Биылғы жыл Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл һәм Алаш көсемінің туғанына 150 жыл. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы жаман тойланған жоқ. Халық аузынан ақ май ағып қарық болып тойламаса да, әйтеуір жоғары жақтан медаль мен награда жауды.
Ал, Алаш көсемі Әлиханның UNESCO-ның өзі мерекелеген мерейтойын Ресми Ақорда атап өтпеді. Осы орайда «Қамшы» тілшісі «Әлиханын азаматтық қоғам қалай ардақтады?» деген сауалға жауап іздеді.
2 ТОМДЫҚ МОНОГРАФИЯ

Әлихан Бөкейхан Қазақ жерінің жоқшысы һәм Аманат
13 желтоқсан күні, Алматыдағы Ұлттық кітапханада алаштанушы, әлихантанушы-ғалым, халықаралық журналист, Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлының Әлиханның өмірі мен сан қырлы қызметі туралы монографиясының тұсау кесері өтті. Қазақ және орыс тілдеріндегі 2 томнан тұратын ең алғашқы 2 кітап – қазақша «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы», «Әлихан Бөкейхан. Аманат», орысша «Алихан Букейхан. Творец истории» және «Алихан Букейхан. Завещание» деп аталады.
Бұл 2 томдық монографияның тұсаукесері 13 желтоқсанда кездейсоқ ұйымдастырылған жоқ. Осыдан тура 99 жыл бұрын дәл осы күні – 1917 жылдың 13 желтоқсанында Орынбордағы ІІ-Жалпықазақ құрылтайында Қазақ-қырғыз автономиясы құрылды. Осы күні 3 үміткердің дауысқа түсуімен өткен шынайы демократиялық сайлауда Әлихан Бөкейхан Алаш автономиясының президенті әрі премьер-министрі болып сайланып, оның ең жоғарғы атқарушы билігі – Алаш Орда Халық кеңесін – үкіметін басқарды.
Ұсынылып отырған қазақ және орыс тілдеріндегі тұңғыш қос томдық монография шынайы тарихи деректер мен мұрағат құжаттары, куәгерлер мен Әлихан Бөкейханның үзеңгілестерінің, оның жақындары мен туыстарының естеліктері негізінде жазылды. Бұл ХХ-ғасыр басындағы қазақ ұлттық көсемінің дүниеге келген сәтінен бүкіл өмір жолын, оның туған халқының құқығы мен бостандығы, ата-баба жерін қайтарып алу және ұлттық мемлекеттігін қайта қалпына келтіру жолындағы қиян-кескі күресін сипаттауға деген тұңғыш талпыныс болып табылады.
Екі тілдегі монографияның авторы – белгілі журналист, Алаш тарихын және Ә.Н. Бөкейханның өмірін зерттеуші ғалым, Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы (Жүсіп). Ол аталмыш тақырыпты зерттеумен және Ә.Н. Бөкейханның мұрасын жинаумен 25 жылдан астам уақыт шұғылданып келеді.
Қазақ тіліндегі монографияның жауапты редакторы белгілі алаштанушы ғалым, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Дихан Қамзабекұлы, орыс тіліндегі монографияның редакторы – белгілі журналист Аркадий Арцишевский.
Бөкейхан қазақтың соңғы ханы өлгеннен 70 жылдан кейін Қазақ мемлекетін қайта құрды
Қазақ мемлекетінің республика ретінде құрылуына, Қазақ ғылымының қалыптасуына, қазақ әдебиетінің ұлттық мұрасының насихатталуына тікелей бастамашы болған Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан туралы деректер құжаттық негізде жинақталған кітаптың ғылыми құндылығы ерекше. Ресейлік ғылыми мұрағаттар мен Еуропада жарық көрген Әлихан туралы мағлұматтар кітапта қамтылған.
Кітап үш тараудан тұрады. Бірінші тарауында Әлекеңнің туғанынан бастап 1937 жылдың 27 қыркүйегіне дейінгі ғұмыры, әр күні тарихи фактілермен толықтай қамтылған. Онда Әлекеңнің өмірінің 5 кезеңі жазылған. Бірінші кезеңінде, туған кезеңінен Санкт Петерборда Орман университетіне қарсы тұрған Императорлық университеттің заң факультетін Ленинмен бірге экстерн түрінде бітіргеніне дейін; екінші кезеңі 1895 жылдан 1909 жылға дейін; одан кейін Алаш ұлтазаттық қозғалысының көсемі ретінде танылған кезеңі; төртінші 1917 жылға дейінгі өмірі үшін өте маңызды Самара кезеңі. Бұл кезеңде Қазақ газеті шықты, Ақпан төңкерісін дайындауға ат салысты. Масон ұйымының мүшесі ретінде «Қазақ қырылып қалмасын» деп 1916 жылғы көтеріліске қарсы шықты. «Босқа қан төкпеңдер, біз патшаны онсыз да құлатамыз, шыдай тұрыңдар» деп үндеу тастады; Соңғы кезең Алашорда кезеңі – қазақ тарихындағы жаңа бетбұрыс кезеңі. Қазақ мемлекетінің іргетасын қазақтың соңғы ханы өлгеннен 70 жылдан кейін қайта қалады.
Алаш зиялыларының қазақтың жаңа мемлекетін Алаш ОРДА деп атауы тегін емес. Бұл қайта серпіліп мемлекет болып жатқанымызды, «Алтын орда», «Ақ орда» сияқты атаулардай еңселі болуымызды білдірді.
Әлихан Бөкейхан мемлекет қайраткері ғана емес, Оксфорд, Кембриджде мойындалған қазақ ғалымы.

