2015 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі ұлт руханиятына қомақты үлес қосатын игі бастама көтерген еді. Көненің көзіндей болған құнды жәдігерлерді жиып, музей қорына алуды мақсат тұтатын «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы міне екі жылдай уақыт болды нәтижелі жұмыс істеп келеді. Акция басталған тұста қолдау білдіріп, атсалысқан азаматтардың бірі – белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин. Жақында Ұлттық музейде ашылған Алғыс тақтасында Ерлан Тынымбайұлының да есімі жазылған деп хабарлайды halyksozi.kz
– «Ұлттық музейге сый тарту» акциясына үн қосып, өзіңіздің коллекцияңыздағы құнды дүниелерді музейге табыстадыңыз. Осы акцияға қатысушы ретінде шараның маңызы, қажеттілігі жайында не айтасыз?
– Менің пікірімше, бұл акция өте маңызды қоғамдық бастама болып табылады. Өйткені, Ұлттық мәдени, тарихи мұраларымызды жинақтау, жүйелеу бұл тек қана мемлекеттің, Үкіметтің жұмысы ғана емес, сонымен қатар, қоғам тарапынан да белсенділікті, жеке азаматтық бастамашылдықты талап етеді. Бұл акция қоғамда үлкен бір бастаманы насихаттауға, жауапкершілікті сезінуге қомақты үлес қосады. Акцияның ауқымы кең. Сондықтан бұл шараны ұлттың мәдениеті мен руханиятына оң әсерін тигізетін ірі жоба деп есептеймін.
Акцияның тағы бір маңызды тұсы – ол Ұлттық музейдің қорын байытып, кеңейте түсу. Ұлттық музей Елбасымыздың бастамасымен салынған халқымыздың ең басты музейі болып табылады. Бұл – ұлттың, халықтың мақтанышы. Астанаға келген қонақтардың барлығы ең алдымен осы музейді тамашалайды. Шетелдік қонақтарға, еліміздің өзге қалаларынан келген меймандарға көрсететін ең басты орын – Ұлттық музей. Сонымен қатар, өскелең ұрпаққа тарихымызды танытатын орнымыз болып табылады. Осылайша біздің тарихымыз жайлы жүйелі көзқарас қалыптасады.
Біз осыған дейін өте құнды тарихи мұраларға ие болдық. Бірақ көптеген тарихи оқиғалардың нәтижесінде біраз дүниелерден айрылып та қалдық. Ал Ұлттық музейді ашу арқылы біз жоғалтқан дүниелерімізді қайта түгендеумен қатар ұлттық тарихты қайта қалпына келтіріп, жүйелеу мүмкіндігіне ие болдық. «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы осы бір ұлт үшін пайдалы жұмысты қоғамдық деңгейде, азаматтық белсенділік деңгейінде жалғастыруға мүмкіндік береді.
– Осы акцияда сіз Ұлттық музейдің қорына өзіңіздің жеке коллекцияңыздағы жебе ұштарын табыстаған болатынсыз. Сол жәдігерлер турасында баяндап берсеңіз. Сіздің мұндай коллекция жинауыңызға не түрткі болды?
– Бұл қызығушылығым туралы көптеген сұхбаттарымда баяндаған болатынмын. Менде арнайы бір коллекцияны жинап, коллекционер боламын деген ой болған жоқ. Бұл кездейсоқ пайда болған қызығушылық болатын. Осыдан біраз жыл бұрын археологиялық зерттеу жүргізіп, бос уақытымда ежелгі тарихтан сыр шертетін балбал тастарды зерттеумен айналысқан болатынмын. Сол мақсатпен қазақ даласында, шет мемлекеттерде арнайы экспедициялар ұйымдастырдым. 2009 жылы Моңғолияға арнайы сапармен барып, Баянөлгейдегі бірқатар жерлерді аралаған болатынмын. Сол сапар кезінде бізбен бірге болған жергілікті тарихшы, өлкетанушы, жазушы Сұраған Рахметұлы өзінің жинаған жебелерінің коллекциясын көрсеткен болатын. Міне, сол сәтте менің қызығушылығым ояна бастады. Кейін жебелер туралы сұрастыра бастадым. Олардың алуан түрлілігі, яғни, пішіндері, көлемдері барлығы мені қызықтыра бастады. Сұраған Рахметұлымен әңгіме барысында әр жебенің өзінің мақсаты болатынын, атқаратын қызметі болатынын білдім.
