Ауру баланың анасы: Депутаттар көрсетпеген көмекті қарапайым жандар көрсетті

/uploads/thumbnail/20170709184427665_small.jpg

Талғардағы «Нұр», Қапшағайдағы «Кәусар» және т.б қараусыз қалған, шет аймақта орналасқан балалар үйінің сыйлы қонақтары және Қарттар үйіне айына 2-3 рет бас сұғып, жылына 2-3 рет «100 ата-апа кешін» ұйымдастыратын, балаларға қуаныш сыйлайтын «Ертегілер әлемі» мерекесін өткізген, күз айында 66 баланы мектепке киіндірген, осылай ірі-ұсақ шараларымен көзге түскен «Қайырымды жандар» тобына 25 қарашада ресми түрде бір жыл толды. Алғаш бұл топ Айдын Тоқсанбаеваның бастамасымен құрылған болатын. Тамаша идеяны қолдаушылар халық арасынан көптеп табылды. Кейіннен Айдын ханым жеке мәселелеріне байланысты жетекшілікті топтың белсенді мүшелеріне табыстады. Қазір ұйым жұмысын Мәулен Алғазы және Назерке Базарбекова жүргізіп отыр. «Қайырымды жандар» тек Алматыда ғана емес, Астана, Шымкент, Ақтау, Тараз, Ақтөбе қалаларында да ашылған. Сөйтіп «қайырымды жандар» еріктілер тобы ешқандай мемлекеттік тіркеуде жоқ болса да қоғамның назарын аударып, қазіргі уақытта Қазақстанда ең белсенді топтардың бірі болып саналады. Осындай сауапбы мол шараларды атқара жүрген олар қыркүйек айының 22-сі күні  11-жасар Жанель Жайлауованың оқиғасымен танысады.

Туғанынан жүрегінде ақауы бар қыз үнемі дәрігерлердің бақылауында болып, жыл сайын міндетті түрде ауруханада емделіп шығатын. 6-шы сыныпқа көшкенде денсаулығы нашарлап, қайта-қайта құсып, әлсірей бастайды. Жанельдің екі бүйрегі істен шыққанын, тез арада ота жасату керек екенін дәрігерлер анасына хабарлап айтады. Қайырымды жандардың еріктілері дереу арада қимылдап, ақпарат жағынан және қаржы жағынан  қалай жұмыс жүргізетіндіктерін ойластыра бастады. Ең әуелі, Qiwi мен Altynbank-те шот ашылып, халықты құлақтандыра бастайды. Алғашқы шаралардың бірі - көше концерті. Арбатта қазақтың әуендерін айтып, "домбыра party" ұйымдастырды. Сондағы 2 сағат ішінде 50 000 теңге жинай алған. Кейін "қайырымды жандардың" қыздары әр түрлі тәттілер пісіріп, үш жерде жәрмеңке  ұйымдастырған болатын. Жиналған ақшаға арзан бағамен алма сатып алып, алманы қайта сатқан екен. Алғашқы миллион осылай жиналады. Осылай Алматыда әр түрлі шаралар ұйымдастырылып, нәтижесінде «Алматы қайырымды жандар» таза өз еңбектерімен 4 500 000 теңге жинап берді. Сан түрлі мерекелік шаралар өткізіп 1 200 000 теңгеден астам қаржыны «Ақтау қайырымды жандары» аударса, «Шымкент қайырымды жандары» арзан бағамен тосап сатып алып, қымбатқа сату арқылы 500 500 теңгені Жанельдің шотына салып жіберген. Жақында ғана құрылған «Жезқазған қайырымды жандары» бір аптаның көлеміңде 200 000 теңге жинай берген. Данияр мырза бастаған «Болашақ» бағдарламасымен Лондон қаласына кеткен стипендианттардан шотқа 347 000 теңге түсті. Сондай-ақ, барлығы заңды түрде болуы үшін Жанельдің анасы Ақмарал Жақсылықовамен «қайырымды жандар» арасында келісімшарт жасалды. Келісімшартта жиналған ақша тек қана Жанельге жұмсалатыны көрсетілген.

Ота бұйыртса келесі аптаға жоспарланып отыр. Дәрігерлер құрамы толығымен нақтыланған жоқ. Бірақ, ота Алматы қаласында өтетіні анықталды.

 

Қаламқас: Қазіргі танда Жанельдің денсаулығы қалай? Отаға моральды тұрғысынан дайын ба?

Ақмарал Жақсылықова: Қазір күнделікті анализдерін өткізіп жатыр. Жаңа ауруханаға ауысқан соң ба, үйрене алмай жатыр. Уақыт жақындаған сайын күнде, түнде жылап, «мама, мені алып кетші» - дейді.

Қаламқас:  Донорды табу қиынға соқтырған шығар. Сол донор естуімше сіздің алыс туысқаныз екен, сол донорға көмегі үшін ақша төлейсіздер ме?

Ақмарал Жақсылықова: Ол адам өзінің аты-жөнін айтпауын өтінді. Бір қызығы, «маған осынша ақша төлейсіңдер» деп айтқан жоқ. Бірақ, менің балама көмектесіп отырған адамға қалай рақметімді айтпаймын?!

Қаламқас: Үкімет жақтан көмек болды ма?

Ақмарал Жақсылықова: Әншілер мен депутаттарға хабарластық. Телефондарын көтермей, көріп тұрса да жауап бермегендер болды. Қаражат жиналғанда сенбестік таныттым.2 ай 10 күннің ішінде осындай қомақты ақша қалай жиналды деп таң қалдым. Жанель екеуміз құшақтасып жылап алдық. Маған көмектескен  миллионерлер емес, депутаттар емес, қарапайым халық. Осындай қарапайым, жүректері мейрімге толы жастарымыз көп екеніне көзім жетті.

Қаламқас: Мәулен, сіздерді осындай жетістіктеріңізбен құттықтаймын. Осы шараларда ойланатын, таң қалатын жағдайлар болды ма?

Мәулен Алғазы: Болды. Қымбат киініп, әмиянын толтырып алғандардың 200 теңге беріп кеткенін көрдік. Ал қарапайым ғана адамдар 5000 теңге ақшасын қалтадан шығарып, бар ақшасымен бізбен бөлісті. Бұл қайырымдылық үшін қандай да бір статустың керек еместігін көрсетеді.

Жанельдің анасы Ақмарал Жақсылықова Айдын Тоқсанбаева, Мәулен Алғазы бастаған барлық «қайырымды жандарға», қарапайым жандарға ризашылығын білдіріп, ақ тілегін айтты.

Ал біз "Қамшы" порталы Жанельге және оның отбасына денсаулық тілейміз.

Қамшыгер: Қаламқас Нұрланқызы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қатысты Мақалалар