Кітаптың тиражы мыңға да жетпейді
Кітаптың тұсаукесерінде кітап тиражының мардымсыз екені белгілі болды. Бұны кітап авторы былай түсіндірді:
– Кітаптың Шымкентте басылып шыққан себебіне тоқталсақ, 2015 жылдың 18 қарашасында Парижде, UNESCO-ның штап пәтерінде Әлиханды бүкіл әлемдік тұлға деп мойындады. Тәуелсіз Қазақстан үкіметі «қалтасында көк тиын жоқ кедей ел екенін» көрсетті. Ақша бөлген жоқ. «Жеріміз құралақан, ешқандай байлығымыз жоқ». Сондықтан, үкімет көк тиын ақша бөлмегендіктен Шымкент қаласында ұлтжанды азамат Әбдімәжит Сыдықбек өз қалтасынан қаржы бөліп, осы 4 кітапты Шымкенттен шығарды. Кітаптың беттеуі мен түптеуі Астана мен Алматыдағыдай сапалы болмаса да шықты. Орысшасы да, Қазақшасы да бар жоғы 400 данамен болса да шығуының өзі бізге қуаныш.
Алдағы жылы Мәдениет министрлігінен ақша бөліне ме деген «жаман» үмітіміз бар. Сондай-ақ, монография дәл осы күндері түрік тіліне, ағылшын тіліне, украин тіліне аударылып жатыр. Қазақ кітаптары тарихының ішінде бұл кітап тұңғыш рет әлемдік 5 тілде жарық көрмекші. Аудару жұмыстары аяқталып та қалды.
Қазақстанда әлеуметтік-саяси маңызы бар әдебиеттер бар болғаны 2 мың дана таралыммен шығады. Қазақстан халқының жалпы саны 17,7миллион болса, сол 17,7 миллион жанға қызмет көрсететін 12 мың кітапхана бар екен. Ал жаңағы ғылыми көпшілік, ғылыми-танымдық әдебиет бар-жоғы 2000 данамен жарық көреді.

