Василий Жиров: Қазақстанға оралар едім, әттең, ешкімге керек емеспін

/uploads/thumbnail/20170709184738038_small.jpg

Тәуелсіз Қазақстанның бокстан тұңғыш Олимпиада чемпионы, кәсіби бокстағы алғашқы қазақстандық чемпион Василий Жиров Америкадағы өмірі туралы inform.kz-ке видеосұхбат беріпті. "Қамшы" порталы өзге елде жүрген ұланының жүректен шыққан сыр-лебізін қазақшаға аударып, оқырман назарына ұсынуды жөн санады. 

Халық мені танымайды емес, жақсы таниды. Қай жерде көрсе де тоқтап тұрып қалып, өзара әңгімелесіп те қаламыз, кейбіреулері өздерінің ыстық ықыластарын да білдіріп жатады. Бұл, әрине, жақсы, сондай жағымды сезім.

Мен жаттықтырушы болудан қашқан емеспін. Керісінше, өзімнің қолымнан келетін нәрсені өзге адамдарға, бізден кейінгі жас буынға үйретіп, шәкірт тәрбиелесем деп ойлаймын. Сол шәкірттерім де болашақта биік шыңдарды бағындырып, өз қабілеттерімен елге еңбек етсе екен деймін. Мен үшін ақшаның маңызы жоқ, жоғары төлемақы талап етпеймін, тек қабілеті жақсы болса болғаны. Қолымнан келсе халықтан көмегімді аямаймын.

Мен спортқа ерте бастан қызығушылық танытып, боксқа жеткенше әр түрлі спортпен айналыса бастадым. Мысалы: жүзу, күрес, т.б.

Не себепті боксқа келіп табан тіредім? Бір кездері  аты шулы болған «Рокки» фильмін көріп, сондағы бас кейіпкер Роккиға еліктеп, сол секілді болуға тырыстым. Содан қатты қызығып, білек сыбана кірістім. Бастапқы кезде, әрине, біраз қиындықтар болды, денем ауырып, көгеріп те кететін. «Бұл қиындықтан да өтемін» деп өзіме өзім уәде бердім.

Менің бірінші жаттықтырушым Этиль Раванча Пашинскийдің маған сіңірген еңбегі өте зор. Ол кісі менің тек боксер емес, адам болып қалыптасуыма зор ықпал етті. Ол өте қатал еді, соның арқасында өмірдің көп қиыншылықтарына төзуді үйрендім.

Қазақстанда қалуыма, әрине, болар еді. Менің шыққан жерім Қазақстан, сол себепті  де мен қай елде жүрсем де, қайда тұрсам да американдық азамат болмаймын. Егер мені елім керек қылса мен ойланбастан қалар едім. Алайда бұл уақытқа дейін елімнен ондай ықыласты байқай қоймадым. Егер мен еліме керек болсам, олар мені өздері алып қалар еді. Шындығына келсек, ол жақта мен дәл осы елдегідей жақсы тұра алсам, отбасымды қамтамасыз ете алсам, неге қалмасқа?!

Қазақ елінің халқы өте ақжарқын, ақкөңіл жандар. Ал бұл жердің адамдары тек баспен ғана жүреді. Қай жерден, кім арқылы, қалай ақша табамын деп үнемі ойлау үстінде жүреді. Бұл жақта ақшаң болса өмір сүресің, болмаса ақшасы барларға қызмет етіп, тіпті солардың қуыршағына айналасың.

Өзге елде жүріп сұлтан болып, әлемнің ең жақсы спортшысы атағын алып тұрсаң да ішімде бір мұң жатады. Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес...

Қамшыгер: Назерке Лабихан

Қатысты Мақалалар