Бүгін даңқты батырдың туған күні

/uploads/thumbnail/20170709191104203_small.jpg

Бүгін бір туар тұлға Бауыржан Момышұлының туған күні. Осыдан 106 жыл бұрын дүниеге ер жүрек батыр, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың мықты қолбасшысы келді. Ол сұрапыл соғыста өзінің ер жүрек батырлығы, қайтпас қайсарлығымен,  тапқырлығымен ерекшелене білді. Алайда, оның мақсаты өзгелерден ерек болу емес. Оның табиғаты, болмысы, туа біткен мінезінің өзі ерекше. Б.Момышұлы талай ақын, жазушының қалам тербеуіне түрткі болған нар тұлға. Батырдың өмірінен сыр шертетін кітаптар да аз емес.  Сол кітаптардың ішінен батырға арналған қызықты естеліктерді ұсынамыз.

(З.Ахметова. «Шуақты күндер»)

Балашка шайың бар ма? - деген дауыс ойымды бөліп жіберді Атамның жақсы тынығып, сергек тұрғанын біле қойдым. Неге десеңіз, көңіл-күйі өте жақсы кезде мені «балашка» дейді, бір қалыпты болса «балам», ал ренжи бастаса «Зейнеп» тіпті ашуға мінгенде «турчанка» деп айқайлайды.
 
(Ә.Нұршайықов. «Ақиқат пен аңыз»)

.... Бауыржан Кубадан келгенде бастығы Момышұлынан интервью әкел деген бір журналистің «Мені Бауыржанға жұмсағанша тордағы арыстанның жалынан бір сипап қайт деп бұйырыңыз» дегені бар....

(З.Ахметова. «Шуақты күндер»)

...Мезгіл түске таяп қалған. Газ плитасына шай қойылып, қайнағанша бүгінгі газеттерді қарап отыр едім, есік сынып кетердей тарсылдады. Үйде жалғыз отырған соң әрі әдеттегіден тыс мына тарсылдың өзгешелігі шошытып жіберді. Тапа-тал түс болса да есікке келіп:

 Бұл кім? – дедім.

 

Мен! Атаңмын! Бар, киін! - деді күн күркірегендей үн есіктің сыртынан. Алғашқы қорыққаным қорыққан ба, зәрем ұшты. «Бар, киін» деген сөздің байыбын бірден ұға алмай, үйде киіп жүретін халатымның түймесін бір салып, бір ағыттым. Киім салатын шкафқа жүгірдім. Сасқалақтап, киімдерімді жұлмалап, әлекке түстім де қалдым. Дегенмен өзіме-өзім «сабыр-сабырлап» үстіме жеңі ұзын көйлек, басыма орамал, аяғыма шұлық тауып кидім. Барып есік ашып, ата-бабамның салтымен иіліп сәлем салдым.

 

– Бақытты бол, балам! - деп қолын болар-болмас басыма тигізіп, бөлмеге кірді. Ата жалғыз емес, қасында бір кісі бар, өң-түсінің қандай екенін көргенім жоқ, бірден басымды көтеруге батылым жетпеді...»

 

 

(Ә.Нұршайықов. «Ақиқат пен аңыз»)

...Осы арда Бауыржанның тілшілерді қабылдауына байланысты жұрт аңыз етіп айтатын екі оқиға ойыма сап ете қалды. Бірде Момышұлына радиодан магнитафонын арқалап тілші келеді. Тілші шашын әйелше қоя берген жас жігіт екен.

Әй сен кімсің? – дейді Бауыржан оны көрген бойда.

Радиожурналистпін, ағай. Сізбен сөйлесейін деп келіп едім.

Өзің әйелмісің, еркекпісің, мен соныңды айт деп тұрмын саған.

Еркекпін, ағай.

Кругом! – дейді Баукең оған ежірейіп. Сасқан жігіт ұршықша айналып кейін бұрылып, есікке қарап тұрады.

Сен еркек болсаң онда шашыңды еркекше қидырып кел. Марш! Деген екен...

 

                                                                                                                                                                                                                                                Әзірлеген: Әсем Әлмұханбет

Қатысты Мақалалар