Кітаптан үзінді. Ленин және Бөкейхан бірге оқыған ба?
Егер де, байырғы большевиктер деп аталғандарға оралатын болсақ, олардың қатарында Кеңес үкіметінің негізін қалаушы әрі көсемі Лениннің өзі бар екені анық. Ол кездері қарапайым ғана Володия Ульянов деген жігітпен Әлихан Санкт-Петербург университеті заң факультетінде 1891 жылы экстерн түрінде емтиханды бірге тапсырған.
Алашорданың бұрынғы мүшесі Әлімхан Ермекұлының естеліктеріне сүйенсек, 1920 жылдың тамызында Мәскеуге барған қазақ делегациясы Қазақ автономиялы КСР-ін құру және оның территориясын межелеу мәселесі бойынша кеңейтілген мәжіліске қатысады. Оған РСФСР халық комиссариаты кеңесі төрағасы Лениннің өзі төрағалық етеді. «Ленин өзі төрағалық еткен алғашқы мәжілістің аяғында», - деп еске алады Әли аға. – Автономияны құру жөнін қазір Сталинге барып пікірлесіңдер. Онда дайындалған жобасы бар. Сонымен танысып бар ойларыңды түйістіріңдер, - деп кеңес береді. Мәжіліске қатысқан Ленин үзіліске дәлізге шығады. Қазақстандық делегация 15-тей адамбыз. Әлихан Бөкейханды күттік. Әлекең Ленинмен оңаша пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. 10-15 минуттан кейін ол кісі де шықты. «Біздер сізді Сталинге кіруге күтіп тұрмыз» делінді. Әлихан Бәрімізге салқын қарап, «Сталин не шешеді дейсің? Оның не ойы, не білімді көлемді емес. Қанша жетіскен жобасы бар дейсің. Онан да өзіміз жеке шешкеніміз дұрыс» деп жүріп кетті. Біз бәріміз аңтарылып қалдық. Әлекеңе ілесіп бәріміз Кремльден шығып кеттік. Әлімхан Ермекұлының бұл әңгімесі(Әлімхан Ермеков ол кезде 19 жасар жігіт) Қарағандыдағы сталиндік лагерден оралғаннан кейін 1960 жылдары Қазақ радиосы журналисіне айтып берілген болатын. Қайраткердің Қазақ радиосына берген сұхбаты 1992 жылы Жезқазғанда кітап болып шыққан.
АЛАШ ОРДА – ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРЛАМЕНТТІК РЕСПУБЛИКА
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866-1937) – даңқты қоғам және мемлекет қайраткері. Ол қазақ халқының ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басындағы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының идеялық негізін қалаушы әрі жетекшісі, қазақтың «Алаш» атты тұңғыш саяси партиясының әрі Қазақ-қырғыз ұлттық-территориялық автономиясының атасы әрі төрағасы болды. 1917 жылдың желтоқсанында президенттік басқару тетігі бар шынайы демократиялық парламенттік республика ретінде дүниеге келіп, 1920 жылдың тамызына дейін жасаған Алаш автономиясы бүгінгі Қазақ елінің негізін, берік іргетасын қалап берді. Ә.Н. Бөкейхан - даңқты энциклопедист ғалым 2 жоғарғы білімі бойынша ормантанушы-ғалым, агроном әлі заңгер, табиғи дарыны бойынша тарихшы, экономист, этнограф, әдебиеттанушы, журналист әрі публицист, сондай-ақ жер пайдалану мен мал шаруашылығы бойынша теңдессіз маман болатын. Оның осы күнге дейін табылып, жинақталған ғылыми-публицисткалық мұрасы 15 томға жетті.
1930-жылдардан Кеңес Одағы күйреген 1991 жылға дейін дерлік Ә.Н. Бөкейханның есімін атауға, оның өмірі мен сан қырлы қызметін зерттеуге қатаң тыйым салынды. Ал оның аса бай әрі өте мол саяси және ғылыми-публицистикалық мұрасы кітапханалар мен мұрағаттарда, оның ішінде КСРО КГБ-сы мен Қазақстан КГБ-сының мұрағаттарында көпшілік назарынан тасада шаң басып жатты.

Үстіміздегі жылы Ә.Н. Бөкейханның туғанына 150 жыл толған мерейтойы, ЮНЕСКО Бас конференциясының 2015 жылғы 18 қарашадағы Қаулысына сәйкес халықаралық деңгейде тойлануға тиіс еді. Сонымен қатар, ЮНЕСКО Алты Алаш көсемін «бүкіл дүниежүзілік маңызы бар шынайы даңқты қайраткер» деп мойындады.
ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН-150 ЖЫЛ. НЕ ІСТЕЛДІ?

