Қазақстан Республикасының Президентінің 2016 жылғы 29 қарашадағы Жарлығы бойынша "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалімен бірқатар қайраткерлер марапатталды. Олардың қатарында:
Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының Бас директоры Бейсен Құранбек «Ерен еңбегі үшін» марапатталды.
Бейсен Құранбек - Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің түлегі. Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметтерінен бастаған. Ал қалған жылдарын қазақ телевидениесімен байланыстырып, «Рахат», «31-арна», «Хабар», Президент телерадиокешенінде қызмет атқарған. 2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болды. 2013 жылдан «Қазақстан» телеарнасындағы жалпақ жұртқа танымал «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі. 2014 жылдың қазан айында Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болып тағайындалды. Қазақстан Президенті сыйлығының иегері (2006 жыл), ҚР Мәдениет қайраткері.
«Шалқар» радиосының Бас редакторы Серік Сейітман «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалінің иегері атанды. 2003 жылы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің филология факультетін, 2008 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистратурасын бітірген. Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың және Халықаралық «Шабыт» фестивалінің 1-дәрежелі лауреаты. Қазақстан Республикасының патриот жастарына берілетін республикалық «Жас тұлпар» сыйлығының иегері. «Қырсық қызға қолтаңба» (2006 жыл), «Қазақтың қаны» (2010 жыл), «Қарашаңырақ» (2014 жыл), мемлекеттік тапсырыспен «Домбыра» (2014 жыл) жыр кітаптары жарық көрген. Қазақстан авторлар қоғамының және Қазақ радиосы Көркемдік кеңесінің мүшесі. 2006 жылдың қаңтарынан Қазақ радиосында редактор-жүргізуші, шолушы, «Руханият» бас редакциясы Бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарып келді. Қазір «Шалқар» ұлттық радиосының Бас редакторы.
Қазақ жұртына танымал әнші Рамазан Стамғазиев те дәл осындай марапатқа ие болды. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (1998). Стамғазиев өнерге бала кезінен құштар болған. 1989 ж. Алматы эстрада-цирк училищесін (Қ.Байбосынов класы бойынша) бітірген. 1989 жылдан "Қазақконцерт" бірлестігі құрамында өнер көрсетіп жүр. 1994 - 98 ж. эстрада-цирк училищесінде, 1999 жылдан Алматы консерваториясында (казіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) педагогикалық жұмыспен шұғылданады. Ә.Қашаубаев атындағы әншілер байқауының жеңімпазы.
Сонымен қатар Алмат Исәділге де "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалі табысталды. Алматы облысы Райымбек ауданы, Кеген ауылындағы орыс орта мектебінде, аудандық Музыка мектебінің домбыра сыныбында оқыған. ҚазМУҰ-дың журналистика факультетін сырттай бітірген. Еңбек жолын №2 Кеген орта мектебінде музыка пәні мұғалімі ретінде бастаған. Республикалық оқушылар Сарайында қызметкер, «Алматы ақшамы» газетінде бөлім меңгеруші, жауапты хатшы, «Елорда» баспасында әдеби редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгеруші, Қазақ-Британ университетінің редакциялық-баспа бөлімінің бас менеджері, «Қазақ радиосы» бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы, «Әдебиет айдыны» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақ университеті» газеті бас редакторының орынбасары, «Жас қазақ үні» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жүргізуші-редакторы қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта республикалық «Алаш айнасы» газетіде Мәдениет бөлімінің редакторы.
Айтыс ақыны, Талғар аудандық мәсілиxатының депутаты - Әбдіғани Бәзілxан. Депутат Әбдіғани өткенде ғана Ермұрат Зейіпxанұлына Талғар қаласынан көше беруге мұрындық болып еді.
Қамшыгер: Назерке Лабихан