(Эссе)
Көктемнің жанға жайлы күндерінің бірі. Ұзынағашта тұратын қарындасымның үйіне бару үшін Райымбек даңғылы бойынан такси тосып тұр едім, ұйтқый келіп бір көлік тоқтай қалды. Жүргізуші жас жігіт екен:
- Қайда барасыз -деді күлімсіреп. Мен жөнімді айтып едім, аз-кем ойланып тұрды да, отырыңыз, кеттік - деп есігін ашты. Біз кейде бөгеліп, кейде темір тұлпардың басын еркін жіберіп, жоқты-барды сөз етіп келе жаттық. Жүргізуші жігіт тағы бір-ер жолаушы кездесер ме дегендей көліктің қамшы салар жағына әлсін-әлі қарағыштап келеді. Кенет қолын көтеріп, көлік тосып тұрған қолында жол сөмкесі бар орта жасар ер адамды көріп, соның қасына келіп көлігін тоқтатты.
- Сәлем жігіттер, Алтын Ордадағы жұмысшылар тұратын жерге дейін-деді. Жүргізуші басын изеді. Жолаушы артқы қатарға жайғасты.
- Жұмысшылар тұратын жер дегеніңіз - "Құл базары" ғой, солай ма?-деді жүргізуші машинаның алдыңғы айнасынан артта отырған жолаушыға сығырая қарап. Бұл сөз жолаушыға ұнамады білем, жайдары жүзі лезде қатуланып:
- Бауырым, абайлап сөйле, ол жерде ешқандай құл тұрған жоқ, ешкімде құл сатып жатқан жоқ, әркім өз еңбегін ұсынып, нәпәқасын тауып жүр. Мына мен де сол жерде біраз жылдан бері істеп келемін-деді дауысы қатқыл шығып. Әсіресе "істеп"-деген сөзді бір түрлі екпінмен, нығыздап айтты. Жолаушысын абайсызда шамдандырып алғанына іштей ыңғайсызданған жүргізуші:
- Кешіріңіз ағасы, ауызға үйір, жаттанды болып қалған сөз ғой, аңдаусызда ағат айтып қалдым - деді кішілік танытып. Жолаушының қабағы сәл жазылып:
- Оқасы жоқ, деседе, есіңде болсын, ол жерде тек өздерінің адал, қарапайым күштеріне сүйенген, табан ет, маңдай терімен отбасын асырап жүргендер тұрады. Ол жерде қыстың аязы мен жаздың аптабында мені келіп кім жұмысқа шақырар екен деп, екі көзі төрт болып кімнің тұрғысы келер дейсің? Шарасыздықтан, қара қазан, сары баланың қамы үшін жүреді ғой. Ол осыларды айтып аз-кем үнсіз қалды. Кім біледі, сөз осымен тәмәм болар ма еді, егер жүргізуші жігіт:
- Онда неге "Құл базар"- деп аталған екен-деп жолаушыдан сұрамағанда. Құл базар деген сөз құлағына түрпідей тиетін жолаушы енді сыртқа қарап отырған жүзін жүргізушіге бұрып:
- Қазақ ат қоюдың қас шебері ғой, кейде атты тікелей мағанада, кейде астарлап, жанамалап, кейде әжуалап, ал кейде кекетіп те қояды емес пе? Менше сол әжуа мен кекетудің ортасынан шыққан атау болар шамасы. Аты солай болғанымен, олар азат азаматтар, бастысы жандары азат. Ал өзіміз күнде естіп, көріп жүрген - мемлекеттің сеніп тапсырған қызметін өздерінің қара басының қамы үшін пайдаланатын, ел қазынасын ұрлайтындар мен тонайтындар міне нағыз құлдар солар. Олар баянсыз дүние үшін намысы мен арын, иманы мен адамдығын құр нәпсіге құл етіп қойғандар. Олар бұл дүниеде халқы алдында, ол дүниеде Жаратушы алдында қара бет болатындар. Ал біз бұл дүниеде бетіміз жарық, Алладан сүйікті құлдарының қатарына қосуын тілейміз - деді сөзін нықтап. Бағанадан бері олардың сөзіне қосылмай отыр едім, енді өзі қарапайым, киімі жұпыны осы бір азаматтың мырдың оғындай сөздері еріксіз оған қаратты:
- Сіз дұрыс айтасыз, уәжіңіз орынды. Қасиетті Құранда: "Өзара мал-мүліктеріңді күнәлі жолмен жемеңдер" және "Адам үшін өз еңбектенгенінен артығы жоқ" -деген адам баласын арамнан тиятын аяттармен қатар пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) -ның «Ей, адамдар! Шүбәсіз Аллаһ барлық нәрседен пәк. Сол себепті адал және тазадан басқаны қабылдамайды" -деген терең мағаналы хадистері жетерлік. Алайда, Құдайдың сөзін құлағына қыспайтын надандар азат басын нәпсінің құлы етіп адасу үстінде. "Шын мәнінде азабым қарсы келушілерге жолығады"-деп Жаратушымыз ескерткендей олардың ол дүниеде жазасын тартары анық-дедім шынайы ниетіммен.