Қарағанды қаласындағы ауданға аты беріліп Ақтоғайдан ескерткіші ашылды
Қыркүйек айында Қарағандының Октябрьский ауданы Әлихан Бөкейхановтың есімімен аталатын болып өзгерді. 2016 жылғы 25 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданын Әлихан Бөкейхан атындағы аудан етіп өзгертуге рұқсат берді. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Әкімшілік аумақ Қарағанды қаласының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан.
Қуанышты жаңалықты облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков облыста тойланып жатқан Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойында халыққа жария етті.
Сондай-ақ, Әлекеңнің туған жері, Ақтоғай ауданында Алаш Орда лидерінің ескерткіш мүсіні ашылды. Өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков «Алаш алаңы» алаңындағы монументке гүл шоқтарын қойып, ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.
Ақтоғай ауданы орталығындағы «Алаш алаңындағы» Әлихан Бөкейхановтың ескерткішіне шараға қатысушылар гүл қойды. Ескерткіш Ақтоғайдағы оның есімі берілген мектептің алдына орнатылған. Бұл – Қазақстанда Әлихан Бөкейхановтың есімімен аталған алғашқы мектеп. Әлихан Бөкейхановтың гипстен жасалған мүсіні Ақтоғай ауылындағы оның есімімен аталатын орта мектептің аумағында орналасқан. Оны Суретшілер одағының Қарағанды бөлімшесінің шеберханасында дайындады. Авторы - Виктор Арент. Мүсіннің биіктігі 3 метр.

1998 жылы Ақтоғайда «Үш арыс» Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев және Әлімхан Ермековке ескерткіш орнатылды. 2013 жылы монумент маңында «Алаш алаңы» абаттандырылды.
Астана мен Көкшетауда атына көше берілді
Астана тұрғындарының пікірін ескере отырып, қалалық Ономастика комиссиясының 2016 жылғы 7 қыркүйектегі №1 шешімінің негізінде Астана қаласының әкімдігінің қаулысы және Астана қаласының мәслихатының шешімімен Еңбекшілер көшесі және жобалық атауы № 36 көше біріктіріліп – Әлихан Бөкейхан даңғылы атауын алды.
Астана қаласының «Сарыарқа» ауданы бойынша Әлихан Бөкейхан көшесі – Әзірбайжан Мәмбетов көшесі болып қайта аталды.
Сондай-ақ Қараша айында Көкшетауда «40 лет Октября» көшесіне Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов есімі берілді.

Пошта маркасы
2016 жылдың 12 шілдесінде «Ақ жол» ҚДП орталық кеңсесінде Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойының құрметіне шығарылған пошта маркасы таныстырылады.
Қазақ тарихындағы қайталанбас асқақ дара тұлға - Әлихан Бөкейханның жарқын бейнесі бар, мөлшері 26 х 18 мм пошта маркасы 2 500 000 данамен айналысқа түсті.
Әлихан Бөкейханның мерейтойы құрметіне арнайы шыққан номиналы 5 теңгелік пошталық маркалар «ҚР Ұлттық Банкі Банкнот фабрикасы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорынында басылды.

Әлихан Бөкейхан тұлғасы бейнеленген монета шығарылды
18 қазанда, Астанада Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған салтанатты шара– Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған мерейтойлық естелік монета таныстырылды. Монетада жаңа технология мүмкіндігімен «Қазақ» газеті бейнеленген трафарет алғаш рет қолданылған. Монета ҚР ұлттық банкі мен «Ақ жол» демократиялық партиясы бірлесуі нәтижесінде шығарылды. Тиынның жоғарғы бөлігінде ҚР елтаңбасы бейнеленіп, екі беті ұлттық ою-өрнектермен безендірілген. Массасы – 11, 17 грамм, диаметрі – 31 мм, таралымы – 100 мың дана. Сату үшін арнайы термовакуумды қапшыққа оралған.
Осы жиында Сұлтан Хан Аққұлұлы Семей қаласын Алаш деп өзгерту арқылы, қазіргі Қазақ елінің тұңғыш астанасы ретінде тарихқа жазып қалдыру жөнінде өз ұсынысын ортаға тастады. «Биыл Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы. Ізінше қазақ мемлекеттігін қайта жаңғыртқан Алашорда автономиясының құрылғанына 100 жыл толады. Алашорда автономиясы десек, есімізге Әлихан, ал Әлекең десек, Алаш автономиясы еске түседі. Осы екі ұлы тойдың құрметіне Семей қаласын Алаш деп өзгерту, қазіргі Қазақ елінің тұңғыш астанасы ретінде тарихқа жазып қалдыру жөнінде ұсыныс білдірмекпіз. Семей деген атау орыстың «Семипалатинск» деген сөзінен шыққандығы белгілі» деді алаштанушы ғалым.

