрлап кетпесін» деп, өзі білетін кітапқұмар оқырманды сырттай бақылап тұрмайды. Қазір «кішкентай» кітапхананың кітапханашылары оқырман келсе, қуанады.
…Кітапханаға барған сайын қатты ұялам. Мен оқымаған қаншама кітап бар. Оларды қашан оқимын? Мына кітапханада тізіліп тұрған әлемдік деңгейдегі жазушылардың кітаптары қазір көп оқылмайды. Кезінде бүкіл Францияны шулатқан, сосын әлемнің назарын аударған Жорж Сандтың (Шопеннің сүйіктісі) кітабын осыдан жеті жыл бұрын бір оқырман оқыпты. Жарайды, ол Бальзакпен, Маркеспен салыстырғанда салмақты жазушы емес шығар. Бірақ, олардың да оқырманы соншалықты көп емес. Сонда біз не үшін, кім үшін жазамыз? Жазбайыншы дейсің, басқа салаға кетейінші дейсің, бірақ, жазудан басқа қолыңнан ештеңе келмейді. Жазғаныңа бір тиын да алмайсың, алсаң да, бір түскі астан артылмайды. Бірақ, жазбай тағы отыра алмайсың. Өзің үшін, өзіңнің жандүниеңдегі арпалысты жеңу үшін жазады екенсің ғой.
Бірде Мәскеудегі Әдебиет институтының кітапханасынан Эмиль Золяның бір кітабын алдым. Менің алдымда бір оқырман бұл кітапты бес жыл бұрын алыпты. Кітапханашыға таңданыспен қарап, «Бұл ақын болам, жазушы болам деген амбициясы бар жастар оқитын оқу орны емес пе? Золя – қатардағы көп жақсы жазушының бірі емес, әлемдік деңгейдегі жазушы ғой», – дедім. Жаурап тұрған кітапханашы «Солай…» дегеннен басқа ештеңе айтпады.
Десе де, Мәскеу – кітап оқитын қала. Метрода адамдар кітап оқып отырады. Өткенде екі жағымда отырған екі жас жігіт телефондарына шұқшиып отыр. Қарасам, екеуі де кітап оқып отыр. Мәскеуде жұмыс істеймін деген адамға ақша бар. Мәскеуліктердің табысы жақсы. Олардың көңілдерінде бір тыныштық болғасын да кітап оқиды. Мысалы, менің бір орыс құрбым бар. Фитнес клубта тренер боп жұмыс істейді. Жалақысы үш жүз мың теңге, күйеуі айына төрт жүз мың теңге табады. Құрбым екі-үш сағат қана жұмыс істейді. Пәтерді екі жүз мың теңгеге жалдайды. Құрбым жұмыс күнін өзі таңдайды. Күніне екі-үш сағат қана жұмыс істейді. Күйеуі екеуі үнемі шет елде демалып жүреді. Мәскеуліктердің көпшілігінің табысы осы шамада. Олар кітапты демалу үшін оқиды. Метрода біздің ақын-жазушылар оқымаған кітапты оқып отырған мәскеуліктерге бүгін де таңғалмаймын. Ақшасыз адам депрессияға түседі. Көңілінде тыныштық болмаған адам жазу жазбақ түгілі, кітап оқымайды.
Алматыда тұратын достарым анау мәскеуліктерден көп жұмыс істемесе, аз еңбектенбейді. Біреуі пәтеріне ақшасын төлей алмай жүр, біреуі екі айдан бері жалақысын ала алмай, қиналып жүр. Мен олардан «не жазып жүрсің?» деп сұрай алмаймын. «Неге жазбайсың?» деп те айта алмаймын…
Шындықты айта алмаған әрқайсымыз рухани қылмыскерміз
Біздің қазіргі қоғамда ең мәдениетті, тәрбиелі адам дегеніміз – көнбіс, жуас, момын адам. Өз ісінің кәсіби маманы болмаса да, олар жұмыста ұзақ уақыт сүйретіліп жүре береді. Себебі, өзінің біліміне, талантына сенбейтін басшылар үшін осындай кемшілігін бетіне баспайтын «мәдениетті» адамдармен жұмыс істеу тиімді. Шын мәнінде, ақиқатты, шындықты айта алмаған әрқайсымыз рухани қылмыскерміз. Адам өлтірген жоқпыз, біреуді ұрып, жарақаттаған жоқпыз, тек өзімізді тұншықтырып, улап жатырмыз. «Жұмыстан шығарып жібермесін» деп ештеңе айтпаймыз. Жұмысқа сүйретіліп барып, сүйретіліп қайтамыз. Солай сүйретіліп жүргенде өмір өтеді. Сүйретіліп жүрген адамның жұмысында нәтиже бола ма? Әрине, жоқ. Қу нәпсіңіз қанағаттанды ма? Жоқ. Бізде мұндай адамдар мың емес, жүз мың емес, миллион… Бірақ, олардың бәрі ойыңды ашық айтатын, дамыған, жақсы қоғамда өмір сүргісі келеді. Бірақ, шын мәнінде, демократиялы қоғамды құратын, құруға шамасы келетін сол адамдар. Бірақ, үн қатуға, шындықты айтуға қорқады.
Біздің қоғамның о баста сыртқа шыққан жарасы ішке түсіп кетті. Бірақ, ол – біздің ғана қоғамымыз. Оның диагнозын өзіміз ғана білеміз. Білеміз, бірақ, емдегіміз, емделгіміз келмейді.
Аягүл МАНТАЙ,
Мәскеу