9 жасар қыз Мейіргүл ата-анасымен қауышты деп хабарлайды "Қамшы" порталы. Ақын Ауыт Мұқибек әлеуметтік желіде 9 жастағы Мейіргүлдің ата-анасының ортасында отырған суретін жариялады.
"Қамшы" порталы 7 желтоқсанда Қазақстанға оралғанымен еліміздің көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін кері қайтарылған қандастарымыздың бірі 9 жастағы Мейіргүлдің ата-анасы туралы жазған болатын. Олардың шегарадан шығарылуынан кейін Мейіргүл Қазақстанда жалғыз қалып қалған.
Мейіргүлдің әкесі Самет Ұларбек пен шешесі Тұрсын Оралхан 2016 жылғы 8 тамызда Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы 4-бөліміне сәйкес (белгіленген мерзімде елден шығудан жалтару) әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен әкесі бір тәулікке қамауға алынған, шешесі айыппұл төлеген. 2016 жылғы 14 тамызда олар Қазақстаннан «Қорғас» бақылау-өткізу пункті арқылы шығып кеткен. Олардың Қазақстанға 5 жыл бойы кіруіне тыйым салынған.

2016 жылғы 7 желтоқсанда «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Ішкі істер министрі Қ.Қасымовпен өткен қабылдауда Мейіргүл Ұларбекқызы Астанада министрдің қабылдауында болғанын жазған едік. Өтінішін айтып, ата-анасының тезірек Қазақстанға оралуына рақымшылық жасауын сұраған болатын. Ішкі істер министрі Мейіргүлдің өтініші бойынша, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Консулдық департаментіне хат жазып, Үрімжідегі консулдықтан Самет Ұларбек пен шешесі Тұрсын Оралханға елімізге кіру визасын беруді сұрапты. 22 желтоқсанда «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне Үрімжідегі Мейіргүлдің анасынан Еліміз консулдығынан Қазақстанға келу визасын алғаны туралы хабарлаған болатынбыз.