Санкт-Петербургтің Таврия сарайындағы Әлихан Бөкейхан бюсті
25 қарашада Ресей Мемлекеттік думасы ғимаратына Әлихан Бөкейханның мүсіні қойылды.
Алаштың Әлиханы арада бір ғасыр өткенде Санкт-Петербор қаласындағы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының штаб-пәтері орналасқан Таврия сарайына мүсін болып оралды.
Бюст Ресейдің алғашқы Думасының отырысы өткен Таврия сарайындағы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының штаб-пәтеріне қойылды. Скульптураны жасаған Өмірзақ Шаңов.
Мүсіннің ашылу салтанатына Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Тәуелсіздігінің25 жылдығы мен ХХ ғасырдың басындағы көрнекті қазақ зиялысының туғанына 150 жыл толғаны аталып өтетін жылы бюстінің Санкт-Петербургтегі Таврия сарайына орнатылуы ерекше мағынасы бар екенін атап өтті. «Әлихан Бөкейхановтың қызметі биік адамгершіліктің, ұлттық және азаматтық парызына кіршіксіз адалдық пен шынайы берілудің үлгісі болып табылады», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Ашылу салтанатына Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин, ТМД ПАА Кеңесінің Төрағасы, Ресей Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенко, Ресей Мемлекеттік Думасының Төрағасы Вячеслав Володин, Әзербайжан Милли Меджлисінің Төрағасы Октай Асадов қатысты.
Өткізілген іс-шаралар
Әлихан Бөкейханның туған күні 5 наурызда Ресей астанасы Мәскеу қаласында саналы ғұмырын ел тәуелсіздігі мен ұлт мүддесі жолындағы күреске арнаған азаматтың атаулы күніне орай аруақ рухына құран бағышталды. Әрі Қазақстан республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің баспасөз орталығында Алаш көсеміне арнап, тарихшылар, ғалымдар, жазушылар, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен «Қазақ көгіндегі күн - Әлихан Бөкейханов» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
***
4 наурызда, Түркі академиясы халықаралық ұйымы Гази университетімен, Түркияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясымен және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетімен бірлесіп, Анкара қаласында «Алаштың Әлиханы» атты халықаралық конференция өткізді.
Ғылыми жиынға Қазақстаннан барған белгілі тарихшылар, профессор Тұрсын Жұртбай «Әлихан Бөкейхан және біртұтас Алаш идеясы», профессор Бейбіт Қойшыбай «Әлихан Бөкейхан – азаттық күрескері» тақырыптарында баяндамалар оқыды.

***
Сәуірдің 20-21-і Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына арналған «Әлихан Бөкейхан және тәуелсіздік мұраты» атты халықаралық конференция өтті. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы және ҚР Ұлттық мұрағатымен бірлесіп өткізген шараға ҚР Парламенті Сенаты және Мәжіліс депутаттары, ТҮРКСОЙ өкілдері, Қожа Ахмет Иасауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары, Жапония мен Түркияның Қазақстандағы елшіліктері, тарихшы ғалымдар мен Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары қатысты. 21 сәуірде конференцияға қатысушылар мәдени-көпшілік іс-шаралар аясында мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы және Кенесары жасақтары жерленген «Бабалар қорымында» болып, бабалар рухына құран бағыштады.

