ЭКС-ПРЕМЬЕР СЕРІК АХМЕТОВ РАҚЫМШЫЛЫҚПЕН БОСАП ШЫҒУЫ МҮМКІН

/uploads/thumbnail/20170709184415524_small.jpg

Жемқорлық жасады деп айыпталып, 10 жылға сотталып, жазасын өтеп жатқан Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовке Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық берілуі мүмкін. Бұндай пікірді белгілі заңгер Сергей Уткин айтқан.

Sputnik Қазақстан агентті хабарлауынша, «Жемқорлық туралы баптарға да рақымшылық берілуі мүмкін. Олардың да орташа, ауыр, аса ауыр түрлері болады. Сондай-ақ келтірілген шығын көлеміне де байланысты, үлкен немесе үлкен емес құқықбұзушылық. Сол себепті де жемқорлық туралы баптарға рақымшылық берілуі мүмкін», — деген Уткин «Sputnik Қазақстан» агенттігіне берген сұхбатында.

Серік Ахметов: 2012 жылдың қыркүйегінен 2014 жылдың сәуір айына дейін Қазақстан премьер-министрі қызметін атқарып, отставкаға кеткен. Бұдан соң ол қорғаныс министрі болып тағайындалып, сол жылы қазан айында қызметінен босатылған еді. Серік Ахметов оған дейін Қарағанды облысы әкімі (2009), премьер-министрдің бірінші орынбасары (2012) қызметтерін атқарған.

Айта кетер болсақ, бүгін Мәжілісте рақымшылық туралы заң жобасы қаралды. Осыған орай жалпы отырыста Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров:

«Осы жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Республика Конституциясы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын ең қымбат қазына деп жариялайды. Гуманизм қағидатының бір көрінісі оған сәйкес рақымшылық жасау актін қолданатын заңды қабылдау болып табылады. Заң жобасына сәйкес, азаматтардың әлеуметтік әлсіз топтары, соның ішінде кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған немесе мүгедек балалары бар әйелдер, мүгедектер, қарт адамдар, сондай-ақ ауыр емес қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағандар қылмыстық жазадан босатылады»,- деген еді.

Еске салсақ, кеше Мемлекет басшысы Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес өз бастамасымен Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын енгізді.

Осыған байланысты «Қамшы» порталында «Президенттің кезекті рақымшылығына лайық, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосқан, қазір қамауда отырған танымал азаматтар» туралы мақала жарияланған болатын.

Ақпараттандыра кетсек,  Серік Ахметов рақымшылыққа ілініп босап шығар болса ол рақымшылыққа ілінген алғашқы министр болмайды. Бұған дейін «алаяқтық» бабымен айыпталып, 7 жылға сотталған министр Жақсылық Ақмырзаұлы Президенттің рақымшылық Жарлығымен жазасы 2 жылға төмендетіліп босап шыққан болатын. Жақсылық Досқалиев 2008 жылдың қараша айынан - 7 қазан 2010 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарды. 

Қатысты Мақалалар