Елбасы портреті бар 10 мыңдық банкнот
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Елбасы бейнеленген 10 мыңдық сувенирлік банкнот пен монеталар шықты. 100 000 данамен таралған банкноттың дизайны айналыстағы ақша белгілерімен бірыңғай стильде орындалған: бет жағында бейнелер басым түрде тігінен, сырт жағында көлденеңінен орналасқан. Банкноттың басым түсі - көкшіл күлгін.

Банкноттың сырт жағында негізгі бейне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың портреті болып табылады. Портрет қағаздың бетінде бедерлікті қамтамасыз ететін және ұстаған кезде сезілетін интаглио (терең басу) әдісімен орындалған. Әлемдік тәжірибеде бұл әдіс банкноттардағы портреттерді орындаған кезде дәстүрлі әдіс болып табылады.
Басқа ақша белгілерімен қатар, бұл банкнот айналысқа шығарылған сәттен бастап заңды төлем құралы болып табылады, сондай-ақ барлық төлемдер мен ақша аударымдарында қабылдануға міндетті.
Талдықорғанда Назарбаевқа қойылған ескерткіш

Мерекеге бір күн қалғанда, 30 қарашада Назарбаевқа ескерткіш орнатылды. Талдықорғандағы ескерткіш мемлекеттік рәміздер аллеясына тұр. Ескерткіш авторы - мүсінші Қазыбек Сатыбалдин.
Ескерткіштің ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, мәслихат депутаттары мен тұрғындар қатысты. Амандық Баталов ашылу рәсімінде сөз сөйлеп, ескерткіш ашылған күннің "Қазақстан үшін тарихи күн" екенін айтты.
Алматыда Сондай-ақ, мерекелік іс-шара барысында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылдың 10 желтоқсанында өз лауазымын атқаруға кірісуінің салтанатты рәсімін мәңгі есте сақтау үшін естелік тақтаның орнатылатыны айтылады.
Астана қаласы атауын Назарбаевтың құрметіне өзгерту ұсынылды
Қазақстан депутаттары Астананың атауын Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне өзгертуді ұсынды. Парламенттің қос палатасының біріккен отырысында мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Астана мен басқа да маңызды нысандар атауында Назарбаевтың есімі болуы тиіс деген пікір айтты. «Тәуелсіздіктің ұлы жолы мәңгі болуы тиіс. Жоғарыда жарияланғандарды ескере отырып, елордада Тәуелсіз Қазақстан монументін тұрғызу қажет. Ел Конституциясында Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің мемлекетімізді құрудағы бірегей еңбегін атап өтуді, Елбасының есімін елорданың және еліміздің басқа да нысандарында көрсетуді ұсынамыз», - деді Сұлтанов.
Бұдан өзге, Қуаныш Сұлтанов Назарбаевтың еңбегін конституцияда көрсетуді де ұсынды. Бұндай ұсыныстарды Бекболат Тілеухан бастаған бір неше депутат қолдады.
Елбасының сұхбаттарындағы «келесі президент»

Назарбаев Bloomerg News-ке берген сұхбатында бұрын ешқашан бармаған тақырыбы келесі президент туралы айтты. Ол өз сұхбатында келесі президенттің кім болатыны туралы сұрақға ашық жауап берген.
Елбасының айтуынша, оның балалары тақ мұрагері болмайды. Президент Қазақстан билігінің конституцияға сай ауысатынын, барлық процестің тек заң шеңберінде жүзеге асатынын жеткізген. Елбасы сондай-ақ Қазақстан президенті болып сайланған адамның 5 жылдан 2 мәрте сайлана алатынын ескертіп, өз жоспарларын жүзеге асыруға барлық қажыр-қайратын жұмсайтынын айтты. «Мен 2020 жылға дейін жұмыс істеймін, 2020 жылы жүздесейік», - дейді Елбасы.
Айта кетер болсақ, Президент құрметіне биыл ғана іс-шаралар атқарылған жоқ.
Мектептер мен университеттер
Қазақстанда Астанадағы беделді университетке Елбасы есімі берілген. Кембридж және Гарвард сияқты университеттермен қатар тұруға мүдделі Назарбаев университеті 2010 жылы ашылған. Мемлекет басшысы – университеттегі жоғары қамқоршылық кеңесінің төрағасы.
Ал бұдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан елордасында бірінші Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды, қазірде мұндай білім беру мекемесі еліміздің бүкіл қалаларында бар.
Қызғалдақтар мен хризантемалар
Голландия мен Жапонияда Қазақстан президентінің есімі қызғалдақ және хризантема түрлеріне берілген. Екі елде де гүлдердің жаңа түрлеріне Елбасы есімінің берілуі оның бұл елдерге іссапармен баруына байланысты. Осылайша, 2014 жылы «Қазақстан президенті» атты голланд қызғалдағы пайда болды, ал осыдан бірнеше апта бұрын Жапония еліндегі гүл көрмесінде дәл осындай атпен хризантемалар ұсынылды.
Назарбаев көшелері
Қазақстанда Елбасы құрметіне аталған көшелер жоқ, алайда шетелдерде Назарбаев есімі көшелерге жылма-жыл беріліп жатады. Мәселен, Қазанда жергілікті қазақ диаспорасының өтінішімен Нұрсұлтан Назарбаев көшесі «пайда болды». Ал, Түркияда Қазақстан басшысының есімі төрт қаладағы даңғылдарға берілген. Тау шыңы Назарбаев есімі берілген алғашқы нысандардың бірі – Нұрсұлтан шыңы. Ол Тянь-Шаньның Іле Алатауы сілемінің солтүстігінде орналасқан. 1998 жылға дейін бұл шың Комсомол шыңы деп аталған болатын.