***
6 шілдеде Қазақ географиялық қоғамы ұйымдастырған «Әлихан Бөкейхан ізімен» халықаралық ғылыми-танымдық экспедициясы Әлиханның туған топырағы Қарағандыдағы Ақтоғайдан бастап, Әлиханның ізімен экспедиция жасады. Сегіз адамнан құралған экспедицияның сапары Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған жері Ақтоғайдан басталып Қарқаралы мен Семейге, одан ары Омбы, Самара, Орынбор, Минск, Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларына жалғасқан болатын. Экспедиция 17 күнге созылды.
***
Ыстамбұлда шілденің 7-9 күндері Түркия қазақтарының кіші Құрылтайы өтті. Түркия қазақтарының құрылтайының алғашқы күні Алаш арысы - Әлихан Бөкейхан атындағы кубок үшін футболдан жарыс ұйымдастырылды.
***
10 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Тәуелсіздік құндылығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов Әлихан тойына қатысты кейбір «әттеген-айларға» да тоқталып өтті.
«Біз Әлихан тойының атаусыз қалғанын тере бермейік деп қолдан келген, көңілге медеу боларлық ілкімді істерді атап өттік. Ал енді жүрек түкпіріндегі назымызды шығаратын болсақ, көп істерімізде іркілістер бар. Отанымыздың жүрегі, Қазақстанның ең үлкен мегополисі Алматы қаласындағы үлкен көшелердің бірін Алаш көсемінің атымен атау әлі іске асқан жоқ. Екі ірі қаламыздағы Ұлттық мәртебесі бар жоғарғы оқу орындарына Әлекеңнің есімін бере алмадық. Қазақ елі үшін қанын да, жанын да аямаған өзінің басын қатерге тіккен Ұлы тұлғаға арнап не Астанада, не Алматыда бір ескерткіш қоя алмадық. Қазақстанның кейбір қалаларында әлі күнге дейін қолын бұлғап күн көсем – Лениннің ескерткіші қасқайып тұр. Ал шын мәнінде қазақтың атын әлемге танытқан Әлиханға арналған ескерткіш жоқ деген сөзді айтудың өзі ұят» деді депутат.

***
25 қараша күні Алматы қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен "Ғылым Ордасы" кітапханасының конференц залында "Алаштың Әлиханы" атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми конференцияда Мәмбет Қойгелдиев, Уәлихан Қалижан, Айгүл Ісмақова, Нұрлан Атығаев, Хангелді Әбжан, Зәуреш Сақтағанова, Гүлбану Жүгенбаева, т.б. белгілі ғалымдар баяндама жасады.
Сондай-ақ, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында салтанатты кеш өтті. Кеште сөз алған Алматы әкімі Б.Байбек. «Әлихан Бөкейханов халықтың көкірегіне ғасырлар бойы шер болып қатқан азаттық туралы аңсарды, егемен ел болу жайлы ұлы идеяны жаңғыртушы, Абылай мен Кенесары хандардың істерін лайықты жалғастырушы болды. Сұлтанмахмұтша айтсақ, «Қазақ үшін жүрек майын шам қылған» көзсіз батыр, заманынан озып туған білімді де білікті биік өре иесі еді», – деді. Салтанатты кеште Әлихан Бөкейханға арналған өмірбаяндық деректі фильм көрсетілді.
***
8 желтоқсанда Қарағандыда «Әлихан Бөкейхан және Қазақстан тәуелсіздігінің тарихи негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияда «Ә.Бөкейхан шығармалар жинағы» атты 15 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді.
Әлихан есіміне қатысты қоғамда айтылған ұсыныстар
Еуразия ұлттық университетіне Әлихан Бөкейханның атын беру.
Семейді Алаш қаласы деп атау.
Алаш аталатын жерсерік ұшыру.
Астана қаласынан аумақты «Алаш саябағын» ашу.
Ұлт көсемі Ә.Бөкейханның туған күні жыл сайын "Алаш күні" ретінде ұлттық мереке ретінде атап өту.