Моңғолиядағы сапардан оралғаннан кейін өз бетімше іздене бастадым. Кітаптарға үңіліп, батырлық жырларда, дастандарда кездесетін жебелер туралы деректерді оқып шықтым. Жебелердің атауын жинақтап, жүйелеп, олардың нақты қандай болатынын білу мақсатында жебелерді де жинай бастадым. Кейін Сұраған Рахметұлы, Зейнолла Самашев ағаларымыз қолдарында бар жебе ұштарын сыйға тартты. Дәл осындай жебе ұштарын жинаумен айналысатын Азат Әкімбек ағамыз да өз коллекциясындағы біраз жебелерін берді. Осылайша жан-жақтан менің жебе ұштарынан коллекция жинап жатқанымды естіген жұрт өздерінде бар жебелерін, жебе ұштарын сыйлай бастады. Нәтижесінде менде де аздаған коллекциясы жиналып қалды.
Осы қызығушылығымның нәтижесінде жебелердің қазақ ауыз әдебиетіндегі атаулары жөнінде зерттеу мақала жазып, «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияладым. Сол мақаланы жазу барысында бас-аяғы 100-ден астам жебе оқтарын жинағаныма көз жеткіздім. Олардың әрқайсысы әртүрлі. Қызығы сол, бір ғана жебе оғының 100-ден аса түрі және атауы болатындығы. Бұл біріншіден қазақ тілінің бай екенін көрсетсе, екінші жағынан қазақтың жауынгерлік өнерінің жоғарғы деңгейде дамығанын айғақтайды. Яғни, әр жебені түрлі мақсатта қолданып, соғыс тәсілдерін түрлендіре білгенін байқаймыз.
Осы коллекция жиналып қалған шақта «Ұлттық музейге сый тарту» акциясының басталғанын естіп, менің қолымда тұрғанша музейде тұрсын деген ниетпен, келген қонақтар көрсін деген оймен музейге табыстадым.

2016 жылғы 9 желтоқсанда Ұлттық музейде акцияға қатысқан тұлғалардың есімдері жазылған Алғыс айту тақтасы ашылды. 2015 жылғы акцияның алғашқы қатысушыларының бірі Е.Қариннің де есімі осы тақтадан орын алған.
– Жалпы, кей елдерде өзінің жеке коллекциясынан музей ашқан азаматтар жайында да естіп жатамыз. Ал біздің елімізде коллекция жинау мәдениеті қаншалықты қалыптасты деп ойлайсыз?
– Біздің елімізде коллекция жинау мәдениеті болған жоқ деп айта алмаймыз. Осыған дейін де болды, қазір де бар. 60-70 жылдардағы зиялы қауымның өкілдері, сол кездегі жазушылардың, ақындардың, өлкетанушылардың коллекция жинауға қызығушылығы болғанын білеміз. Оның бергі жағында Ақселеу Сейдімбек, Мырзатай Жолдасбек ағаларымыздың зерттеулер жүргізіп, коллекция жинап жүргендерін естіген болатынбыз. Еліміздегі коллекция жинау мәдениетін жоғарғы деңгейге көтерген Иманғали Тасмағамбетов мырза. Имекеңмен бірге қызметте жүріп ол кісінің осындай қызығушылығы өзімізге де жұққанын айтуымыз керек.
Коллекция жинау дегеніңіз азаматтардың тарихқа деген қызығушылығының көрсеткіші. Бұл зиялылықтың, ағартушылықтың белгісі. Мұндағы мақсат, бір затты жинап қана қою емес, бір жәдігердің тарихын, қолданысын зерттеу. Соның нәтижесінде жүйелі еңбек жарыққа шығару болып табылады. Сондықтан жеке коллекция жинау мәдениетін дамыта түсу керек. Жеке коллекционерлердің көрмелерін өткізіп, зерттеу еңбектерінен жинақ шығарып тұрған да дұрыс шығар.