Алматы облысы әкімінің орынбасары Жаксылық Омардың төрағалығымен өңір жастарының кезекті кеңесі өтті. Жетісу жерінің әр тарабынан жиылған жастар облыстық жастар саясаты басқармасының жылдық қорытындысын шығарып, келер жылға жоспар құрды деп xабарлайды өңірдегі тілшіміз. Жиын Алматы облысының жастар саясаты мәселелері бойынша басқарма басшысы Айдын Нұрмұxамбеттің баяндамасынан басталды. Есепті кезеңде атқарылған шараларды тізбектеп өткен басқарма басшысы өзекті мәселелелердің де басын ашты. Олардың қатарында жастардың өз-өзіне қол жұмсау деректерімен өскелең ұрпақтың заңды белден басу фактілері айтылды.
Аталған мәселелерді назарға алған облыс әкімінің орынбасары Жаксылық Омар өңірдегі жастар саясатына тың көзқарас пен жаңа бастамалар қажет екендігін алға тартты.
"Аймақта дүркіреп өтетін шаралардың болғаны артық емес. Дегенмен, бұл жастар саясатының басты міндеті деп айтуға келмейді. Жастар арасында қылмыстың өршуі әрі өз өзіне қол жұмсауы осының айқын көрсеткіші. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмысты жаңғырту қажет. Осы орайда, аталған мәселеге қатысты арнайы жұмыс тобын құрып, ауқымды анализ жасалу керек. Анықталған өткір мәселелер негзінде "Жастар жолы" деп аталатын құжат әзірленуі тиіс. Құжатта бірінші кезекте ауыл жастарының мәселелерін тарқату басты назарғ қойылуы міндет. Екінші кезекте жастардың жұмыссыздығын жою. Үшіншіден – жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына жол ашу. Төртіншіден, өскелең ұрпақ арасындағы қылмысты алдын алу және бесінші кезекте мүмкіндігі шектеулі жастарды әлеуметтендіру сынды мәселелер көтерілу қажет", – деп, нақты тапсырмаларды жүктеген облыс әкімінің орынбасары аталған жұмысқа жастарды атсалысуға шақырды.
Өз кезегінде аймақтардан жиылған жастар бастаманы бірауыздан құптап, қолдауларын жеткізді.
Шара соңында аймақ аламандары атқарылған жұмыстарына сай марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.