Орындалмаған үміт
Көктемде өткен мерейтойлық конференциялардың бірінде мынадай ақпарат тараған еді:
Сенат депутаттарының Ә.Бөкейханның тарихи тұлғасын көрнекілендіру бойынша үкіметке жолдаған сауалына вице-премьер Дәриға Назарбаева жауап қайтарған. Онда – Астана қаласының сол жағалауына орын тепкен мектептердің біріне Әлиханның атын беру, ескерткішін орнату және саябақ ашу мәселесі белгіленген тәртіппен пысықталуда делінген. Мәскеу қаласындағы Ә.Бөкейханның топырағын Астанадағы ұлттық пантеонға жерлеуді пысықтау жөнінде Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігіне тиісті тапсырмалар берілген. Ә.Бөкейханов туралы фильм түсіру, мемориалдық кешен орнату және Қарағанды қаласының орталық көшелерінің біріне тарихи тұлғаның есімін беру жөнінде Мәдениет және спорт министрлігі мен Қарағанды облысының әкімдігіне тиісті шаралар қабылдауға байланысты тапсырмалар берілген. Алайда, бұл ақпараттан жүзеге асқаны тек Қарағанды облысындағы іс-шаралар ғана.
Сонымен бірге, Алматы қаласындағы, Қазақстан тарихындағы тұңғыш метрополитенге, Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне немесе Астанадағы ұлттық университеттердің біріне Әлиханның есімін беру Және Әлихан туралы көп сериалы фильм түсіру ұсыныстары айтылған.

Айта кетсек, 2011 жылы Мәскеудегі Дон зиратында Алаш көсемі – Әлихан Бөкейхан жерленген қабірге ескерткіш-тас қойылды.
Қарағандының «Болашақ» университетінің ректоры заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбековтің бас болуымен осы жылдың 28 қазанында Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақұлының басына ескерткіш-тақта орнатылды.
Ескерткіш-тасқа қос арысымыздың бейнесі бедерленіп, туған жылдары мен атылған күндері туралы деректер қашалған. Сосын ақын Қасым Аманжоловтың:
«Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені,
Мен – қазақтың баласы!» – деген өлең жолдары жазылған.
***
Семейде қойылуы кешеуілдеп кеткен ескерткіш
Семейде Алаштың Әлиханына қойылуға тиіс Ескерткіш эскизіне жарияланған республикалық байқау биыл 22-сәуір мен 23-мамыр аралығында өткен. Оған 4 мүсінші 5 эскиз ұсынған. Нәтижесінде, белгілі ғалымдар, тарихшылар мен сәулетшілерден құралған сарапшы топ белгілі мүсінші, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Бақытбек Мұхаметжановтың еңбегіне таңдау жасаған. Биіктігі 13 метр болатын ескерткіш жоспар бойынша, қаланың сол жақ бөлігінде, Ертіс жағалауынан орын тебуге тиіс еді. Бұл бағытқа бюджеттен 24 млн теңге қаржы қарастырылған.
Арада алты ай өткенде, қазан айының жетісі сол кездегі облыстың орынбасар әкімі Жақсылық Омар Семей қаласынан Әлихан Бөкейханға көше атын беру және ескерткіш орнату мәселесі алдағы уақытта шешімін табады деп қайталай мәлімдеме жасады.
«Көше атауын беру мәселесі өте орынды. Өздеріңіз білесіздер бұған дейін 5 жыл мораторий жарияланған болатын. Қазір мораторий алынып тасталды. Енді соған сәйкес құжаттарын дайындаудамыз. Көше беру мәселесіне біз бейжай қарамаймыз. Ал Алаш көсеміне арнайы ескерткіш қою үшін біз байқау жариялаған болатынбыз. Барлығы 6 жұмыс келіп түсті. Оның екеуін жергілікті комиссияның таңдауымен іріктеп алып, Мемлекеттік комиссияның қарауына жолдағанбыз. Қазіргі кезде республикалық комиссияның шешімін күтіп отырмыз. Егер олар рұқсат беріп, мынаны орнатыңдар десе, біз қоюға дайынбыз. Қаржысы, орыны барлығы қарастырылып қойған» - деді мәлімдемесінде Жақсылық Омаров. Алайда, ол көп өтпей Алматы облысына ауысып кетті.
Жыл аяқталып келеді, Алаш жұртына әлі күнге «Семейде Әлиханға ескерткіш орнатылды» деген хабар жеткен жоқ.
***

Түрлі шараларға бірлі-жарым депутат қатысқанымен не Ақорда, не Парламент ресми түрде өздері билеп отырған Қазақстанның негізін қалаған Әлихан Бөкейханның мерейтойын құттықтамады.
Қамшыгер: Нұрғали НҰРТАЙ