Тарихи құжаттардан белгілі, 1917 жылдың 13 желтоқсаны - екінші жалпықазақ съезінің аяқталған, қазақ даласының түкпір-түкпірінен келген съезд делегаттарының тарқаған күні. Ал, Алаш қайраткерлерінің жекелеген естеліктері мен құжаттары Алашорда үкіметінің құрылған күні деп желтоқсанның он екісін көрсетеді. Ал, съезд делегаты, математик Әлімхан Ермековтің мақаласы үкіметтің жасақталған уақыты мен автономия туралы қуанышты хабардың қай сағаттарда айтылғанын нақтылай түседі: «Декабрьдің 12-күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді... Жасасын Алаш автономиясы!» («Сарыарқа» газеті, 22 қаңтар, 1918 жыл.). "Қамшы" порталы 12 желтоқсан "Алашорда мемлекетінің құрылғанына 99 жыл!" атты материал жариялап, оқырмандарын құттықтаған еді.

1918 жылдың ақпан айынан бастап Лениннің декретімен Ресей григориан күнтізбесіне көшіп, 13 күн алға бір-ақ секірді. 31 қаңтардан кейінгі күн 14 ақпан болып белгіленді. Соған орай, Ә.Ермеков жазып отырған 12 желтоқсан - бүгінгі 25 (12 желтоқсан + 13 күн) желтоқсанға сәйкес келеді.
Бұл есеппен Желтоқсанның 25-і – қазақтың тұңғыш Республикасы - Алаш Республикасы құрылған күн құтты болсын Алаш ұрпағы!