- "Қулықпен келген мал, сұмдықпен кетеді"-деген халық даналығы да бар -деп қостады жүргізуші. Үшеуіміздің ой-ниетіміз бір арнада тоғысқан соң жан-дүниемізде жадырап сала берді. Көлік ішін де бір түрлі үйлесімділік пен түсіністік орнап, даланың мамыражай келбеті көлік ішіне көшіп кіргендей болды. Алдымыздан Алтын Орданың аспалы көпіріде көрінді. Көлік кептелісі де барған сайын күшейіп келеді. Жарасымын тапқан әңгімемізді жалғастыра түсейін әрі кептелісте қаузай отыратын тақырып болсын деп ойымды ортаға салдым:
- Құдіреті күшті Жаратушы иеміз тіршілік иелерін жаратқанда үш деңгейге бөліпті, жоғары деңгейде - періштелер, ортада - адам баласы, ал төменгі деңгейде жануарлар жайғасыпты. Періштелер нәпсіден ада, таза, кіршіксіз жаратылыс болса, адам баласы - жер бетінің, осы ғаламның ардақтысы ретінде жаралды. Оның қалауына ерік, ақыл мен сана берілді. Егер кім де-кім Жаратушы алдындағы, ата-анасы мен ел-жұртының алдындағы міндетін адал орындаса, адам баласына пайдалы болса періште деңгейіне көтеріліп, орыны Жаннаттан болады екен. Ал ақылын, санасын дұрыс бағытқа жұмсамаса, өзінен төменгі хайуан деңгейіне түседі, сіз айтып отырған "жемқорлар" - сол хайуани қасиеті басым пенделер - дедім сөзімді барынша түсінікті етуге тырысып.
- Әңгімеңізге рахмет, мен де жеттім-деп жолаушы көліктен түсіп, бізбен жылы қоштасты да өз жөніне беттеді. Алтын Ордадан өткен соң кептеліс азайып, көлігіміз еркін тыныстап келеді. Әр екеуіміз де өз ойымызбен болып үнсіз келеміз. Жүргізушінің не ойлап келе жатқаны қайдам, өз басым әлгі жігіттің сөзінен әлі арыла алмай келемін. Арадағы үнсіздіктен жалықтыма жүргізуші ептеп радио қабылдағышын қосты. Биік-биік мінбелерден сөйлеп үйренген байлауы жоқ көп шешеннің бірінің саңқылдаған дауысы естілді:
- Қазақстан минералдық ресурстарға өте бай. Қазақстан дүние жүзінің 186 елінің ішінде вольфрам, қорғасын және барийдің қоры бойынша бірінші орында, хромит, күміс және цинк бойынша екінші, марганец және молибден— үшінші, мыс — төртінші, уран — бесінші, алтын — алтыншы, темір кені — жетінші, қалайы мен никель — сегізінші, көмір мен табиғи газ — тоғызыншы, мұнай бойынша он үшінші орында Қазақстан жерінде хромиттің әлемдік қорының үштен бір, уран мен марганецтің төрттен бір бөлігі, темір кенінің оннан бір бөлігі орналасқан. Сөз осы араға келгенде жүргізуші оның лепірген, жітірмілете, екпіндете сөйлеген сөзін түсініп әлде тыңдап үлгіре аламады ма радио қабылдағышын сырт еткізіп үнін өшірді.
- Үһ, мынаның аш ішегі үзіліп кетпесе екен деп отыр едім, өшіргенің дұрыс болды - дедім менде оның ісін құп көріп. Ол ащы бір мырс етті де:
- Бұларда үзіле қоятын аш ішек қалмады-ау сірә, бәрі май ішекке айланып кеткені қашан -деді езуінен мысқылдай күліп. Содан Ұзынағашқа жеткенге дейін тіс жарып үн қатысбадық. Ол әредек көкіректегі шерін шығарған жандай ауыр күрсініп қояды. Ал менің көз алдымнан жұпыны, жүдеу жүзді, бірақ көзі мен сөзінде от бар жолаушы жігіттің бейнесі елестесе, құлағымның түбінен жаңа ғана естіген есірме сөздер жаңғырып кетпей келеді.
(соңы)
Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педпгогикалық университеті,
Елтану және туризм кафедрасының доценті
Қастер Сарқытқан